«Қарты бар ел — қазыналы ел» демекші, үлкенге құрмет көрсету, өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тәрбиесі бүгінгі ұрпаққа үлгі болатын қарияларымызды сыйлау, ізеттілік таныту — ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Қарттарын қадірлеген қазақ халқы үшін де күнтізбеде 1 қазан — Қарттар күні деп белгіленген. Аталмыш күнге орай Теректі ауданы Жайық ауылының тұрғыны, көпбалалы ана, ісімен көпке үлгі болған Сағира Мұқанбетқалиевамен тілдескен едік.
Жалпы, әже отбасының алтын қазығы десек, артық айтқандық емес. Әже өнегесі – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қайнар көзі. Әже алдын көріп, тәлімін алған, тарихта есімі қалған ұлылар көп. Мәселен, Зере әжесінің зерделі аңыз-әңгімелері мен жыр-дастандарын тыңдап өскен бала Абай дана Абайға айналды. Ал Айғанымдай әженің тәрбиесін алған Шоқан қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы болды. Бұдан өзге Біржан сал, Мұхтар сынды қазақтың біртуар азаматтары да әженің тәрбиесін көріп, әженің алақанынан түлеп ұшқан. Яғни қазақтың нар тұлғалы азаматтарының көбі әже мектебінен сусындап өскен адамдар. Қазақта ата-әжесінің тәрбиесін көрген бала басқаша болады. Өйткені ауыл үлкендерінің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесін тыңдап өскен баланың сана-сезімі басқалардан ерекше болып қалыптасады. Сондықтан әжелерді таптырмас тәрбие мектебі дейміз.
Дүниеге келген сәбиді көзін ашқаннан құшағына алып, бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі-жырларымен сусындататын әженің орны орасан зор. Мінекей, Сағира әже де осындай жандардың қатарынан. Сексен жастағы әжеміз тек отбасында ғана емес, сол Жайық ауылының «өнегелі әжесіне» айналғалы қашан. Қазақ халқының салт-дәстүрін жатқа біледі. Өзі біліп қана қоймай, ауылдастарына үйретіп, дәріптеп, бар білгендерімен бөліседі. Сөзге шешен. Әнді де тамылжыта, нақышына келтіре отырып шырқайды. Жайық жұртшылығы қандай да болмасын қуаныштарына Сағира әжені шақырып, жәрдеміне жүгініп жүр. Ат қою, бесікке салу сынды түрлі салт-дәстүріміз орындалар сәтте ылғи осы кісі басы-қасында жүреді. Сондай-ақ мектепте өтетін көптеген шаралардың да құтты қонағы. Өйткені ұстаз бен шәкірттің әжемізден үйренері шаш-етектен. Бір өзі – бір кітап!
Кезінде совхоз, колхоз уақытындағы шаруаға жастайынан араласқандықтан оны еңбек ерте есейткен. Марқұм жолдасы Хайырғали ата екеуі ата кәсіп – мал шаруашылығымен айналысқан. Хайырғали ата белгілі аға шопан болған деседі. Екеуі күндіз-түні мал соңында жүрсе де, бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған. Сағира әже 10 құрсақ көтерген жан. Алайда қазіргі таңда бесеуінің көзі тірі. Олардан 12 немере, 5 жиен, 3 шөбере сүйіп отыр.
– Ол кезде он бала дүниеге әкелдік деп «бұлданбайтын» едік. Алла тағаланың берген несібесі деп қуанып отыратынбыз. Үй мен даланың шаруасын қатар ала жүріп, баланы да бақтық. Оларды қатарынан кем қылмай бағып-қағып өсірдік. Ал қазір ше? Үш-төрт бала туса болды, «мен көп балалы анамын, маған көмек керек» деп бала туғанын дабыра қылып міндетсініп, кеудені керетіндердің қатары көбейіп кетті. Осы мені қынжылтады. Сәбиді сонда айдаладағы біреу үшін туады ма? Айналайын, жас аналар, осындайларыңды қойсаңдар қайтеді?
Заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме? Әйтеуір, бүгінгі таңдағы кей әжелердің қылығына қарап аң-таңмын. Ең алдымен, «әже» деген асыл ұғымның мағынасына кір келтіріп жүр. Айталық, ақ жаулық байлап, орамалды тақпайды. Керісінше, әртүрлі түске боялған шаштарын жәйіп жіберіп әлек. Немере-шөбереге жыр-дастан, ертегі, жаңылтпаш, жұмбақ айтып үйретудің орнына, қолдары телефоннан босамайды. Кітап оқып бермек түгілі, немерелерін бақпай, «қашып» жүретін әжелер көбеюде. Бұл ащы да болса шындық. Міне, соның салдарынан немерелердің сөздік қоры төмен болады. Дәстүрімізді білмей өседі. «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, өскенде сол иілген күйінде қалмақ» деген асыл сөз бар. Өскелең ұрпаққа көнені көрген біздер секілділер үйретпесек, айтпасақ, кім үйретеді? «Салтын білмеген оңбас» демекші, салт-дәстүрін білмей өскен бала ертең өздерінің ұрпақтарына не айтады? Ал мұны ұғып жатқан жан қайда? – деген кейіпкеріміз бар мұңын шақты. Жөн сөз! Ауыл тұрғындары Сағира әженің жүрген жерінде ылғи ғибратқа толы әңгімелер айтып, келіндерді тәрбиелеп отыратындығын тілге тиек етті.
– Өз басым әжемізбен мақтанамыз әрі өте қатты жақсы көреміз. Ауыл болып ол кісіні сыйлайды. Дүниеге келген күннен бері әжеміздің бауырында өстік. Ол кісінің өмірден түйген-білгендері мол. Бәрін ұмытпай, жатқа соғып отыратынына қызығамын. Әжемізбен әңгімелессек, құдды бір кітап оқығандай болатынымыз рас. Мектеп табалдырығын аттамастан бұрын түрлі ертегі, тақпақ, баталаларды үйретіп қоятын. Сөздік қорымыз да мол болды. Осының әсері болса керек-ті, мектепте үздік оқып жүрміз, – деген немересі Ажар әжесінің ауырмай ұзақ өмір сүруін тіледі.
Ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік орны бар Сағира әжейдің ғұмырлы болуын біз де тіледік! Бұқар жырау «Қарттарыңды сыйлай біл. Күндердің күні болғанда, кімдердің белі бүгілмес?!» деген екен. Олай болса, қарттарымызды тек қазанның бірі күні ғана емес, өмірбақи сыйлап, бар мейірім-шапағатымызды төгуден шаршамайық, ағайын!
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер