19.11.2022, 0:31
Оқылды: 264

Сарықұдық мектебі есігін айқара ашты

Балалар жылы Казталовка ауданының білім саласы үшін мерейлі жылдардың бірі болды. Өйткені ағымдағы жылы заманауи үлгіге сай күрделі жөндеуден өткен С.Есетов атындағы ОЖББМ мен Ғ.Молдашев атындағы ОЖББМ пайдалануға беріліп, заман талабына сай жабдықталды.

IMG-20221118-WA0196

18 қараша күні қуанышымыз еселеніп, халық сарғая күткен Сарықұдық негізгі орта білім беретін мектебі білім алушыларға есігін айқара ашты.

20221118062258_IMG_9414

Білім ордасының ашылу салтанатына БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев, аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Сарсенбай Молдашев қатысты. Қадер Қадырәліұлы мектептің құрылысы барысында мердігер тарапынан қиындықтар туындағанын жасырмады.

20221118061918_IMG_9406

-Қазіргі таңда ауданымыздың инфрақұрылымын дамыту бағытында ілкімді істер атқарылуда. Мәселен, ағымдағы жылы аудан орталығында екі қабатты, 12 пәтерлі қос тұрғын үй бой көтерсе, алдағы уақытта Казталов және Жалпақтал ауылдарында көп пәтерлі үйлер салуға жобалар дайындалуда. Ал, білім саласы бойынша ауданымызда 600 орындық А.Оразбаева атындағы ОЖББМ мен Жұлдыз ауылындағы А.Хұсайынов атындағы ОЖББМ-нің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылында мемлекеттік қаржы есебінен 8 мектеп пәндік кабинеттермен жаңартылып, жыл соңына дейін 4 мектеп химия кабинеттерімен жабдықталатын болады. Бүгінгі таңда Сарықұдық негізгі орта білім беретін мектебін пайдалануға беріп отырмыз. Шыны керек, қызылордалық мердігер «РеалСтройСервис» ЖШС өз жұмыстарын тиісті деңгейде атқара алмады. Дегенмен, БҚО құрылыс басқармасының ықпалымен мектептің құрылыс жұмыстары қарқын алған болатын. Оқушыларымыз жаңа ғимаратта сапалы білім алып, еліміздің абыройын асқақтатады деген сенімдеміз, - деді аудан әкімінің орынбасары.

Әлібек Сайынұлы аудан жұртшылығын кезекті қуанышымен құттықтап, Сарықұдық мектебінің өңірімізде пайдалануға беріліп жатырған 4-ші білім ордасы екенін атап өтті. Облысымыз бойынша ағымдағы жылы Орал қаласында 1 мектеп, Бәйтерек ауданында 2 жаңа мектеп пайдалануға берілген.
Заманауи мектепте экоаймақ, коворкинг орталығы, спорттық үйірмелер оқушылардың бос уақытының тиімді өтуіне септігін тигізеді. Сынып бөлмелері де бүгінгі күн талабына сай жабдықталып, балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Өзі білім алып жатырған алтын ұяның тарихын жатқа білетін мектеп парламентінің президенті Диляра Бектемирова өзінің қуанышын жеткізді.

-Бүгін туған ауылымызда жаңа нысан, мектебіміз бой көтерді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Жалпы Сарықұдық негізгі орта мектебі 1977 жылы 8 жылдық мектеп ретінде ашылып, оқушылар қазақ тілінде білім алған. Ескі ғимарат 110 орынға есептелген. Қазіргі уақытта мектебімізде бастауыш, негізгі орта оқу бағдарламалары жүзеге асырылуда. Мектептің ұстаздары, оқушылары, ата-аналар заманауи үлгідегі ғимараттың ашылуына орай облысымыздың және ауданымыздың атқамінерлеріне шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Біз осындай жайлы, жылы ғимаратта білім ала отырып, мектеп ұстаздары мен шәкірттері білімнің биік шыңын бағындырамыз деген сенімдеміз, - деді ол.

20221118062916_IMG_9432

60 орындық білім ордасында 75 бала білім алуда. Мектептегі барлық сынып бөлмелері ғаламторға қосылып, интерактивті тақтамен жабдықталған. Ал, кітапханада 10 орындық оқу залы, мәжіліс залында 60 орындық көрермен залы бар. Қазіргі таңда 24 ұстаз оқушыларға сапалы білім беруде. Оның ішінде 2 педагог-зерттеуші, 6 педагог-сарапшы, 7 педагог-модератор және 1 жоғары санатты мұғалім бар. Мектеп оқушылары да аудандық, облыстық, республикалық білім сайыстарында, спорттық додаларда, мәдени-көпшілік байқауларда топ жарып жүр. Мәселен, мектептің 8 сынып оқушысы Жансерік Сағынгерей өзінің бос уақытында анимациялық мультфильмдерді түсірумен айналысады. Ол өзі әзірлеген «Бауырсақ» ертегісі желісімен дайындалған, 300 кадрлық анимациялық мультфильмін көпшілік назарына ұсынды.

Білім нысанының ашылу салтанатына келген қонақтар мектептің тыныс-тіршілігімен танысты. Ал, қуанышқа ортақтасқан «Үлгілі Қыз Жібек» ансамблі Естай термесінің мақамына келтіре отырып, Сарықұдық мектебіне жырдан шашу шашты.

Әр жыл сайын көркейіп
Сарықұдығым жайнашы
Биіктерге жетейік,
Болсын аудан айнасы

Елің үшін табылдың
Сізден үлгі аламыз
Жанашыры ауылдың,
Нұрлыбайдай ағамыз!

Көңілдерің жайнасын
Қызу тірлік қайнасын,
Ата -дәстүр салтымен,
Шәкірттері сайрасын!, - деді жас термешілер.

Асылбек Нәсіпқали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале