«Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру мемлекеттің басты міндетінің бірі. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауынан
Незігінен мұнай-газ өндіріп отырған өндірісті аудан болғанына қарамастан біздің ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы ауданда атқарылатын істердің басым бағыттарының бірі боп қала береді. Бүгінгі таңда аудан бойынша барлығы 337 шаруа құрылымдары тіркелген. Оның ішінде 266 шаруа қожалықтары, 22 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, 27 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері және 22 жеке кәсіпкерлер.
Өткен жылы Бөрлі ауданы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 8 млрд. 542 млн. теңгені құраған. 2023 жылдың тиісті кезеңінің деңгейінемен салыстырғанда 102% деуге болады. Ал аудан бойынша егістік алқабы 63 807 гектар. Соның ішінде дәнді дақылдар 17 581 га. Негізі жоспар бойынша 16 710 гектар болған. Аудан бұл жоспарды 105,2% асыра орындаған.
Сондай ақ, майлы дақылдар бойынша 7 495 га. игерілген. Яғни бұл жерде де жоспар 100,6 % жүзеге асқан. Ал енді мал азықтық дақылдарға келсек, жоспарланған 5650 гектардың орнына 6 264 га.егіліп, бұл жұмыс 110,9 %орындалған. Былтырғы жылы 31 506 гектар жерге көпжылдық шөптер егілген. Сол сияқты 140 га.картоп 140 га., 88 га. көкөніс,13 га. бақша өнімдері егілген. Соңғы аталған үш өнім бойынша ауылшаруашылық мамандары белгіленген жоспардың үдесінен шыға алмапты. Десе де осы дәнді дақылдар туралы мәліметтерді нақтылай кетсек, аудан бойынша 17 531 га. дәнді дақылдар жиналып, 17 мың тонна өнім алынған. Майлы дақылдар бойынша 3615 га. жиналып, 4 мың т. өнім алыныпты.
Картоп бойынша жиналған 138 га., (өніміділігі 198 ц/га), 2734 т. өнім жиналған. Көкөніс дақылдары бойынша жиналған 87 га., (өнімділігі 136 ц/га), 1179 т. өнім алынса, бақша дақылдары бойынша жиналған 13 га. 232 т. өнім алынған. Біздің ауданымызда өңіріміздің агроөндірістік кешенін дамыту мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. Жақында өткен қоғамдық келісімнің отырысында аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов былай деп баяндады: «Қазіргі уақытта аталған мақсатта әлеуметтік маңызы бар 3 (үш) инвестициялық жоба іске асырылу сатысында.
Біреуі де бірегейі, «Достық-Қоныс» ЖШС-ің етті мал шаруашылығын дамыту бағытында асыл тұқымды малды өсіру және бордақылау жөніндегі ауыл шаруашылығы кешенін салу. Жобаның қуаттылығы 3 мың бас. Құрылыс 2020 жылы басталып, аяқтау мерзімі 2026 жылға жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта қажетті 8 базаның екеуі салынды және осы жылы тағы 2 базаның құрылысы басталады, инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылымдар тартылды. Жоба іске асқанда тұрақты 35 жұмыс орындары ашылып, Ақсу ауылының дамуына серпін беретіні сөзсіз. (Бүгінгі күнге 104 ірі қара сатып алынды, соның ішінде аналық - 100 бас; бұқа – 4 бас. Сондай ақ, 2024 жылы 1750 га. дәнді дақылдар, 120 га. бір жылдық мал азықтық дақылдары егілді).
Екінші үлкен жоба, өңіріміздің агроөндірістік кешенін дамыту жобасы аясында «Amanat» шаруа қожалығы. Осы қожалыққа облыстан арзандатылған несие бөлу туралы қолдау сұраған болатынбыз. Бүгінгі таңда тиісті қаражат бөлініп, ауылшаруашылық техникасын, 80 га. суармалы аймаққа арналған жаңбырлатып суару кешенін, сүт фермасының қажетті жабдықтары сатып алынды. Сонымен қатар, Венгрия елінен «Хунланд-Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 373 бас сүтті бағытындағы голштин тұқымды ірі қара малын сатып алды. (35 ірі қара еліміздің басқа аймақтарынан сатып алынбақшы). Нәтижесінде «Amanat» шаруа қожалығы сүтті бағыттағы ірі қара малын 600 басқа ұлғайтып, күніне 6 мың литр сүт өндіретін болады.
Ал үшінші жоба Жарсуат ауылындағы суармалы алқаптарды ұлғайту. «Жарсуат» ЖШС-де 950 га. суармалы жер бар. Оның бүгінгі таңда 222 гектары игеріліп отыр, оның ішінде 128 га. картоп, 84,5 га. көкөніс және 9,5 га. бақша дақылдары егілді. Жалпы, суармалы алқапты толық пайдалану 2028 жылға жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2025 жылы сыйымдылығы 7,0 мың тонна картоп және көкөніс сақтауға арналған қойма құрылысы жоспарлануда».
Бұл үлкен жобалар жүзеге асырылғанда Ақсу, Пугачев, Жарсуат ауылдарында тұрақты жұмыс орындары ашылатыны қуантады. Ал бұл қосымша салық көздері пайда болады деген сөз. Сонымен бірге аудан тұрғындарын сапалы ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Осы жерде «Aqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы туралы бірер сөз. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында іске асырылып отырған «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 32 ниет білдіруші жалпы сомасы 283,3 млн.теңгеге «Aqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өтінім тапсырған. (Осы өтінімдер бойынша мал шаруашылығы – 135,8 млн.теңгені құрайтын 17 жоба, құс шаруашылығы бойынша – 12,1 млн. теңгені құрайтын 4 жоба, техника немесе жабдықтар сатып алу бойынша – 135,3 млн.теңгені құрайтын 11 жоба). Оның 138,5 млн.теңгені құрайтын 13 өтінімі (2-мал шаруашылығы, 2-құс шаруашылығы, 9-техника немесе жабдықтар сатып алу) қаржыландырылған, 144,8 млн.теңгені құрайтын 19 өтінімі (15-мал шаруашылығы соның ішінде, 2-техника немесе жабдықтар сатып алу, 2-құс шаруашылығы) мақұлданған.
Бір сөзбен айтқанда, бөрліліктердің ауыл шаруашылығынан да, «Ауыл Аманатынан» да үміттері үлкен.
Дариға Нұрашова,
Бөрлі ауданы