16.01.2024, 13:00
Оқылды: 85

Салықтан қашпа, кәсіпкер!

Биыл 1 қаңтардан бастап елімізде мобильді аударымдарды бақылау басталды. Ал негізінде жалпы халықтық декларация да, мобильді аударымдар туралы да 2020 жылдан бері айтылып келе жатыр. Дегенмен заң жүзінде биыл күшіне енгендіктен, салық комитеті нақты әрекетке көшіп, тексерісті бастап кеткенде ғана халық шүйлігіп бастады. Тіпті дүкендер мен дәмханаларға дейін «тек қолма-қол ақша қабылдаймыз, Kaspi банк қосымшасы арқылы аударымдар қабылданбайды» деп елді дүрліктіруде.

Жп платеж

Бұл мәселе Жәнібек ауданын да айналып өтпеді. Жеке кәсіпкерлер ақшалай қабылдаймыз деп ұрандатса, ауыл тұрғындары бірде жасап, бірде жасамайтын банкоматтан қолма-қол ақша ала алмайтынын ойлап әлек. Осыған байланысты «Шұғыла» қоғамдық-саяси газеті редакциясы жанынан ашылған баспасөз орталығында Жәнібек ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Таумұрат Ғұсманов «Мобильді аударымдар, салықтан жалтарғандарға қолданылатын жаза, 2024 жылдың өзгерістері және жалпыға бірдей декларациялау» тақырыбында тікелей эфирге шыққан болатын. Эфирде аталмыш мәселелер төңірегінде Таумұрат Ғимранұлы толыққанды талдап, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

IMG-20240108-WA0047

Мобильді аударымдарды тексеру не үшін қажет?

Мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған.

Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда, бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады.

Айта кету керек, мемлекет барлық мобильді аударымды тексермейді.

Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана, яғни кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі.

Туыстар мен достарға ақша аударуға бола ма?

 

Жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін: туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады. Бұған қатысты ешқандай шектеу жоқ.

Кейбір кәсіпкерлер қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартып, тек қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап ете бастады. Бұл қаншалықты заңды?

«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес түрлі төлем тәсілдері қарастырылған – банк картасымен, QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен (25-бап).

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады.

Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту жасалады. Ал қайталап бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады (ӘҚБтК-нің 194-бабы).

Егер кәсіпкер қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудан бас тартса, қайда жүгінуге болады?

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту деректері туралы тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгіну қажет.

Такси жүргізушілері не істеуі керек?

Жеке тасымалдаушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Мұны «e-Salyq Business», «Egov Mobile» және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары («Halyq bank», «Kaspi bank», «BankCenterCredit») арқылы жасауға болады.

Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін онлайн режимінде кәсіпкерлік банк шотын ашуға болады. Сол жерге көрсетілген қызметтер үшін төлемдер түседі. Ол үшін сізге тек смартфон қажет. Кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің қажеті жоқ.

Бұл бастама кәсіпкерлердің «көлеңкеге» кетуіне әкеліп соқпай ма?

Қазіргі таңда салықтық міндеттемелерді адал орындау әлдеқайда тиімді.

Бүгінде бизнес жүргізуге және оны дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Салық режимдерінің тәртібі жеңілдетілді, салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты тек 1-4%-ды ғана дейін құрайды.

Егер мұндай жағдайда кәсіпкер мобильді аударымдар қабылдаса, онда ол қазірдің өзінде «көлеңкеде» қалып, салық бақылауына түседі.

Бұл ретте мобильді аударымдарды тексеру адал салық төлеушілерге әсер етпейді.

Осылайша, әділдік және міндетті салық салу принциптері жүзеге асырылады. Яғни, барлық салық төлеуші тең болуы және алынған табыстан салық төлеуі тиіс.

-Банктер қазақстандықтардың аударымдары туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер комитетіне кезең-кезеңімен береді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 2023 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, оларға теңестірілген тұлғалардың, жұбайларының, ал 2024 жылдан бастап былтырғы жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъекттері қызметкерлерінің және олардың жұбайларының, 2025 жылдан бастап 2024 жылдың қорытындысы бойынша жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайларының, 2026 жылдан бастап 2025 жылдың қорытындысы бойынша қарапайым халықтың ақпараты беріледі, - деді Таумұрат Ғұсманов.

Бұл ақпараттан қарапайым халықтың мобильді аударымдары тек 2026 жылдан бастап бақылауға алынып, тексерілетінін білуге болады. Демек Заң аясында жұмыс жасап отырған кәсіпкер болсаңыз, қорқатындай дәнеңе жоқ. Ал тіркелмей немесе кірісін жасырып отырған кәсіпкерлерге қазірден қызметтерін заңдастыруға кеңес береміз. Сонымен қатар Таумұрат Ғимранұлы дәмхана, дүкен, шаштаразға, яғни қай жерге барсақ та тұтынушы ретінде әрбір жеке кәсіпкерден түбіртек сұрау, болмаған жағдайда талап ету керектігін баса ескертті. Кәсіпкерлердің салықтан жалтармауын адамдар ең болмағанда түбіртек сұрау арқылы тоқтата алады. Себебі кассалық аппараттан соғылған түбіртек бірден кіріс ретінде тіркеліп, салық көрсеткішіне енгізіледі.

 

Айсұлу Жұмабай,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале