Қазіргі таңда Жәнібек ауданы бойынша ғана емес жалпы қала, облыс, тіпті республика көлемінде басты мәселенің бірі болып қаралып отырған тақырып білім сапасы екені мәлім.
Көрнекі фото
Ауданда соңғы 2022-2023 оқу жылдың Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша орташа ұпай 62,31 пайызды құрап, 6 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, төртеуі жоғары оқу орнының грантына ие болған. Ал 2021-2022 оқу жылында орташа көрсеткіш 67,8 пайыз. 12 оқушы «Алтын белгі» иегері және жоғары оқу орнының грант иесі атанған болатын. Яғни өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2022-2023 оқу жылында ҰБТ нәтижесі төмен. Мұның себебі неде болуы мүмкін? Білім саласында жүйенің жоқтығы ма, әлде аудан мұғалімдерінің біліктілігі төмен бе? Мүмкін «телефонға тәуелді» оқушылардың сабаққа құлшынысы жоқ шығар. Мәселенің анық-қанығын анықтап, сараптап көруге бекініп, аудандық білім беру бөлімімен байланыс жасадық.
- Қай салада болмасын ондағы жұмыстың нәтижесі сапамен өлшенеді. Сапалы оқыту және өздігінен оқып білім алуға баулу негізінде ғана оқушылардан парасатты азамат тәрбиелеп шығаруға болады. Ауданда жалпы білім беретін 10 мектеп, 2 негізгі орта мектеп, 3 бастауыш мектеп пен 3 мектептен тыс білім беру ұйымы жұмыс істейді. Аталған мектептер биыл 2537 оқушымен бастап, І тоқсан соңында 2539 оқушымен аяқтады. Оның 291-і бірінші сыныпқа қабылданды. Білім сапасы биыл І тоқсанның көрсеткіші бойынша 52,9 пайыз болса, ол көрсеткіш 2022-2023 оқу жылының І тоқсанында 48 пайызды құрады. Салыстырмалы түрде көрсеткіштің төрт пайызға өскені байқалады. Дегенмен осы тоқсандағы деректерге сүйенсек, Ғ.Қараш және Т.Жароков атындағы мектептерде білім сапасы төмен, - деді аталған бөлімнің басшысы Асхат Молдағалиев.
Оның айтуынша, 2022-2023 оқу жылында ұлттық бірыңғай тестілеуге 128 оқушы, ал 2021-2022 оқу жылында 140 оқушы қатысқан. Оқушылардың нәтижесін жоғарыда жазып кеттік.
- Өткен жылға көз жүгіртсек биылғы оқу жылында нәтиже әлдеқайда төмен. Мұны пәндер бойынша тапсырманың 30 пайызы жаңарғаннан болар деп топшылаймыз. Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім дәрежесі мен іздену шеберлігіне байланысты. Сапаны көтерудегі ең өзекті мәселелердің бірі – мұғалімдерді даярлау және кәсіби шыңдау. Жаңа заман мұғалімі «дайын» білім көзі ғана болмай, оқушылардың танымдық іс-әрекетінің ұйымдастырушысы және үйлестіруші бола білуі, білімнің құндылық ретіндегі сипатына терең мән беруі, нәтижеге бағытталған білім беруде жаңа жолдар мен әдістер табуға дағдыланған маман болуы қажет. Аудандық әдістемелік бөлме әдіскерлері арқылы мұғалімдердің шығармашылық ізденістерін дамыту, кәсіби біліктіліктерін жетілдіру, өзара тәжірибе алмасу бағытында кәсіби байқаулар, конференциялар және дарынды оқушылармен жұмыс ұйымдастыру, оларды анықтау, танымдық деңгейлерін көтеру, шығармашылық жұмысқа баулу бағытында, танымдық шаралар өткізілу мақсатында әдістемелік көмектер ұйымдастырылып келеді. Ауданда биылғы оқу жылында 156 педагог біліктілігін арттырды, - деді А.Молдағалиев.
Ата-ана қайда қарайды?
Жалпы білім сапасын көтеру бағытында түрлі пікірлер айтылып та, жазылып та жүр. Балалардың сапалы білім алуына, тәрбиеленуіне көбіне мектеп мұғалімдерін жауапты қылып қоямыз. Негізінен, бұл жерде ата-ананың жауаптылығы аса маңызды. Ал бүгінгі ата-аналардың басым бөлігінің бала тәрбиесіндегі рөлі баласына жатар орын, ішер тамақ, киер киім алып беруімен шектеледі. Қалған шаруаның барлығын мектепке артып қойған. Олар балаларының сабағына қатыспақ түгілі, ата-аналар жиналысына да бармайды екен. Әсіресе, әкелер қауымына көңілі толмайтын аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Хамитұлы:
- Ата-ана тарапынан қадағалаусыз қалған балалар кітаптың бетін жылы жауып қойып, күнделікті сабағына қатысып жүре береді. Сонымен бірге балалардың білім алуына бірден бір кедергі келтіретін – ұялы телефон. Ұялы телефон ұстаған оқушының сабақ оқитыны екіталай. Баласы мектепке барғаннан бастап әр ата-ана мектеппен тығыз қарым-қатынаста болып, «Мектеп – ата-ана – ұстаз» үш тұғырын қолдау қажет. Қанша жұмысбасты болғанымен уақыт тауып аптасына, болмаса айына бір мәрте болса да, балаларының сабағына қатысып, оларды тыңдай отырып, жүріс-тұрысын қадағалаған жөн. Оқуға деген ынтасын, жігерін, талабын ұштап, отбасы құндылықтарымен қоса бала бойына сіңіре білу қажет. Сонда ғана саналы тәрбиені бойына сіңірген бала сапалы білім алып, қазіргі қоғамға сай өскелең ұрпақ өсіп шығары анық, - дейді Асхат Хамитұлы.
Одан бөлек ол: «Баланың біліміне мұғалім ғана емес, ата-ана да жауапты» деген ойда.
Әлбетте, әке мен ана үйде міндетті түрде қадағалауы тиіс. Тәртібі, білімі жақсы бала – ата-ананың ғана абыройы емес, мемлекеттің ұяты, беделі, болашағы. Сондықтан қоғам болып қадағалауымыз керек. Қалай болғанда да, ауданның білім сапасын көтеріп, саналы да тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеп шығарсақ қой. Ол үшін ата-ана, мұғалім, оқушы болып тығыз байланыста жұмыс жасаған абзал. «Білім сапасын арттыратын оқушыға тікелей жауапты әке мен шеше қандай пікірде?» деген ой келеді осындайда. Жәнібек ауылының тұрғыны Дамира Ғалиева ана ретінде ойын былайша жеткізді:
- Бір ұлым аудан орталығындағы Т.Жароков атындағы мектепте білім алса, екінші ұлым №1 мектеп-лицейінде оқиды. Екеуінің де сабақ үлгерімі өте жақсы. Үйге берілген тапсырманы уақтылы орындаймыз. Әр бала сабақты өзінің қабылдауына қарай әр түрлі қабылдайды. Біздің балаларымыздың сабаққа деген қызығушылығы өте жоғары. Бір күн мектепке бармай қалса, «қашан сабаққа барамыз?» деп асығып отырады. Мен үйде балаларыма телефон қаратпаймын, бермеймін. Соның арқасында болар екі ұлымның да білім алуға ынтасы зор және басқа нәрсеге алаңдамайды. Мектептегі мұғалімдері де қосымша тапсырмалар беріп, қызықтырып, қадағалап отырады. Мектептегі білім беру жүйесіне толығымен көңілім толады деп айта аламы, - дейді.
«Қазір қай мектепке барсаң да мұғалімдердің сабаққа қарағанда қосымша жұмысқа көбірек көңіл бөлетінін мен ғана емес, барлық ата-ана байқап жүр. Соның ішінде саудамен айналысатындар көп. WhatsApp желісіндегі статустарын аша қалсаң – кіл сауда. Барлық мұғалім деп айта алмаймын, бірақ ішінде біразы бірінші орынға сауданы қояды. Оны өз көзімізбен көріп жүрміз. Жасыратыны жоқ, неше түрлі иіс су, боянатын заттарды көрген жоғары сынып оқушылары да қызығып, мұғалімдерінен сатып алатынын, тіпті ақшасы болмаған кезде «сосын әкеліп берерсің» деп қарызға беретінін де кейбір ата-аналардан, өзімнің қызымнан естіп жағамды ұстадым. Бұл масқара ғой. Сонда оқуын бітірмеген оқушы қазірден бастап мектепте жүріп қарызға кіруді үйреніп отыр деген сөз емес пе?! Бала мектепке тек білім алу үшін бару керек деп ойлаймын», - дейді аты-жөнін жасыруды өтінген ата-ана.
Міне, сұмдықты қараңыз! Ол аз десеңіз, мұндай пікірлердің қатарын тағы бір «аты-жөнімді шығармасаңыздар» деп өтініш білдірген жан толықтырды. Ол жоғарыда айтылған жанайқайды растап:
-Қызымның үйге келгенде бірінші айтатын әңгімесі «мама, бүгін ана апай мынандай нәрсе сатып жатыр. Статусына осындай заттарды салып қойыпты. Сатып алайықшы» деп басталады. Бірнеше рет оған ескерту беріп, ондай әңгіме үйге жетпеу керегін, одан да сабағыңның қалай өткенін айт деп сөккенім бар. Қызым барлығын түсінгенімен, бұл әңгіме оқушылардың арасында да талқыланатыны анық. Біз үйден балаға «қой» дерміз, «айтпа» деп түсіндірерміз, бірақ мұғалімдер де өз әлеуметтік желілерін балалардан жасырып қойса және айналысатын қосымша істерін, саудаларын мектепке араластырмаса екен. Қазіргі оқушылар түсінбейді емес, барлығын біліп, түсінетін жаңа заманның ұрпағы. Мұғалім өз мәртебесін өзі осылай түсірсе, бала оны сыйламайды. Оның үстіне сабағын да дұрыс оқымайды. Ал бізге баламыздың сапалы білім алғаны керек. Бала мектепке білім алу үшін баратын еді, ал қазіргілер мүғалімнен бір нәрсе сатып алуға, бірге неше түрлі Tik-Tok видеоларын түсіруге барады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Осыны әкімшілік ескеріп, бақылауға алып, шара қолданса екен, - дейді.
Әрине, әр ата-ананың пікірі әр түрлі болады. Әйтсе де, пікір беруден бас тартқан ата-ананың «сөзім көп адамға жақпай қалуы мүмкін» дегені біраз ойландырды. Сондай-ақ біраз ата-ананың өз есімдерін не үшін жасырын болуларын өтінгенін сұраған кезде көбінің жауабы бір болды. Ол: «Балама немесе қызыма кесірі тиіп кете ме деп қорқамын» деген ойы.
Мұғалімнен зат емес, ақыл алайық!
Соңғы уақытта саудагерге айналған мұғалімдердің деңгейі жаға ұстатады. Газетімізде жарық көрген «Мектеп – базар, мұғалім – саудагер емес» атты мақаладан кейін аудан мұғалімдері біраз шүйлікті. Бұл бағытта ардагер ұстаздармен де пікірлесіп, белең алған жағдай туралы ойларын білдік. Киелі атты кірлеткісі келмейтін олар мұғалімнің саудамен айналысуына үзілді-кесілді қарсы. Атап өткен білім сапасының күрт төмендеуінің себебі осы шығар, мүмкін. Білім беру бөліміне жаңадан тағайындалған басшының ойы да осы бағытқа саяды. Оның ойынша, мұғалім бос уақыттында оқушылармен жеке шығармашылықпен жұмыстанса екен дейді.
Мектеп басшылары не дейді?
Биылғы оқу жылының 1-тоқсаны бойынша білім сапасы төмен деп анықталып отырған мектептің бірі – Т.Жароков атындағы мектеп. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары әрі аудандағы математика пәнінің тәжірибелі мұғалімі Меңсұлу Есенғалиевадан оқушылармен жұмыс барысында қандай қасиетті басшылыққа алғанда білім сапасы көтерілетінін және мектептегі білім сапасы соңғы 3 жылда қалай өзгергенін сұрадық.
- Аудан бойынша білім сапасы былтырғы оқу жылында жақсы көтерілді деп айтылған болатын. Жалпы білім сапасының көтерілуі немесе түсуіне оқушы саны көп болғандықтан біздің мектептің үлесі көп. Өткен жылдармен салыстырғанда былтырғы оқу жылындағы білім сапасы айтарлықтай жоғары болды. Мұғалімдер оқушылармен қосымша жұмыс жасап, білім сапасының қарыштауына жұмыс жасады. Ал енді біздің мектептің білім сапасы соңғы 3 жылда қалай өзгергенін статистикалық мәліметтермен баяндайын. Білім сапасы 2020-2021 оқу жылы 45%-ды құраса, 2021-2022 оқу жылы 44%, ал 2022-2023 оқу жылы 52 пайызды құраған болатын. Алайда биыл оқу жылының 1-тоқсанында 48%-ға төмендеп кетті. Қазіргі таңда ұстаздарымыз оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, білім деңгейіміздің қалыпқа келуіне қосымша жұмыс жасауда. Бірақ оны мұғалімдердің ғана жауапкершілігіне артып қою дұрыс емес,- деді.
Ардақты мамандықты арқалап жүргендерді ақтағысы келді ме, сыпсың сөздер мен дәлелге негізделген ақиқаттан арашалап алғысы келді ме, әйтеуір осылайша түйіндеді.
Ал енді аудан жұрты құрметтейтін, білім саласына тік тұрып қызмет еткен, Қамысты ауылындағы Е.Ниетқалиев атындағы мектепке саналы ғұмырының 33 жылын арнаған ардагер ұстаз Тоқтағаным Үмітаеваның пікірін алуды жөн көрдік. Ардагер ұстаздың пікірін алуымыз аталған мектепке басшылық еткен жылдары ауыл мектебі аудан, облыс бойынша «Алтын белгі» иегерлерінің саны жағынан І орынды бермеген. Одан бөлек ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткішінен республикада үздік 20 мектептің қатарында болған еді. Қазіргі таңда алтын белгі саны жағынан төмендеп, үздік мектептердің қатарынан табылмай отыр. Білім сапасының деңгейі төмендегенінің себебін анықтау үшін де Тоқтағаным Төлешқызына хабарласқан болатынбыз.
- Мен мектепті 1999 жылдан 2016 жылға дейін басқардым. 2004 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу Жәнібекте басталғанда біздің мектеп аудан бойынша 3-ші орын, 2005 жылы 2-ші орын, 2006 жылы 1-ші орында болған. 2007 жылы аудан бойынша 1-ші «Алтын белгіні» де біздер алған едік. Солай 2007 жылдан 2015 жылды қоса он екі «Алтын белгі» алдық. Ол кезде білім сапасы өте жоғары болды. Біріншіден, ол басшыға байланысты, ұжымды дұрыс басқара білу керек. Екіншіден, темірдей тәртіп болуы керек. «Тәртіп — тәрбие бастауы» деп бекер айтпаған ғой. Тәрбие бар жерде білім де дұрыс қонады. Ал осының барлығы қатаң тәртіптен басталады емес пе?! Менің байқағаным, қазір біздің мектепте кейбір ұстаздар қарапайым халықтың баласына мән бермей өздерінің балаларына бар көңілін бөлетін сияқты. Сондықтан ата-анамен ұстаздардың арасында түсініспеушілік туындайды. Балалармен жүйелі түрде қосымша сабақтар өткізу керек. Сонымен қатар соңғы уақытта той-думан көп қой, көптеген ұстаз жұма болса болды қалаға сұранып кетіп жатады. Бұл да білім сапасының төмендеуіне үлкен әсерін тигізеді деп ойлаймын. Бос уақытын кітап оқуға, қосымша ізденуге, сабағына түрлі әдіс енгізуге жұмсаудың орнына апта сайын тойлатып, қала берді қосымша сауда-саттықпен айналысып жүрген мұғалімдерімізден қайдан сапалы білім, білімді ұрпақ шықпақ? Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Білікті, тәжірибелі ұстаздар жоқ деп те кесіп айтуға болмайды. Дегенмен бүгінгі күні бос уақытын оқушыларына арнай алатын, таза нәтижеге жұмыс жасайтын мұғалімдер азайып барады, - деп терең күрсінді білікті ұстаз.
Оқулығың осал болса, оқушыны кінәлама!
Білім сапасына жауапты мұғалімдер мен ата-аналарды, оқушыларды, мектеп директорларын да сөйлеттік. Енді оқулықтардағы көзге түсетін қателіктерді айтпай кетуге болмайды. Бұл да білім сапасына әсер етуші фактор. Мысалы, бір ғана ағылшын тілі оқулығындағы олқылықтар ұлттық құндылықтарымызға қарсы. Үнемі кітаптың төмен жағынан орын алатын Туымыз, «қазақ баласының сүйікті тағамы – лағман» деген ақпарат оқушының бойындағы патриоттық сезімді дамыта ала ма? Ойлап көріңізші, Ө. Тұрманжановтың бәріміз жаттап өскен:
Нан қиқымын шашпаңдар,
Жерде жатса, баспаңдар.
Теріп алып, қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар, - деген өлең жолдары 1-сыныптың «Ана тілі» оқулығында «нан қоқымы» деп берілген.
Осыдан кейін жас ұрпақ сөзұғар емес, тілбұзар боп өседі. Ардагер ұстаз Тоқтағаным Үмітаева осындай оқулықтарға риза емес екенін жеткізді.
«Оқулықтардың сапасы өте төмен. Арасында химиядан Ұлттық бірыңғай тестілеуге оқушыларды тегін дайындаймын. Өткен жылдардағы кітаптармен дайындаймын. Себебі оқушылардың өзі қазіргі оқулықтардың мәтіндері түсініксіз, мүлдем нашар деп айтады. Өзім ескі оқулықтарды пайдаланған соң, қазіргілердің жағдайы маған беймәлім. Бірақ салыстырмалы бүгінгі күннің оқулықтары сапасы жағынан нашар, жүйесіз деп ойлаймын», - деді Т.Үмітаева.
Түйін. Жоғарыда айтылған пікірлерге, жалпы бүгінгі күні білім сапасы мәселесі көтерілген кезде көрсетілетін сандық мәліметтерге қарап отырсақ, бір-бір үйде отырған балалардың білімі осы сандарға сәйкес келе ме деп ойланып қаласың... Яғни сан бар, ал сапа қайда деген ой келеді. Себебі әріге бармай, 10 жылға артқа шегініп, бағалауды алып қарайтын болсақ, қазіргідей баллмен емес, білім деңгейі бағамен өлшенетін. Балалар екі алмауға тырысатын. Осының өзі сол кезде баланың сабаққа деген құлшынысын қазіргі сабақ ортасында қойылатын қалыптастырушы бағалау мен соңында берілетін баллға қарағанда көбірек арттыра ма деп ойлайтынымыз тағы бар. Оның үстіне қазір тоқсанда төмен балл, яғни екілік баға алған оқушысы бар мұғалім нашар мұғалім атанатын болды. Бұл мұғалімнің тура баға қоюйына кедергі келтіретін бірден-бір негіз деп білеміз. Өйткені ол оқушысына тиісті баға қоямын деп «нашар» атанғысы келмейтіні анық. Кей мұғалімдер оқушыға төмен баға қоймау арқылы «жақсы мұғалім» атанудың оңай жолын тауып алғандай.
Осылайша, тек біздің ауданда ғана емес, жалпы қоғамда мектеп мұғаліміне деген сенім азайып барады. Оны біз ұсынған ата-аналардың, бөлім басшысы мен ардагер ұстаздардың пікірінен де аңғаруға болады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен мұғалім мектептің айнасы емес пе еді. Осындай пікірлерден кейін мектептегі білімнің сапасы «сапа» емес, жай «сан» ба деп ойланып қаласың...
Айсұлу Жұмабай,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz