Бәйтерек аудандық қоғамдық кеңесінің отырысы өтіп, онда күн тәртібіндегі мәселелермен қатар, тұрғындар тарапынан түскен өтініштер де қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша, яғни қоғамдық кеңестің БАҚ-пен арадағы байланысы жөнінде аталмыш кеңестің төрағасы Фархат Жалмурзин мен «Ауыл тынысы» газетінің редакторы Сәкен Әбілхалықов баяндады. Екінші мәселе агроқұрылымдарды субсиялау жайында белестік шаруа қожалығының өкілі Сергей Бушмилев ой-пікірін айтты.
Содан соң аудан орталығының тұрғыны, көп балалы ана Қарлығаш Жонысова сөз алды. Олар 2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Переметный ауылынан үй алған. Алайда үйдің сапасы сын көтермейді екен. Қыста салқын. «Мемлекет тарапынан көп балалы отбасыларды қолдау бағытында көп жұмыс істеліп жатыр. Солардың бірі – баспанамен қамту. Мұндай игілікті біз де көрудеміз. Өз тарапымыздан Мемлекет басшысына, Үкімеке айтар алғысымыз зор,-деді ол.-«Баспаналы болдық» деген қуанышымыз ұзаққа созылған жоқ. Үйдің нашар салынуы салдарынан зардап шегіп отырмыз. Баспанамыздың іші сыз тартып тұрады. Соның кесірерінен былтыр қыста өзім ауырып қалдым. Жағдай осылай бола берсе, балаларымыздың да денсаулығына кері әсер етері анық. Үш жылдан бері осы мәселеге байланысты аудан әкімінің қабылдауларында да болдым, құзырлы құрылым басшыларына да айттым. Соған орай мердігер компанияның құрылысшылары келіп, жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын жасаған болады. Алайда одан еш пайда болып жатқан жоқ. Сол себепті аудандық қоғамдық кеңеске тағы да келуге мәжбүр болып отырмын».
Аудандық қоғамдық кеңестің өкілдері атап өткендей, осыған дейін Қарлығаш Жонысовадан түскен өтінішке орай құрылған арнайы комиссия оның үйінде болған. Шынымен де баспананың сапасы мәз емес. Үйдің іші дымқыл болуына орай іштегі ауа нашар, терезелердің алдына су жинала береді. Енді қоғамдық кеңестің ұсынысы бойынша сарапшылық комиссия бұл баспанаға барып, арнайы тексеріп-сараптау жұмыстарын жүргізбекші.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz