26.09.2023, 15:45
Оқылды: 92

Самокат жүргізушілері екі бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады

Бір қарағанда көздің жауын алатын, бағасы қарапайым халыққа әлдеқайда қолайлы, еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін қызығып тұратын электр самокаттар мен скутерлердің дәурені жүріп тұр. Жүргізуге жеңіл, жылдамдығы – көліктен кем түспейді. Мысалы, бокс жаттықтырушысы Нұрбек Орынбаев ауылдың сырт жағындағы жаттығу залына келетін шәкірттерінің скутермен зулап келетінін байқаған. 

ЖП самокат

- Әрине, орталықта тұратын балалар үнемі таксимен келе алмайды. Сол себепті ата-аналары оларға бар ақшасын жинап, осы техникаларды сатып әперген. Уақыт пен қалтаға айтарлықтай үнем болады,- дейді Нұрбек.

 Пайдасын тізе берсек, жетерлік. Ал одан келер қауіпке тоқталсақ, тіпті жетіп артылады. Ең бірінші қарапайым мысал келтірейік. Әлсін-әлсін қуаттауды қажет ететін құрылғы далада қалдыруы мүмкін. Қуаты таусылса, үйге жетектеп апаруға тура келеді. Ал былтырғы деректерге сүйенсек, елімізде осының кесірінен 68 оқиға болып, бір адам қаза тапқан және 70 кісі ауыр жарақат алған. Ауыр көліктің есігіне соғылып, жан тапсырған, қатты жылдамдықпен келіп, бір-біріне түйіскен самокат жүргізушілерінің әрекеті алаңдатпай қоймайды. Мұның қасында қуаты бітіп, далада қалу ештеңе емес. Себебі үлкен қалаларда адамдардың демі үзіліп жатыр.

«Оқиға тіркелмеді деп асыр салмайық»

Жәнібек аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мейрамхан Бапахов самокат, скутер, мопед сияқты техникаларды жөнге салу жөнінде айтты. Ауданда еліміздегі соңы ажалға апаратын немесе жарақат алу оқиғалары тіркелмеген. Дегенмен Мейрамхан Темірханұлы жайбарақат һәм асыр салып ойымызға келгенді жасамау керегін ескертті. Себебі, ондай әрекетке барған адам заң жүзінде қатаң жазаға тартылады және айыппұл арқалайды.

Тінін тарқатсақ, қатері көп техникаларды тізгіндегендердің ең бірінші жүргізушілік куәлігі болуы керек. «Жол қозғалысы туралы» Заңда оның техникалық сипаттамалары мен пайдалану тәртібін құқықтық реттеу және жүргізушілер үшін тыйымдарды белгілей отырып, «шағын электрлі көлік» ұғымы енгізілген. «Жол қозғалысы туралы» Заңы тұжырымдамамен толықтырылған. Ең жоғары жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайтын көлік құралы деп танылған «электроскутердің» және олардың қозғалу орындары белгіленген», – деген халық қалаулылары жиілеген өркескел жайттарды байқап, алдын алу керегін ұсынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойып, белең алған мәселені шешу жолында бірқатар шешімдер қабылдады. Соның арқасында кеше көлікпен жарысқан скутерлер енді велосипед жолымен жүреді.

Иә, ауылдағы ағайын ондай жолдың жоғын айтып, дабыл қағуы мүмкін. Заңда ол да ескеріліп, велосипед жолы болмаған жағдайда белгіленген тыйым белгілері мен арнайы шарттарды назарда ұстап, жолдың оң жақ жиегімен жүруге рұқсат беріледі. Жаяу жүргіншілер жолында жүргісі келген жүргізушілер скутер жылдамдығын сағатына 6 шақырымнан асырмауы тиіс. Кәмелеттік жасқа толмаған бүлдіршіндерге аталған техникаларды жүргізуге мүлдем рұқсат етілмейді. Міндетті түрде жүргізушінің жасы 18-ге толған болуы керек. Содан соң ол ережелердің қатарына арнайы бекітілген дулыға, жарық шағылыстаратын киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігін қосыңыз. Осы кезде жүргізу тәртібі қалыпқа келіп, көліктер де, тұрғындар да еш алаңсыз өмір сүреді. Сол үшін барын салып жүрген бөлім бастығының орынбасары аудан тұрғындарына, мұғалімдер мен оқушыларға түсінік беріп, заң аясында іс-шаралар ұйымдастырып жүргенін жеткізді.

Айыппұл айқын болды

 

         Егер мас күйінде басқарса, жүргізушіні басқарудан шеттетіп, арнайы сараптамалар арқылы мастығын куәландырады. Нақты нәтиже алған соң ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде болу» әкімшілік хаттамасын жасап, көлік құралын уақытша сақтау орнына қояды. Ал кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім тізгіндесе, бірден ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылады. Сонымен қатар «Жол қозғалысы туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес электрлі самокат жүргізушілері екі бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. «ӘҚБтК-нің 593-бабы – жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін сақтамағаны үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл (17 250 теңге ) қарастырылған. Сондай-ақ жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін айыппұл салынады. Бұл – 620-бап, бұған қалған барлық құқық бұзушылық кіреді, 5 АЕК айыппұл салынады

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале