Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Болашақ пен Қайыңды ауылдарына жұмыс сапарымен барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Ауданның Тасқала ауданы шекарасында орналасқан Болашақ ауылында бірқатар игі шаралар жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Аққурай ауылындағы 1,3 шақырымдық ішкі жолға және Көпкүтір ауылындағы 6,9 шақырым көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жолға жауапты мердігер — «Братья Амангалиевы» ЖШС қос ауылдың кіреберіс және ішкі көшелерін көтеріп, құм мен қиыршық тас төсеу жұмыстарын орындауда.
Жолдардың жай-күйімен танысқан аудан басшысы мердігер мекеме басшысы Жанболат Аманғалиевпен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелесті және округ әкімі Артур Берденовке нақты тапсырмалар берді.
— Ауыл тұрғындарына барынша жағдай жасаумыз қажет. Олардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әсіресе ауыл ішіндегі жолдарды ретке келтіру — біздің басты міндетіміз. Жігіттер, сапаға жұмыс жасау керек. Ауылдың болашағы — еліміздің дамуы. Барлық жұмыстарды мұқият қадағалап, сапалы орындауды тапсырамын, — деді аудан басшысы.

Сапар барысында аудан әкімі Аққурай, Көпкүтір, Болашақ және Жаңатаң ауылдарын аралап, әлеуметтік нысандардың жұмысын тексерді. Әлеуметтік нысандардың қызметі қалыпты жағдайда. Әсіресе Жаңатаң ауылындағы мектеп пен шағын орталықтың жылыту қазандықтары жаңадан ауыстырылған; бұл жұмысты аудандық білім бөлімі басшысы Самал Жангереева мен ұжымының нәтижелі еңбегі деп атауға болады.

Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында аудан басшысы Болашақ пен Қайыңды ауылдарындағы тұрғын үй құрылысы жұмыстарының барысымен танысты.

Аудан басшысының бұл сапары ауылдағы өзекті мәселелерді шешуге серпін беріп, жұмыстардың сапалы әрі уақтылы атқарылуына ерекше көңіл бөлінетінін көрсетті.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы