Күні кеше елімізде мәдениет және өнер саласының қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Жыл бойы атқарған жұмыстарына есеп беріп, еңбектерінің еленгеніне мәз-мейрам болған мәртебелі мамандық иелерінің қуаныштарымен ортақтасып та үлгердік. Теректі ауданында жерлестерінің рухани дамуына үлес қосып, салт-дәстүрімізді дәріптеп жүрген мәдениет қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. Әрдайым газет бетінде жезтаңдай әншілеріміз бен мың бұрала билейтін бишілеріміздің жетістіктерін назарларыңызға ұсынып жүрміз. Халықтық «Дат» театрының жөні бір бөлек. Кітапханашыларымыз да қатысқан бәйгесінен олжалы оралуда.
Бүгін сүйікті оқырмандарымызға 2008 жылдан бері талай ауқымды жобаларды жүзеге асырып, ауданымыздың мерейін арттырып жүрген мәдениет қызметкерін таныстырамыз.
Ләйла Қаражігітованы Теректі ауданында білмейтін, тіпті танымайтын адам кемде-кем шығар. 14 жылдан бері Новопавлов ауылында клуб меңгерушісі қызметін атқарып, ауылдағы таланттардың талабын ұштап, ұмыт қалған салт-дәстүрлерді кеңінен насихаттауды мақсатына айналдырған Ләйла Қаражігітқызы да жақында ғана Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының облыстық филиалы төрағасы Айдар Батырхановтың алғысхатын алғандар қатарында болды.
1963 жылы 17 қыркүйекте Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Мәдениет ауылында дүниеге келген Ләйла Қаражігітқызы 1982 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылық институтының «Өсімдік қорғау» факультетіне оқуға түсіп, 1987 жылы үздік бітірген. Содан соң жолдамамен Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына келеді. Аудан орталығында жұмыс ыңғайы шықпаған соң, Новопавлов ауылдық округінде агроном-тұқымшы болып қызметке тұрады.
- Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде қоғамдық жұмыстарға өте белсенді болдым. Мәдени іс-шараларды ұйымдастырғанды жаным сүйетін. Дегенмен, әкем агроном болғанымды қалады. Ол кездегі жастар ата-анасының айтқанын екі етпейтін еді. Мен де әкемді тыңдап, «Өсімдік қорғау» факультетіне оқуға түстім. Оқуымды аяқтаған соң, тағдырдың бұйыруымен еңбек жолымды Теректі ауданының Новопавлов ауылында бастадым. Сүйікті жарым Сағынтай Ткешевті кездестіріп, тұрмысқа шықтым. Екі ұлымыз бар. Оларды оқытып, аяқтарынан тұрғызып, немере бағып отырмыз, - деді әңгіме басында Ләйла Қаражігітқызы.
1996 жылға дейін агроном-тұқымшы болып қызмет еткен Ләйла апайдың өмірі 2008 жылы өзіне ұнайтын, өзі сүйетін «арнаға» қарай бұрылады. Новопавлов ауылдық клубының меңгерушісі атанып, мәдениет саласында еңбек етуде.
- Әкем - «бір үйде агроном, дәрігер, мұғалім, инженер, заңгер болуы керек» деген қағиданы ұстанған жан. Бәрімізде әкеміздің үмітін ақтауға, көңіліне кірбің түсірмеуге тырыстық. Дей тұрғанмен, қабілетің жететін, өзіңе ұнайтын салада қызмет еткенге ештеңе жетпейді. Агроном болғанда да, барымды салып, белсенді жұмыс жасадым. Мәдениет саласына келіп «өзімді» таптым. Содан 2012-2014 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтының «Мәдени іс-шаралар ұйымдастырушы» факультетін сырттай оқып, бітіріп алдым. 2012 жылы ауылымыздың зейнеткерлері, мәдениет және әлеуметтік қызметкерлер, мектеп оқушыларын қамтитын «Алтын бесік» қазақ этномәдени бірлестігін құрдық. Әр ұйымдастырған іс-шарамызда қазақылықтың «иісі» шығып тұрсын деген оймен қазақтың ұмыт болған салт-дәстүрлерін қалың жұртшылықтың назарына ұсынып жүрміз, - деді Ләйла апай.
Он төрт жыл бойы мәдениет саласының қазанында қайнап жүрген Ләйла Қаражігітқызының аудандық аналар кеңесіндегі еңбегіне тоқталмай өту мүмкін емес. 2019 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жайлаудағы бір күн» деп үлкен іс-шара өткізіп, күбіден айран пісіп, май алу, қымыз ашыту, өрмек пен ши тоқу, келіндердің сәлем салуы, баланы ашамайға мінгізу дәстүрлерін көрермен назарына ұсынғаны әлі есімізде. Одан бөлек, «Асы бар аяқ әдемі» атты іс-шарасында «Жаужүрек», «Үлпершек», «Ежігей», «Өрметөс», «Жент», «Орама сүбе», «Быламық» сынды ұлтық тағамдардың тарихы мен жасалу жолын үйретті. Республикалық «Ақ орамал» акциясына да жыл сайын қатысып, қазақ үшін киелі саналған шолпы мен ақ орамалдың қасиетін айтып, дәріптейді.
Халқымыздың мәдени мұрасын ұрпағына «қаймағы бұзылмаған» күйде жеткізу үшін барын салып еңбектенген Ләйла Қаражігітованы облыс, аудан әкімдері, бөлім басшылары ескеріп, талай рет «Құрмет грамотасы» және алғысхатпен марапаттаған.
Ұлттық құндылықтар десе, ішкен асын жерге қоятын Ләйла Қаражігітқызы сынды адамдар бар кезде мәдениетіміздің болашағы үшін алаңдамаса да болады.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz