Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арналған кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығы мәселесін басты назарда ұстау керектігін айтқан болатын. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету екенін айтты. Сондықтан, осындай еселі еңбектің майданында жүрген майталмандар қандай құрметке де лайық! Ауылда тұрған соң мал бағып, ата кәсіпті жалғағанға не жетсін?! Сол бір кәсіпті жалғап, ауыл шаруашылығының дамуына өз үлесін қосып жүрген жандар қатарында Теректі ауданына қарасты Сарыөмір ауылының тұрғыны, менің қайын атам – Беймбет Ғұбайдуллин де бар.
Ол 1981 жылдан бастап, әкесінің құрығын ұстап, ата кәсіпті қолға алып, төрт түлікті түлетіп отырған жан. Жылқыны қайырып келу, бие байлау,бие сауысу секілді шаруалардың арасында өскен атбегі бүгін де Сарыөмір халқының малын бағып отырған бақташы. Қазіргі таңда «Кірпі» қыстағын мекен етіп, халықтың 200 бас ірі қарасын, екі үйір жылқысын бағып, сонымен көктеп-көгеріп, нәпақасын тауып отыр. Әкесі Ғұбайдуллин Шайдолла кезінде атағы жер жарған жылқышылар санатында болды. Астына аласұрған айғырлар мініп, саптамасына сегіз өрім дырау қамшысын сұға салатын батыр тектес жан болған екен. Қазір де Беймбет Шайдоллаұлы адал кәсіпті жанына серік қыла отырып, үйір-үйір жылқының бабын тауып, балаларын ата кәсіпті игеруге баулып отыр. Бақташының өзі 1965 жылы, Теректі ауданы, Сарыөмір ауылы, «Кірпі» қыстағында дүниеге келген. Алты баланың әкесі.
Беймбет Шайдоллаұлы жаратқан «Теренок» жабы жылқысы бәйгеге шауып, талай жүлденің басын қайырған, әр қиырдан жиналған жүйріктерді шаң қаптырған. Жақында атбегінің марапаттар қатары аудан әкімі Тілек Ғабдушевтың ауылшаруашылық мерекесіне орай берілген алғысхатымен толықты. Ала жаздай жайлаудағы жанталас пен қыста қорадағы қарбалас – қажырлы еңбекті талап етеді. Сол еңбекпен келген нан да тәтті. Мінсең көлік, жесең ас, төрт түлігің сай, жерің қолайлы, жайылымың шұрайлы болса малшыға да, мал иесіне де қолайлы болары сөзсіз.
Бүкіл ел болып тойлайтын ауылшаруашылық қызметкерлерінің төл мерекесімен мен де қайын атамды құттықтаймын. Еңбегіне табыс, деніне саулық тілеймін.
Келіні Аида Есенаманқызы,
zhaikpress.kz