21.05.2025, 16:30
Оқылды: 317

Сәлімжан сал

Сал мен сері деп аталатын екі тұлғаның бір-бірінен аз да болса ерекшеліктері бар. Сал дегеніміз — аса талантты, бір өзі бір театрдың қызметін атқаратын, ерекше әрі қымбат, әсем киінген, жүріс-тұрысы, іс-әрекеті мүлде бөлек, дүниесін, мал-жанын осы жолда аямайтын мәрт, жомарт жан. Сән-салтанаты басқа, ер-тұрманы да сұлу әрі сымбатты, әшекейлі. Сал — халықтың еркесі, қызығы, думаны.

PHOTO-2025-05-21-13-12-10

Сері де — сал сияқты әнші, күйші, ақын, өнерпаз. Оның киім киісі,сөзі де сыпайы. Осындай өнердің сыртында ол — сұлу сүйген, жүйрік баптап, құс салатын, әрі аңшы, саятшы, әрі мерген, әрі палуан, әрі шешен, әрі шебер, қысқасы, халық сөзімен айтқанда, "сегіз қырлы, бір сырлы" аса биік тұлғалы азамат.

Қазақтың сал-серілік сөзінің осындай сипаттамаларын оқығанымызда шекемізге сап етіп сырымдық сал-сері Сәлімжан Әубәкіров түсті. Ал сіз, Сәлімжан Ғабдрахимұлын танисыз ба? Сырым даласының қазағы болсаңыз танитыныңыз сөзсіз.

Сал-серілік сөзі екінің біріне бағыттап айтыла бермейтін даралық екенін жеткіздік. Бір бойында бір ғұмырлық білімі бар, домбыраны қолға алған әнші, ұрпағына тәттіден бұрын тәрбие берген әке, қансонарда қарагерін ерттеп,құмай ерткен аңшы, отбасына адалынан нан тапқан малшы, айта берсең қазақы жігіттің барлық сипатын сіңірген тұлғаны серілік өнер дей салуға да қимайсың. Құдды бір туа біткен бөлек жаратылыс сынды.

Бірақ, Сәлімжан бөлек жаратылыс емес. Оны өнер думанына ерткен Қособаның топырағы, жұрты. Мұрқұм Ғабдрахим әкесінің салған ізгі жолы мен Батима анасынан көрген тәрбие. Ол отбасында он ағайынды.

Күміс таңдайлық өнер Сәкеңнің қанынан келген қасиет. Дәуренінде Қособадағы той думан, мерекелік концерт, далалық жиындар, көңілді кештерді “Әубәкіровтер” ансамблінсіз елестету мүмкін емес-ті.

Сырымдық сал-сері 1989 жылы дүние есігін ашып, Қособа ауылындағы орта мектепте оқыды. Оның балалық шағы анасының құйып берген айранын арқалап, шөп тиелген арбаның үстінде шалғы орақты қайрап, ішінен ыңылдап әндеткен күйі шабындықтың ортасында өтті десек, түсінікті шығар. Мектебін ойдағыдай аяқтаған бала ержетіп, қалаға білім алуға аттанды. Студенттік өмірін Құрманғазы атындағы саз колледжінің қабырғасында өткізді. Оған оқуды аяқтап,өмірін қалада жалғастырып,үлкен сахналардың өнерпазына айналуға болар еді. Бірақ, Сәлімжан далада Сәлімжан, далада сал-сері. Демі ауылдың шаңына ашылған азамат 2009 жылы оқуын аяқтап, Сырым аудандық мәдени демалыс орталығына жұмысқа кірді. Есептесек, мәдениет саласына 16 жыл еңбек еткен.

Сәлімжан - ауыл айнала, алысты-жақынды қыстақтар, шаруалардың аңсар адамы, ел - жұрттың ең күтулі қонағы. Талай мәрте қыстың күндерінде саятшылық құрып, қансонардың қызығымен іңір түсіріп малды ауылдағы жұрттың қанжығасын майлаған. Малды ауылды әнді ауылға айналдырған Сәкеңді даладағы шаруалар да асыға күтіп жүреді. Домбыраны байлардың вип - залдары мен буы бұрқыраған сауналарында дыңғырлатып жүрген өнерпаздарға қарағанда Сәкеңдікі көңіл тойдырарлықтай дерсін.

Сәлімжан сері тек әнші емес. Тазы ұстап, ат баптайды. Қара қыста қар кешіп, аң қуған құмайлары мен қанатты қарагері бар көк көтеріле дала қызықтарына яғни, бәйге, шырға тарту секілді жарыстарға баптап қосады. Өзі де белін буып күрестің бозкілемінде өнер көрсетіп жатады. Міне, мақала кейіпкерінің өмірі осылай өтіп жатыр. Жігіт өмір.

Серінің Әсемгүл есімді адал жары бар. Бүгінде Алихан, Райымбек, Досымбек есімді үш ұлмен Кәусар есімді аяулы бір қызға үлгілі әке болып отыр. Ұлдары да өзі секілді сері жігіт болып ержетіп келеді. Райымбек пен Досымбек күні кеше Жәнібек ауданында өткен аударыспақтан облыстық турнирдің жеңімпаздары атанды.

Қоңдыкер Жеңісұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале