2.10.2025, 9:45
Оқылды: 78

Сана соғысы: адам мен қоғам арасындағы майдан

Тасқала халықтық театры жастарға арналған «I.Z» авторлық жобасының кезекті, екінші эпизодында қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы, қабырғалы жазушы Төлен Әбдікұлының «Оң қол» және «Парасат майданы» шығармалары көрермен назарына ұсынды.

WhatsApp Image 2025-10-01 at 16.24.42 (6)

Қойылымның режиссері – Жалғасбек Мырзагереев, сахналық көркемдеушілер – Азамат Ихласов, ал басты рөлдерді халықтық театр актері Бақдәулет Сұлтанмұратов мен актриса Ақниет Имашқызы сомдады. Кештің негізгі мақсаты – жастар арасында сыни көзқарасты қалыптастыру, адамның рухани еркіндігі, ар-ұяты мен қоғам қысымы арасындағы қайшылықтарды кеңінен талқылау болды. Ұйымдастырушылар атап өткендей, әдебиет – ізгілік пен зұлымдық, адамдық пен нәпсі арасындағы мәңгілік майданды түсіндіретін ең қуатты құрал. «Парасат майданы» шығармасы – адамның ар-ұжданы мен ішкі сезімі арасындағы қақтығысты бейнелейтін философиялық туынды. Ол жастарды өзін-өзі тануға, ішкі дауысын тыңдауға шақырады. Ал «Оң қол» – адам бойындағы қайшылықты болмысты, символдық мәнге ие екіұдай күйді көркем суреттейтін ерекше шығарма. Бұл туындылардың барлығы жас ұрпақты рухани тереңдікке, адам болмысының қырларын түсінуге жетелейді.

WhatsApp Image 2025-10-01 at 16.24.42 (4)

Шараға арнайы шақырылған қонақтар қатарында облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігер-психиатры Ғалым Ешкаев, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнагүл Сейтмуханова, Тасқала аудандық мешітінің бас имамы Құлтөре Нажмитдинов, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстануға бағыт беріп жүрген наставник, мотиватор, коуч, психолог Замира Күлшманова болды. Қонақтар ең алдымен қойылымды тамашалап, кейін жастармен ашық пікір алмасты. Адам психологиясы, қоғам қысымы, ар-ұят пен моральдық таңдаулар төңірегіндегі ойлар әр қатысушыға тың серпіліс берді. Әрбір пікір жастарға жаңа ой салып, шығармалардың терең мәнін қазіргі заман тұрғысынан түсінуге жол ашты.

WhatsApp Image 2025-10-01 at 16.24.42 (5)

Тасқала халықтық театры қолға алған «I.Z» авторлық жобасы – жастарды жаппай ойлау жүйесінен арылтып, еркін пікір мен дара ойды дамытуға бағытталған бастама. Жоба кітапқа деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, оқырманға ой салатын шығармаларды сахналай отырып, жаңа көзқарас қалыптастыруды көздейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастарды әдебиетке тарту, кітап оқу мәдениетін дәріптеу ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырмақ. Кітапқа қызығушылығы бар барша жас оқырманды Тасқала халықтық театрының «I.Z» авторлық жобасына шақырамыз! Бұл орта – сізді жаңа ойға жетелеп, еркін пікір алмасуға мүмкіндік береді.

Еламан Құспанов

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале