Шыңғырлау ауданында бір емес, үш табиғи тұзды аймақ бар. Солардың ішіндегі үлкені – Соркөл деп аталатын Алмаз ауылының маңында орналасқан тұзды көл. Аумағы 750 гектарға жуық айдыннан шипа іздеп келушілердің қатары жыл сайын көбеймесе, азаяр емес. Шипалы балшығы мен тұзды суы жұртшылыққа ертеден белгілі болғанымен, бұл аймақтың мүмкіндігін кеңінен пайдаланып, барынша қолайлы жағдай жасау туралы көпшілік ойламаған секілді. Осы көлдің басына келіп, ем алып, демалушыларға жағдай жасау мақсатында Алмаз ауылының тұрғыны Ашенова Сәуле өз қаражаты есебінен сатып алған киіз үйлерін жалға беру арқылы нәпақасын тауып отыр.
– Жыл сайын тұзға келгенде, осы жерді емдік шипажай мен демалыс орнына айналдырса ғой деген ой келетін. Себебі жүздеген шақырымды игеріп келген демалушылар алыстан қазан-ошағын, көрпе-көпшігін арқаланып келеді. Ал мен адам тек ем алып, демалуға келсе, басқа мұқтаждықты ойламаса деймін. Ойымды жүзеге асыру мақсатында осыдан 4 жыл бұрын Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен 2 киіз үй сатып алып, көл басына тіктік. Сонымен қатар күні кеше таныстарымыздан бос тұрған киіз үйлерді уақытша алып, орнаттық. Ішіне жер үстел қойып, көрпелерді де төсеп қойдық. Қосымша жуынатын шағын бөлме, әжетхана, қоқыс жәшігі де қойылды. Сонымен қатар тапсырыс берсе қуырдақ, кәуап пісіріп береміз, - дейді Сәуле Юрматықызы.
Расымен, Алмаз ауылынан бес шақырым қашықта орналасқан тұзды көлге келушілер тек аудан тұрғындары емес, жақын орналасқан Қаратөбе, Сырым
аудандарынан да, тіпті көршілес Ақтөбе облысынан да көптеп келуде. Осы жұртшылық ендігі жерде алыстан қазан-ошағын тасымай, жағдайы жасалған киіз үйлерге разы болып, қазіргі күні сұраныс жоғары болып тұр. Себебі қажетті құрал-саймандарды тұздың басынан алған бәріне қолайлы. Оның үстіне 3 тонналық су тасығышпен ауылдан таза ауыз су да әкеліп қойған. Отағасы Ауған соғысының ардагері Арман Төлебайұлы екеуі ұл-қыз өсіріп отырған отбасында отанасының бастаған кәсібіне бәрі де қолдау білдіруде. Үлкен ұлы аудан орталығында жұмыста болғанымен мектеп жасындағы қыздары анасына көмектесіп, таңертеңнен кешке дейін көл басында жүреді. Әр қайсысының өзіне жүктелген міндеттері бар.
– Көпшілікке «Жеті кереметімен» әйгілі ауданымызда расымен де бәрі бар. Әлемдегі ең кіші сарқырама, таулар, орманды жерлер, өзен-көлдер, тіпті тұзды көлді де аудан аумағынан таба аласыз. Осы жерлерді мүмкіншілігіне қарай туристік орындарға айналдырған жақсы ғой. Менің де қолдау болып жатса, көл басына құдық қаздыру, жарық өткізу, тағы да киіз үйлер, шатырлар сатып алу сынды жоспарларым бар. Ресей елінің Тұзтөбесі сияқты халық көп келіп, ең бастысы шипа алатын жерге айналдырсақ, сол үшін барлық жағдайды жасап қойсақ, – дейді Сәуле. Табиғат аясында тазалықты сақтау қағидатын ұстанатын ол кей «меймандар» өздерінің қоқыстарын жинамай кететінін айтып қынжылады. Өздері отбасы мүшелерімен күнде кешкісін көлді жағалай жүріп, барлық демалушылардан қалған қалдықтарды жинауды әдетке айналдырғанын айтады.
Шипалы тұзды көлде сирек кездесетін «артемия» құрты мекен етеді. Оны косметикалық мақсатта белсенді биологиялық қоспаларға арналған шикізат ретінде пайдаланады екен. Аталмыш жәндіктің жұмыртқалары әлемдік нарықта зор сұранысқа ие. Сондықтан болар, кейіпкеріміздің айтуынша өткен жылдары арнайы құрт жинаушылар келіп, сүзіп алып кетуіне байланысты көптен бері шаян тәріздес артемия құрттары мүлде көрінбей кеткен. Дегенмен биыл құрттың қарасы көбейгенін айтып, қуанышын жасырмады.
– Соркөл тұзын туристік шипажайға айналдыру мақсатында инвесторларға, жергілікті кәсіпкерлерге құлаққағыс етіп жүрміз. Орналасқан орны да ыңғайлы. Орал қаласынан Самара-Шымкент тасжолы бойымен Алмаз ауылының бұрылысына дейін 252 км, сол жақ бұрылыстан Соркөлге дейін 8,5 шақырым. Соркөл тұзы маңынан газ, электр желісі инфрақұрылымдары өтіп жатыр. Жалпы, емдік қасиетінен хабардар халық тұз суына бір түсіп кету үшін міндетті түрде жыл сайын келуге тырысады екен. Сәуле Юрматықызы осыдан бірнеше жыл бұрын бұл кәсіпті қолға ала бастап еді, бүгінде жұмысын жолға қойып алды. Егерде Сәуле апамыз болашақта қызмет көрсету аясын кеңейтіп, тиімді жоспарын бөліссе, біз де әкімшілік тарапынан жан-жақты қолдау білдіруге даярмыз, – дейді Алмаз ауылдық округінің әкімі Сағындық Қалниязов.
Сәуле Юрматықызы еш-кімге алақан жаймай, еңбек ету қажет екенін айтады. Үйде де төрт түліктің түрін түгел өсіріп, сиыр сауып, май шайқап отыр. Ауылға белгілі тігінші атанған Сәуле тапсырыс бойынша көйлек-көншек те, онымен қоса, мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арналған мектеп формасын да тіккен. Бармағынан бал тамған жанның пісірген тағам-дары да дәмді екен. Оған да көптеп ұсыныс түседі. «Ана көрген – тон пішер» демекші, қыздары үйде нан пісіріп, сатуға шығарады.
Туған жердің суын, шөбін, жерін пайдаға асырып, бала өсіріп, еңбек етіп, бақуатты тірлік кешіп отырған Ашеновтар, міне, осындай көпке үлгі боларлық отбасы.
Соркөл - Алмаз ауылынан 5 шақырым қашықтықта, Қамыстыкөлдің қасында орналасқан тұзды көл. Кезінде Қамыстыкөлге ағатын Аққайнар бұлағымен толысып, үлкен айдын болған екен. Өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарында бригада болып шөп шабу жұмыстарында жүрген шаруа адамдары сол жердегі Тасмұқан құдығынан су ішетін. Сонда шөпшілердің таңғалғаны, құдыққа 24 дөңгелек сақина салынған екен. Ал судың астында көрінбейтіні қанша екені белгісіз дейді.
Нұрғали Қуанәліұлы, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бұл тұзды көлге мен бірінші рет келіп отырмын. Күні кеше достарым whatsapp желісі арқылы осы Сөркөлдің бейнетаспасын жіберген болатын, содан ықылас танытып, отбасыммен, достарыммен бірге келдім. Өзім Атырау облысының тумасымын, 1992 жылдан бері Ақтөбе қаласында тұрамын. Сондықтар болар, Шыңғырлау ауданында бұрын-соңды осындай шипалы жер барын естімеппін.
Мұнда ем аламын деушілерге барлық жағдай жасалған екен, бәрі ұнады, тамаша. Дегенмен киіз үйлердің санын әлі де көбейтсе, артық болмас еді. Себебі тұз басына келушілер өте көп.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz