Елімізде 28 шілде – Сауда қызметкерлер күні тойланды. Бұл күнді саудаға қатысы бар кез-келген адам тойлайды. Бірақ кәсіби мерекенің уақыты өзгеріп отырады, себебі жыл сайын шілденің төртінші жексенбісі белгіленген. Еліміздің дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына сауданың атқаратын рөлі зор. Қазіргі дамыған заманда нарықта әркім өз бетінше күн көріс қамы үшін жеке кәсібін ашып, оны дамытуды қолға алған. Дегенмен саудада табысты болу сатып алушының сұранысы мен тілектерін ескере отырып, заманға сай тауарды сату. Адамдардың түрлі қажеттілігін өтеуге сауда орындарының маңызы зор. Сауда кәсіпорындары жыл сайын дамып, тұтынушылар мен қызмет көрсетуге қойылатын талаптар да өзгеріп отырады.
Атаулы күн қарсаңында сауда саласында отыз жылға жуық қызмет етіп келе жатқан Батес Хайрушевамен әңгімелескен едік.
- Мен 1966 жылы сауда-экономикалық колледжін бітіріп, екі ай жұмыс істедім. Содан мені комсомолға жұмысқа жіберіп, 1968 жылға дейін жұмыс істедім. 1966 жылы комсомал жабылғасын, осы саудаға келдім. Саудамен айналысу үшін қорамда тұрған екі сиырымды 18 мыңға саттым. Ол уақытты 18 мыңға біраз нәрсе алатынбыз. Ол кезде сауда - бөлшек сауда деп аталды. Қазіргі кездегідей дүкендер көп болмады. Тауар бағалары арзан болды, бірақ біздің жүріп тұрғанымызға татитын. Әкелген тауарымызға 10-20% қосып сатамыз. Сауда жасау үшін ресей елінің Алғай деген жеріне баратын едім. 2009 жылы екі елдің шекарасына кеден қызметі қойылғасын одан өту қиынға түсті. Ал қазіргі уақытта Орал қаласынан көтерме бағамен алып, аудан тұрғындарына сатамын. Мен негізі мата өнімдері, тұрмыстық техникалар және түсқағаздарды сатумен айналысамын. "Әсем" деп аталатын жеке кәсібімді қызыма бердім. Сауданың арқасында балама үй де, көлікте алдық. Саудамен айналысамын деген адамдарға айтарым пара бермей, адал түрде айналысу керек. Сонда ғана кәсібің өрге домалайды. Айта кету керек, сол уақытта сауда корпорациясын Зейнолла Гумаров басқарды. Зейнолла аға басқарған жылдары облыста 16 аудан болса, Казталов ауданы І орынды тұратын. Ол кісі өз ісіне тиянақты, жауапкершілікпен қарайтын. Тағы бір есіме түсіп тұрған жайт, 1965 жылы алатын жалақымыз 27 рубль болды. 1965 жылы Жеңістің 20 жылдығына байланысты алатын жалақымызды 65 рубльге көтерді. Сол кезде екі айлық жалақымды жинап анама апарғанда, таңқалғаны бар, - деді кейіпкеріміз.
Мейірім Парасат,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz