7.03.2024, 9:15
Оқылды: 31

Сауатты, дұрыс жазуға не кедергі?

Тіл – қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Қазіргі таңда дербес, тәуелсіз мемлекет болғанымызбен, өзге ұлтты айтпағанның өзінде, екі қазақ тұрып, орыс тілінде шүйіркелесетінін көзіміз көріп жүр. Ол – ол ма, қазақ бола тұрып, балаларын орыс мектебіне беретіндер санының күрт өскенін де естіп жатырмыз. Бұл – үлкен тақырып. Егер мұндай жағдай жалғаса берсе, ұлттың даралығы жойылатыны белгілі. Себебі тіл – мемлекеттің, ұлттың негізгі діңгегі.

көрген көзде

Біздің бүгінгі айтпағымыз көшедегі көз сүрінетін сауатсыз жазулар болмақ. Көшеге шықсаң болды, көзің бірден қызылды-жасылды қаптаған жарнамаға түседі. Иә, жарнама болғаны дұрыс. Қай жерде не барын сол арқылы білуге болады. Тек бір әттеген-айы, сол сауатсыз жазылған жарнамадағы толған қатені көргенде амалсыз жағаңды ұстайсың. Егемендік алып, етек-жеңімізді жинағанымызға да отыз жылдың үстіне шықты. Өз ана тілімізде қатесіз жазып, қазақша сөйлесуге бізге кім кедергі? Ана тілімізде сөйлеп, өз тіліміздің одан әрі дамуына неге үлес қоспаймыз? Осы ой қатты мазалайды. Осыған орай Тасқала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің статисі Азамат Сүлейменовке жолығып, көше атаулары мен жарнамаларда кеткен қателер жөнінде білген болатынбыз.

– Біз «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң нормасына сәйкес көрнекі ақпараттарды орналастыру бойынша әдістемелік көмек көрсетеміз. Заң бойынша жауапқа тарта алмаймыз, тек әдістемелік көмек ұсынамыз. Ал көше атауының жазылуына қатысты айтар болсақ, бұл жеке үй болғасын, сол үйдің қожайыны жауап береді. Негізі бұлардың себебі көп болуы мүмкін, мәселен, техникалық құжатында бұрынғы атауымен тұруы немесе ол маңдайшаны жасайтын қаражатым жоқ деуі мүмкін. Оларға мемлекеттен ақша бөлінбейді. Мемлекеттен тек қиылыстағы көше атауларына қаржы бөлінеді. Біз көше атауларына қатысты әкім аппараттарына бақылауға алу туралы хат жібердік. Негізі олар көше атауы ауысқан кезде хабар беруі керек. Бірақ айтылғанымен, істелмейді. Былтыр мектептер мен мекемелерге, әкімдік пен балабақшаларға барып, маңдайшадағы жазудың дұрыс не бұрыс жазылғаны жөнінде түсіндіріп шыққан болатынмын. Осы бағытта қазан, қараша, желтоқсан айларында 23 жеке мекемеге барып, жаднама қағаздарын үлестірдім. Барлығын түсіндірдім, қате жерлерін көрсеттім. Бірақ нәтиже жоқ. Былтыр аудан орталығындағы көшелерді бақылау барысында атаулардың әркелкі көлемде, әр түрлі материалмен жасалғаны, көркі мен сәнінің түрліше болатыны, жазу тілінің барлығы бірдей тиісті заң талаптарына сәйкес емес екені анықталды. Жазылу тіліне келер болсақ, орыс тілінде жазылған, мемлекеттік тілде жазу барысында қате жіберілген нұсқалары да кездесті. Көше атауын түрлі емлемен, түрлі тіркесте жазу жиі кездеседі.

b2c21acc-2a88-4da4-a921-a1a6f4169147

Мысалы, Скоробагатов – Скоробагатова, Қ. Сәтбаев – К. Сатбаев және тағы басқасы. Одан бөлек ескі кеңестік үлгідегі көше атауларының әлі күнге ілулі тұруы немесе бір көшенің бойында түрлі атаудың ілінуі секілді олқылық көп. Жеке сектордың өз қалауынша аншлагтарды орнатуы да еліміздегі тіл саясатын, ұлттық идеалогияны жүргізуде үлкен кедергі туғызып отырғаны жасырын емес. Бұл бағытта біз қарап отырған жоқпыз. Қолдан келгенше жұмыс жүргізіп жатырмыз. Былтыр «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық» атты көрнекі ақпаратты рәсімдеу мәселесі бойынша мониторинг жүргіздік. Бақылау барысында көрнекі ақпараттың не жарнаманың тек орыс тілінде жазылуы 80 пайыз, мемлекеттік тілде жазған кезде стильдік қатеге бой алдыру 15 пайыз, мемлекеттік, яғни қазақ тілінде жазған кезде емле қатесін жіберу 10 пайыз екені анықталды. Одан бөлек «ҚР тіл туралы» заңында көрсетілген мемлекеттік және орыс тілінде жазылған көрнекі ақпараттың орналасу тәртібі мен мәртебелі тілге басымдық беру қағидатын ұстанбау 5 пайызды көрсетті, – дейді статист маман.

Біз осы мәселеге қатысты аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандары жұмыс істемей отыр дегеннен аулақпыз. Неге әр жарнама иесі өз жұмысына жауапкершілікпен қарамайды? Сауатты, екі тілде дұрыс жазуға не кедергі? Әр тұрғын өз үйінің мекенжайын жазарда осы мәселеге назар аударса екен. Осыдан бастап біздің тілге деген құрметімізді байқауға болады. Әлі күнге дейін көшенің бұрынғы атауы тұрған жеке үйлерді де көзіміз көріп жүр. Айтсаң, сенен жаман адам жоқ. Айтпасаң, ішің күйеді. Қыруар қаражат бөліп, көше атауларын жаңартты. Бірақ соған неге дұрыс қарамаймыз? Сілкінетін уақыт жеткен сияқты.

Назерке Шайхолла,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале