17.01.2024, 17:00
Оқылды: 68

Саналы ғұмырын аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне арнады

Өнегелі өмір сүру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Себебі өмірдің өнегелі болуының өзі адамның еткен еңбегіне байланысты. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері де бар саналы ғұмырын аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне арнап, зейнет демалысына шықса да жұмыстан қол үзбей, өнегелі өмір сүріп келе жатқан Асқар Нұрмақов жайында болмақ. Біраз жыл Тасқала аудандық аумақтық сайлау комиссиясын басқарып келген ағамыз жақында өз өкілеттілігін тоқтатып, зейнеткерлікке біржола кетті.

асқар аға 1

 Адамгершіліктің ақ туын биік ұстаған ол – жүрген ортасына сыйлы, араласқан жанның бәріне шуағын шашып жүретін адам. Оның бойындағы қарапайымдылық пен адалдық қасиеті оны өзгелерден әркез ерекшелеп тұрады. Сөзі де, өзі де шынайы. Бір сәт те бос отырмай, өмір бойғы тәжірибесі мен жан-жағына жан жылуын таратып, тағылымды өмір кешсем деген арманы мен адал ниеті оны алдамады. Әр істеген ісі мен қарапайымдылығынан, бойындағы адал қасиетінен соны көруге болады. Бұрынғы Фурманов ауданына қараған Жалпақталдың Төртпішен ауылында сегіз баланың алтынышысы болып дүние есігін ашқан Асқар аға қарапайым отбасында тәрбиеленді. Әкесі бір кездері ауылдық кеңестің төрағасы болса, енді бірде бөлім меңгерушісі, партком болып басшылық қызмет атқарды. Ал анасы үй шаруасымен айналысып, бала тәрбиесіне көңіл бөлген. Асқар Ғабдрахимұлы Төртпішенде мектеп табалдырығын аттап, білім алды.

асқар аға 3

Кейін отбасы жағдайына байланысты 1973 жылы ІІ Шежін ауылында тұратын нағашыларына келіп, сол жерден мектеп бітірді. Сөйтіп, мектепті аяқтаған соң бірден Фурманов ауданына қарасты Ақкөл ауылында құрылысшы болып алғашқы еңбек жолын бастады. 1975 жылы әскер қатарына алынып, Венгриядағы Хаймашкер әскери қаласында артиллериялық полкте азаматтық борышын өтеді. Әскерден келген соң өзінің арман-мақсатын алға тартқан жас жігіт Оралдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, экономика және ұйымдастырушы мамандығы бойынша білім алды. 1982 жылы жұбы жарасып, Майра Әбуқызымен отбасын құрды. Өмірге төрт қыз әкеліп, тәрбиелеп, олардың әрқайсысының жоғары білім алуына жағдай жасады. Қазіргі таңда сол төртеуінен тараған 11 жиенінің сүйікті атасы, отбасының тірегі, аяулы жарының арқа сүйер жолдасы. Асқар Нұрмақов 1984 жылы оқу орнын бітірген соң Ақкөлде есепші болып еңбек жолын жалғастырды. 1999 жылы Тасқала ауданына қоныс аударып, мектепте экономика пәні бойынша оқушыларға сабақ берді. 2000 жылы аудандық білім бөлімінде ревизор, кейін аудан әкімі аппаратында экономика және инфраструктура бөлімінің басшысы болып еңбек етті. 2003 жылы аудандық мәслихатта аппарат басшысы лауазымында қызмет атқарды. 2011 жылы аудандық «Қазпошта» бөлімінің директорлығына ауысты. Ел ағасы атанған шақта «Нұр Отан» партиясы Тасқала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Осылайша партия жұмысын ілгерілетуге барын салды. Араға жылдар салып, 2014 жылы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директорлығына ауысты. Бұл жерде де табан аудармастан бес жыл еселі еңбек етті. 2019 жылы аудандық аумақтық сайлау комиссиясына төраға болып тағайындалды. Сол жылы зейнет демалысына шықса да, сайлау комиссиясындағы жұмысын жалғастыра берді. Асқар Ғабдрахимұлы, жоғарыда айтып өткеніміздей, араға бес жыл салып, биылдан бастап толық зейнет демалысына шықты. Ағаның еңбек өтіліне биыл 50 жыл толады екен. Соның ширек ғасырын, яғни 25 жылын Тасқала ауданына арнаған. Сол жиырма бес жылдың 20 жылын сайлау комиссиясында өткізген. Иә, жұмыс десе жанын салатын Асқар ағамыздың еңбек жолы осындай. Әрине, азаматтың елі үшін қызметте адал болуы оның жарына да байланысты. Ол жөнінде Асқар ағаның өзі былай дейді:

 «Біздің отбасын құрғанымызға биыл 42 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде менің алаңсыз жұмыс істеуіме жағдай жасап келген жан жарым Майраның еңбегі зор. Төрт періштемді дүниеге әкеліп, өзі де мұғалімдік қызметінен қалмай шәкірт тәрбиеледі. Жұмыстан келгенде өз қызметінен бөлек үйдің тіршілігі, қала берді бала тәрбиесімен қоса менің жағдайымның жақсы болуына үлкен мән берді. Жұмыстан келгенде тамағымды дайындап, күтіп алады. Осының бәрі сыйластықтың, бір-бірімізге деген құрметтің белгісі деп түсінемін. Менің еңбек жолымда жақсы маман, білікті басшы болып қалыптасуыма алдыңғы буын ағалардың да көп еңбегі сіңді. В.Пурахин, Қ.Жақсыгұлов, Б.Тасмағамбетов, Қ.Нұрмұханов, Т.Шымболатов сынды ағалармен біраз жыл жұмыстас болып, тәлім-тәрбие алдым. Іс-тәжірибе жинадым».

асқар аға 4

Жұмыс десе жаны қалмайтын кейіпкеріміздің еңбегі де еш қалған жоқ. Ол «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалімен марапатталса, желтоқсан айында республикалық орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтың қолынан Президент Қ. Тоқаевтың Құрмет грамотасын алды. Бұл еңбектің еленгені деп білеміз. Асқар Ғабдрахимұлы жасынан жаны сүйіп қосылған сабырлы да салмақты, аузын ашса жүрегі көрінетін өмірлік қосағы Майра апай екеуі, шын мәнінде, бақытты әулеттің қос шамшырағы десек, қателеспейміз. Кішіпейіл, бауырмал мінезімен баурап алатын ақкөңіл ағаға ұзақ ғұмыр, әр жүрген соқпағы нұрлы болғай деген тілектен басқа айтарымыз жоқ.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале