28.01.2022, 12:30
Оқылды: 62

Саңырау болып қалмаңыз...

Адамның жұмысын жеңілдету мақсатында түрлі заманауи техникалық құрылғылар мен құралдардың шығып жатқаны белгілі. Тірлікке пайдалы болғанымен, сол құралдардың зияны да жоқ емес. Мысалы, құрбы-құрдастарымыздың көпшілігі қолы қалт етсе ұялы телефонға шұқшияды. Немесе құлаққап (наушник) киіп алып, бар даусына қойып музыка тыңдауды сәнге айналдырған.

Саңырау болып қалмаңыз... (2)

Көшеде, асханаларда, автобуста құлаққапсыз жүре алмайтындар бар арамызда. Құлақты тарс бекітіп, жан-жағында не болып жатқанынан бейхабар күйде мүлгіп, музыкаға елітіп, сұрақ қойған адамға иықтарын бұлғақтатып, «түсінбедім» деген ишара жасаудан әрі аспайды. Тіпті, сол құлаққаптың кесірінен машинаның ескерту сигналдарын да естімей, қиын жағдайға тап болғандар да жоқ емес. Құлаққап адамның есту қабілетін нашарлатады. Бұдан басқа да залалы аз болмаса керек. Американдық ғалымдардың айтуы бойынша, 2004 жылдан 2011 жылға дейін құлағын тығындап алып, көліктің астына түскен немесе ауыр жарақат алғандардың саны үш есе өскен. Олардың әуенге еліткендері соншалық, жақындап келген көлікті байқамаған. Ондай жағдайлар бізде де аз емес. Мамандар құлақ­қап­ты күніне 2 сағаттан артық тағудың зиян екенін ай­тады. Шудың тура жарғақтың түбінен естілуі – адамның жүйкесін жұқартумен қатар, оның жарғағын жарып жіберуі де мүмкін екен. Университеттердің дәрісханаларына дәріс жазуға келген студент қауымының көп бөлігінің ермегі – құлаққап салып алып, музыка тыңдау, солай уақыт өткізу. Әсіресе, қыздар жағы құлаққапты шашпен жасырып, түк білмегендей кейіп танытып отырады. Біле білсек, адам баласының дене мүшелерінің ішіндегі ең нәзік келетіні – құлақ. Ал, құлақ ішінде орналасқан жарғақша тіптен нәзік келеді. Оған үлкен дауыс ырғағымен құлаққап тақсақ, есту қабілетіміздің нашарлай түсері сөзсіз. Компьютер мен теледидарды үзбей жақын қашықтықтан қарау көзге кері әсерін тигізсе, үнемі құлаққаппен музыка тыңдап жүру құлақтың естуін әлсіретеді. Адам баласы айналасындағы ақпараттың негізгі бөлігін көру және есту мүшелері арқылы алады екен. Алайда, өкінішке қарай, осы «ақпарат көздерінің» жағдайы­на алаңдап, болашағын ойлап жүрген жан көрінбейді. Халықты әлеуметтік қорғау сала­сының мамандары жыл сайын мүгедектік алатын жандардың артып бара жатқанын айтады. Елімізде 150 мыңға жуық жан көз жанары бойынша мүге­дек­тік алса, тура осынша адам есту қабілетінің төмендеуінен зардап шегеді. Ендеше, көздері нашар көретін және есту қа­білетінен айырылған жан­дардың неге жылдан-жылға көбейіп бара жатқанына бір сәт ой жүгіртсек, артық болмас. Құлағым аман бол­сын десеңіз, жиілігі 60 децибелден аспайтын әуен тыңдаған жөн. Ал құлақты тығындап алу есту мүшесіне артық салмақ салады. Біз му­зыканы қатты шығарып тыңдағанды тәуір көреміз. Ал құлаққаптардың шығаратын дыбысы реактивті ұшақтар шығаратын дыбыспен пара-пар екен. Яғни, 110 децибелден ар­тық шу уақытша есту қабілетінен айыруы ықтимал, құлақ­тағы ызыңды тудыруы мүм­кін. Құлаққап киіп ұйықтау тіптен зиян. Әрине, құлаққап тағу әркімнің өз еркі ғой. Біздікі «саңырау болып қалмайық» деген жақсы ниеттен туған жазба.

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале