17.10.2023, 16:45
Оқылды: 26

«Samgau company»: Ақсайдағы қалдықсыз өндіріс цехы

Ақсай ірі өндіріс орындарының қалашығы. Сондықтан Бөрлі ауданы тұрғындарына түрлі-түсті арнайы киіммен жүрген адамдарды көру таңсық емес. Кейде тіпті адамның жұмыс киіміне қарап қай компанияда істейтінін де біліп жатамыз. Ал сол киімдердің өзімізде, Ақсай қаласында тігілетінін бірі білсе, бірі білмес.

image0 (2)

Аудан орталығында арнайы киім сататын дүкен аз емес. Алайда соның ішіндегі бірегейі – «Samgau company». Себебі дәл осы дүкен арнайы киімдерді тек сатып қоймай, цехта тігеді. Жақында облыс орталығында өткен «Мұнайлы Бөрлі мерекесі» атты салтанаттық шарада өз көрмесін жұрт назарына ұсынған бұл компанияның жұмысымен арнайы барып таныстық.

image2

– «Samgau company» 2008 жылдан қызметін атқарып келеді. Бастапқы кезеңде біз тек алып-сатумен ғана айналыстық. Алты жыл бұрын тігін цехымызды ашып, сол кезден бері тек өзімізде, Ақсайда жасалған арнайы киімді ұсынып келеміз. Қазіргі таңда цехта 5 тігінші, 1 кесіп-пішу маманы мен логотип жасайтын қызметкер бар. Одан бөлек, қойма меңгерушісі, сату маманы, әкімші, есепші, атқарушы директор секілді мамандар бар, – дейді компанияның атқарушы директоры Арыстан Иликеев.

9c148e20-c07e-4d23-96b9-7855a12ed7e8

Оның айтуынша, мұнда тігілген киімдерді жергілікті компаниялар сатып алады. Сондай-ақ Атырау, Ақтөбе облысындағы компания да «ақсайлық арнайы киімдерді» алдырған. «Samgau» компаниясы қысқы және жазғы мезгілге арналған, өртке төзімді комбинезондар тігеді. Сонымен қатар цех мамандары күрте, жилет пен арнайы бас киім де дайындайды екен. Жалпы цех күніне 20-ға жуық арнайы киім тіге алады. Одан бөлек дүкеннен арнайы аяқ киім, түрлі материалдағы қолғап, көзілдірік пен каска секілді өндіріс орнына қажетті заттарды сатады.

image7

– Мезгіл ауысқан сайын арнайы киімге сұраныс артатыны анық. Біздің қалада зауытта жұмыс істейтін компания көп болғанымен, бізден алатындары 5 пайыз деуге келеді. Мұндағы басты себеп – баға тұрақтылығы. Ал біз алып-сатумен емес, өндіріспен айналысатын болғандықтан шығын көп. Мысалы, салықтан бөлек шетелден алдыратын шикізат, қызметкерлер жалақысы секілді міндетті төлемдеріміз бар, – дейді Арыстан Қобыланұлы.

Айта кетерлік жайт, «CIAH power», «Avencom» және «Dietsmann» секілді Ақсайдағы компаниялар «Samgau» өнімдерінің тұрақты тұтынушысы. Мұндай компаниялардың жергілікті өнімді қолдағаны көңіл қуантады. Басқа серіктестіктер де осы бір жергілікті өнімді тұтынса, салық та неғұрлым жергілікті бюджетке кететінін ескеру маңызды.

Мұнда дайындалатын киімдер «СТ-KZ», «ISO» арнайы сертификатына ие. Сонымен қатар «Samgau» компаниясы өзіндік әлеуметтік жобасын қолға алған. Дүкеннен сатылған әр өнімнің 200 теңгесі арнайы пластик бөтелкелер салатын контейнер жасауға бағытталады. Жасалған контейнерлер Ақсайдың әр аумағында орналастырылмақ. Бұл өз кезегінде экологияға оң үлесін қосады. Жалпы компания тазалыққа, экологияға көп көңіл бөледі. Мысалы, тігін цехында қалдықсыз өндіріс қолға алынған. Мұндағы қалдық материалдар, мата кескіндері қайта өңдеуге жіберіледі. Соның ішінде арнайы киімге жылу беретін, меринос қойдың терісінен жасалған мақта көрпе жасаушылардың сұранысына ие. Сондай-ақ картон қағаздар, қалдық металдар мен полиэтилен де қоқысқа емес, қайта өңдеуге жөнелтіледі.

 

А.Нұразғали,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале