- Бейбітшілік туы астында көк байрағын желбіретіп, дамыған елдер қатарында көптеген жетістіктерге жетіп келе жатқан тәуелсіз еліміздің экономикалық даму үрдісі көңіл қуантады. Осының бәрі қазақ елінің тәуелсіздігі арқасында қол жеткізген табыстары деп білемін. Өзіме келсем, Жалпақтал ауылының қарапайым тұрғынымын. Алақандай ауылда өскен біз сияқты көп балалы отбасы үшін ауыл тұрмысынан асқан жайлы жер жоқ деп есептеймін. Оның үстіне үкіметіміз соңғы жылдары ауылға көп көңіл бөліп, оны дамыту жолында түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Соның арқасында көптеген ауылда бұрын-соңды болмаған игі істер кезең-кезеңімен қолға алынып, ауыл көркі де соңғы жылдары кәдімгідей ажарланып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен елімізде тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында біздің Казталов ауданында 2024 жылы 142 тұрғын үй салынып, өз иелеріне табысталып жатыр. Солардың қатарында мен де сол қуаныштың қақ ортасынан табылып, мемлекеттің тиімді бағдарламасының арқасында Жаңа жыл алдында баспаналы болдым. Қуанышымда шек жоқ. Жалғыз басты ана болғандықтан осы күнге дейін ата-анаммен, екі аға-жеңгеммен бір үйде 23 жан бірге тұрдық. Өзімнің екі балам бар.Тұрғын үй алу тізіміндегі кезегім келіп мемлекеттің қамқорлығының арқасында жаңа баспанаға қол жеткіздім. Сондықтан ажарлы ауылымыздың болашағын жақсартуға өз үлестерін қосып, ел Президентінің саясатын іске асырып отырған жергілікті билік өкілдеріне өз ризашылығымды білдіремін.
Табалдырығымыздан аттаған Жаңа 2025 жыл құтты болып, біз сияқты пәтерсіз жүрген ауыл тұрғындары алда да жаңа баспанаға ие бола берсін, - дейді Сәуле Өтемісқызы шынайы қуанышын жасыра алмай.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы