Биылғы коронавирус пандемиясы медицина қызметкерлерінің қоғамда алар орнын ашып көрсетті.
Күн-түн демей, науқастың қасынан табылуға дайын абзал жандар туралы қаншама әсерлеп жазсақ та, артық болмас. Сондай жанның бірі – Теректі ауданының №2 ауруханасының стационарлық дәрігері Айдана Отызбаева.
Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылында өскен Айдана Ғарифоллақызы ес білгеннен дәрігер болуды армандайтын. Арманы жетелеп, Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне әкелді. Студенттік қызықты жылдары Теректі ауданының Ақжайық ауылының тумасы Қайратпен танысты. Жас отау құрып, Жиреновтардың шаңырағына келін болып түсті.
Оқудан қол үзбеген Айдана университеттен жалпы медицина дәрігері болып шықты. 2015 жылы оқу бітіріп, диплом қолына алсымен елге келген Айдана Теректі ауданының №2 ауруханасына дәрігер болып жұмысқа тұрды.
- Ауырып келіп, сауығып шыққан әр адам үшін қуанамын. Дәрігерлік қызметтің қызығынан қиындығы көп. Бірде таңнан қатты ауырып тұрған науқас келді ауруханаға. Қан кетіп жатты. Әріптестерім әп-сәтте жиналып, ол кісіні облыс орталығына апаруға шешім қабылдадық. Қасыма аға медбике Гүлмира Изделеева ілесіп, «жедел жәрдеммен» жолға шықтық. 40 минуттың ішінде науқасты облыстық ауруханаға жеткіздік. Әйтеуір, ауруды шетінетіп алмай, аман қалғанына сонда қуанғаным-ай,- деп қызмет жайын айтқан Айдана Ғарифоллақызы дәрігер міндетін атқаруға жағдай туғызған отбасы жайлы:
- Бір үйде ата-енем, қайын ағам мен абысыным екі баласымен және біздер екі бүлдіршінімізбен бірге тұрамыз. Келіндік қызметті абысыным екеуміз қатар жүріп атқарамыз. Ата-енем зейнеттік демалыста. Балаларды сол кісілер қарап, зор қолдау беріп отыр. Үлкен отбасының келіні болғаныма қуанамын,- дейді.
Жас та болса, біраз адамның денсаулығын түзеуіне шипалы қолын тигізіп үлгерген дәрігер Айдана өзінің жылы ортасы – ұжымдастарын, барша медициналық қызметкерлер қауымын мерекемен құттықтап, әлемді әбігерге салған коронавирус дертімен күрес кезінде алдыңғы шепте жүрген ақ халаттыларға мықты денсаулық тілейді.
Біз де сол сөздерге қосыламыз. Халықтың дәрігерлерге айтар алғысы шексіз!
Камелия Өтеу
Теректі ауданы
zhaikpress.kz