9.12.2020, 14:58
Оқылды: 7

Салон ашқан бәйтеректік Ақмарал

Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мән беріп келеді. Уақыт ағымына тез бейімделе алатын шағын және орта бизнес мемлекеттің негізгі қуаты болатынын да Елбасы өз сөзінде талай айтты. Соңғы жылдары кәсіпке бет бұрып, өз ісін бастаған жандар саны да артты. Қала іргесінде орын тепкен Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылында да шағын бизнес жақсы жолға қойылған. Ауыл адамдары нарық заңына бейімделіп, түрлі кәсіп ашуға ұмтылады. Оған мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі гранттар өз септігін тигізуде.

IMG_3447

Осыдан бір жыл бұрын бизнес-жоспар құрып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы қайтарымыз грант ұтып алған Ақмарал Мыңжасарова ауыл ортасынан шаштараз ашқан.

- Үкіметіміздің кәсіп ашамын деген жандарға қолдауын білдіретіндігін ауыл әкімдігі әрдайым айтып отырады. Өзім 2011 жылы шаш қиюдың әдіс-тәсілдерін меңгеріп алғаныммен кәсіп ашуға жүрегім дауаламай жүрген еді. Тегін грант берілетінін естіген соң бизнес-жоспар құрып, өнерімді кәсібіме айналдыруға бел будым, - дейді кәсіпкер.

Бір жылдан бері нәсібін кәсібіне айналдырған Ақмарал Аманғалиқызы облыстық аурухандағы жұмысын тастап, толықтай шаштараздыққа бет бұрған.

- Ауруханада кіші қызметкер болып жасадым. Барып келу жағы да қиын болатын. Шағын салонымды ашқалы тұрақты табысым бар. Оның үстіне әлдеқайда тиімді, - дейді А.Мыңжасарова.

Оның айтуынша, ауылда шаштараздың ашылуы тұрғындар үшін қуанышты жағдай болыпты. Өйткені бұндағы баға қолжетімді әрі бұрынғыдай қалаға бармайды ешкім. Ақмаралдың осы кәсіпке бет бұрғанына жары Ерген мен енесі Әсем әжеміз де ерекше қуанған.

- Шаш қию өнерімнің бар екенін енем бұрыннан білетін. Бірнеше рет жұмысымды қойып, шағын салон ашу жөніндегі кеңесін де берген. Сол кісінің тілеуінің қабыл болғаны болар, кәсібім өрлеп, тұтынушыларым көбейді, - дейді Ақмарал.

 

Еш уайымсыз бір жыл жұмыс істеген кәсіпкер жаңа оқу жылы басталғалы шаштараздың жұмыс кестесі өзгергенін айтады. Осы күні таңертеңгі 10:00-ден 14:00-ге дейін, түсқайта 16:00-ден 18:00-ге дейін ғана кісі қабылдай алады. Өйткені онлайн оқитын балалардың сабағын қадағалауы керек.

Ақмарал Аманғалиқызының 11-сыныпта оқитын Инабат есімді қызы да кәсіпке бет бұрған. Тырнақ әрлеу ісінің курсын оқып алған ол анасына қолғабыс етеді.

- Қазір жастар сұлулыққа үлкен мән береді. Олардың талғамына сай болу үшін шаш қиюдың түрлі әдістерін үйреніп, білігімді шыңдап отырамын. Соңғы жылдары тырнақ сервисі де ерекше дами түсті. Сол себепті қызымды арнайы курсқа беріп, кәсіпке баулыдым. Қазір оның өз тұтынушылары бар. Қосымша сабағына қажет қаражатты тауып отыр. Ең бастысы, бұл жұмыс оған ұнайды, - дейді Ақмарал.

Бүгінде Ақмарал мен қызы Инабатың отбасылық бизнесі дамк үстінде. Болашақта салондарын кеңейтпек ниетте.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале