11.08.2021, 10:29
Оқылды: 60

Санақтың бірінші кезеңі сәтті өтті

 Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы 2009 жылы 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында өткен. Араға 10 жыл салып, 2019 жыл қайта санақ жүргізілуі керек болды. Алайда пандемияға байланысты санақ жүргізу процесі әуелі – 2020, кейін 2021 жылға ауыстырылды.

санақ

Ұлттық санақ жүргізудің алғашқы кезеңі биыл 1-30 маусым аралығында өткізілді. Бұл маңызды науқанға төрт нұсқаушы және он алты интервьюер тартылып, барлығы 68 елді мекенді аралап, қажетті мәліметтерді жинаған. Ол туралы Бәйтерек аудандық статистика басқармасының басшысы Меңдібай Байбулов мәлімдеді.

Енді ұлттық санақ жүргізудің екінші кезеңі басталады. Ол науқан 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілмек екен. Бұл кезеңнің ерекшелігі санақ басталған күннен қазанның 15-іне дейін «Sanaq.Gov.Kz» сайты арқылы тұрғындар өздері тіркеліп, сауалдарға онлайн жауап бере алады. Ал бірінші қазаннан бастап айдың соңына дейін бекітілген 78 санақшы онлайн санақтан өтпегендерді тіркеп, мәлімет жинауды жүзеге асырмақшы.

– Тұрғындар тарапынан "Ұлттық халық санағы не үшін қажет?" деген сұрақтың туындайтыны анық. Халық санағы – статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, елдегі халық санын, этникалық құрамын дәл білу үшін, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын зерттеу үшін, бұрынғы есептермен салыстыра отырып, алдағы кезеңдерге талдау жасау үшін қажет, – дейді аудандық статистика басқармасының басшысы Меңдібай Байбулов.

Тағы бір айта кетерлігі, санақ жүргізу барысында тұрғындар тарапынан қандай да бір түсінбеушіліктер орын алмаса да, санақтың басы-қасында жүрген мамандар жолдың ұзақтығы өз алдында, көлік мәселесі біраз қиындықтар тудырғанын айтты.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале