Бүгін Бөкей ордасы ауданы орталығында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті криминалистикалық бөлімінің бас криминалисті, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің майоры Армат Қолғанатовтың қатысуымен қаржы пирамидасы мен заңсыз құмар ойындарға жол бермеу және оның алдын алуға арналған жиын өтті.
Бас криминалисттің сөзінше облыс бойынша қаржы пирамидасына ақша салып, сан соққандардың қатары жыл сайын өсіп келеді. Бүгінгі таңда жеке тұлғалардан 24%-дан 54%-ға дейін пайда табасыз деп ақша жинаған «Life is good», "Chia Tai Tianqing" және әр салымшға 21 мыңнан 53 мыңға дейінгі қаражаты төлеп, басқа қатысушыларды WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы тарту міндеті қойылған World Money компания өкілдеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
«Қаржы пирамидалары салымшының есебінен өмір сүреді. Қаржы алаяқтарының жарнамасына алданып, соңғы тиын-тебенін еш ойланбастан аударатын тұрғындар азаймай пирамида ұйымдары да жұмыстарын жалғастыра бермек. Ол үшін де әрқайсымыз қаржылық сауатымызды арттыруымыз қажет. Қаржы пирамидасының өкілдері салымшыларды инвестиция көлемін еселеу арқылы табысын молайтуға мүмкіндік көп екеніне сендіреді және туған-туыс, көрші, достары секілді сенімі адамдары арқылы қимылдайды. Қаладағы үйін, көлігін т.б бағалы дүниесін сатып, пирамидаға құйып, ақшасын бірден екі-үш еселеуді көздегендердің көбі алданып, дымсыз қалды. Мәселен, "Chia Tai Tianqing" ұйымынан зардап шеккен 730 шағымданушының шығын мөлшері 850 млн теңгені құрайды. Q-net қаржы пирамдасына алданғандардың дені жастар. Бұл ұйымның мүшелері өте келісті киінеді, шебер сөйлейді. Десе де түпкі мақсаттары, пиғылы бөтен. Сондай-ақ, азарттық ойындар мен ұтыстардан зардап шеккендердің де саны артып келеді», - деген Армат Қолғанатов тұрғындарды өз ақшасын сауатты басқаруға және кез келген қаржылық ұйымдардың жарнамасына сенбеуге шақырды.
Шара соңында қатысуышылар Incruises круиздік компаниясы мен телефон арқылы түрлі зат өнімдерін, дәрі-дәрмек, ыдыс-аяқтар ұсынатын адамдардың қаржы пирамидасына қатысы бар ма деп сұрады. Өз кезегінде бас криминалист Incruises круиздік клубының ісі әзірге қаралып жатқанын, тиісті шешім қабылданған жағдайда Қазақстандағы қаржылық пирамида белгілері бар компаниялардың тізіміне енуі мүмкін екенін айтты. Ал, телефон арқылы қоңырау шалып, өз өнімдерін ұсынатындардың дені алаяқтар екенін, қаржы пирамидасының өкілдері қоңырау шалмайды, тек сенімді көздер арқылы қатарына шақыратынын ескертті.
Арайлым Есмағұлова,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz