23.12.2021, 11:10
Оқылды: 47

Сарбаз болар кез келді

Әскер – мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылым. Қазақстан әскері қатарында ел тыныштығы үшін қызмет ету – әрбір азаматтың парызы. Мерзімді негізде Қарулы күштер сапына тұрған азаматтар бір жыл бойы әскери өмірдің қыр-сырын үйренеді. Теректі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Қадырбек Бегманов кезекті мерзімдік шақырту жайындағы сұрағымызға жауап берді.

IMG-20211221-WA0035

- Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 5 ақпандағы «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару» және «Қазақстан Республикасының азаматтарын 2021 жылдың  наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» №503 Жарлығы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 11 ақпандағы №57 Қаулысына сәйкес әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтар, сондай-ақ оқу орындарынан шығарылған, 27 жасқа толмаған және әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өткермеген азаматтарды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарына және басқа да әскери құралымдарға мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүргізілуде. Олар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдегі шақырту пунктінде,  карантиннің барлық талаптары сақтала отырып, медициналық комиссиядан өтеді.

Қазір 70 шақты теректілік  Қазақстан әскерінің қатарында мерзімді қызметін өтеуде.Биылғы күзде  аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскери есебінде тұрған 50 тарта  азамат мерзімді әскери қызметке шақырылды. Соның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне 31 азамат шақырылды.  7 жігіт «Ұлтық Ұлан» әскери қызметінде сапқа тұрды. Жыл аяғына дейін «Ұлттық Ұлан» әскери командалары жасақталады, - дейді Қадырбек Төребекұлы.

Күзгі шақырылымда әскер қатарын толықтырған жастың бірі – жерлесіміз Аян Хайрекеев.

Ұлын Отан қорғауға аттандырған әкесі - Аңқаты ауылдық округі әкімі Асқар Хайрекеев:

-Ер бала – отбасының тірегі, елінің қорғаны. Мықты қорғаны болмаған елдің болашағы да бұлыңғыр. Ал намыс туын желбіретіп, жауының құтын қашыратын әскер от жүректі жастардан құралады. Мен өз ұлым «әскерге барамын» дегенде қуандым. Әскерге ол мамандық иесі болып аттанды. Жоғары аграрлық-техникалық колледжінен «өрт қаупсіздігі инспекторы» мамандығын алып шыққан Аянның өз Отанына пайдалы боларына сенімдімін. Ол қараша айында Отан алдындағы борышын өтеуге кетті. Отбасымызбен оған  ақжол тілеп, шығарып салдық. Қазір Аян Ақтау қаласындағы әскери бөлімде. Күні кеше ант қабылдауына барып, көңілімізді бірлеп келдік. Әскерден келген соң балама  қызмет жасауға  мүмкіндік аясы кең боларын білеміз, – дейді Асқар Хайрекеев (суретте).

Міне, елжанды азаматтың сөзі. Баласына «денсаулығына байланысты жарамсыз» деген шешім шығартуға барын салып, таныс жағалап, лауазымын «алдына салып» себеп-сылтау іздеген кейбір әкелерге үлгі болғандай. Ұлы да әскерден жалтарып кетуді ойластырып жүретін жігіттерге қарағанда, ой-санасы оқ бойы озық.

Осы жерде айта кетеріміз, Теректі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы әскер қатарына барудан жалтарған азаматтар Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 387-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатындығын ескертеді. Ал, сол азамат тергеп-тексеру органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақыру пунктіне  өз еркімен келсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады екен.

- Мерзімді шақыртылу немесе әскерге байланысты басқа да сұрақтарыңыз болса, Теректі ауданы, Федоровка ауылы, Бейбітшілік көшесі 154 үйде орналасқан аудандық  қорғаныс істері жөніндегі бөліміне аяқтай келіп немесе 8(71132)21-3-41 байланыс телефоны арқылы толық мәлімет алуға болады, – дейді Теректі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Қадырбек Бегманов.

Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале