Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің экономикасымен қатар әдебиеті мен мәдениетін де дамытуды алдыға мақсат етіп қойған болатын. Осы уақытқа дейін мақала аясында бірқатар жобалар мен игі істер жүзеге асырылып келеді. Соның бір дәлелі - 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні қарсаңында пайдалануға беріліп отырған Сатыбалды ауылдық клубы.
Казталов ауданы Сатыбалды ауылында сәні мен салтанаты келіскен ауылдық клуб есігін айқара ашты. Атаулы клубтың іргетасы 2015 жылы ауыл халқының асарлатып бастама көтеруімен қаланған болатын. Әйтсе де қолдың қысқалығы құрылыс жұмысын тұралатты. Қаңқасы қаланған ғимаратқа ауыл жанашыры, ауылдық мәслихат депутаты, «Райымбек» шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Сарбаев қаржы бөліп, өз деңгейіндегі жұмыстардың атқарылуына атсалысты. Ауылдың бірқатар азаматтары да ауыл балалары өнерінің шыңдалуына, бос уақыттарының тиімді өтуіне және ауыл мәдениетінің дамуына үлес қосып, қолдарынан келген көмегін аянып қалмады. Олардың қатарында бір топ шаруа қожалық жетекшілері де бар. Атап айтар болсақ, Ақылжан Абужалитов, Қанағат Абужалитов, Орынғали Қабдолов, Аманжол Қойшекенов, Нұрболат Адиетов сынды ел ағаларының қолдауының арқасында келбетті ғимарат ауылдың ажарын кіргізді. Ғимараттың құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтардың да еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Әсіресе құрылысшы Абай Хасановтың еңбегі көп.
Ауыл халқы асыға күткен әсем сарайдың ашылу салтанатына аудан әкімі Альберт Есалиев те арнайы қатысып, ауыл халқын қуаныштарымен құттықтай отырып, салтанатты нысанның құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға өз ризашылығын білдіріп, Руслан Сарбаевқа облыс әкімінің алғысхатын және Абай Хасановқа өз атынан алғысхат табыс етті. Сонымен қатар аудан әкімі ауылдық клубқа музыкалық құрылғыларды тарту етті. Ашылу салтанатынан соң Альберт Темірболатұлы ғимараттың ішінде орналасқан кітапхананың кітап көрмесімен танысты. Клубтың ашылуына арнайы келген облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов та елді мекен тұрғындарын қуанышымен құттықтап, клуб жұмысының жанданатынына сенім білдірді.
-Бүгін Казталов ауданы Сатыбалды елді мекенінде қуанышты жағдай. Әрине, Тұңғыш Президент күні қарсаңында осындай әдемі нысанның ашылуы халықтың қуанышын еселеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта осы жерден еліміздің абыройын асқақтатар өнер иелерінің шығатынына мен сенімдімін, – деп өз ризашылығын білдірді.
Клубтың ішінде мәдениет үйі мен ауылдық кітапхананың орналасуы өнер мен білім іздеген жандардың бір жерде тоғысуына өз септігін тиігізіп қана қоймай, буындар сабақтастығы мен халқымыздың мәдени мұрасының, әдебиетінің дамуына белгілі деңгейде үлес қосады деген сенімдеміз. Бұл сөзімізді ауыл тұрғыны, Сатыбалды негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Меңдігүл Темірғалиева да қостады.
-Іргелі мәдениет ошағының ашылып жатқанына қуаныштымыз. Ауыл тұрғындары атынан осындай игі істі атқаруға үлес қосқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Клубтың ашылуы жұмыссыз жандардың жұмысқа орналасуына да мүмкіндік беріп отыр. Яғни қосымша жұмыс көзі. Алдағы уақытта тұрғындар мәдениет ордасына жиі бас сұғады, ауыл мәдениетінің артуына үлес қосады деген сенімдемін, – деді.
Ауылдық клубтың ашылу салтанатында барлық санитарлық талаптар ескерілді. Ән айтылып, күй төгіліп, ауыл тұрғындары жүрекжарды туындыларын да паш етті. Сатыбалды елді мекенінің тұрғындары үшін бұл күн есте қалар тарихи мереке болғаны сөзсіз.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz