7.09.2020, 12:11
Оқылды: 204

Сауын саусаң, бие сау, боз қырау түспей, суалмас

«Сауын саусаң, бие сау, боз қырау түспей, суалмас». Дана қазақтың осы бір асыл сөзін естіп өскен Қанат Дакешов – бүгінгі таңда бие ұстап, кәсібін дөңгелетіп отырған жан. Ата кәсіптен ажырамай, одан әрі дамытуды құп көрген кейіпкеріміз Теректі аумағынан 2014  жылы «Төлеңгіт» шаруа қожалығын ашқан. 4

- Әкем Әбсалық пен анам Жансұлу – мал баққан жандар. Олардың еңбектерін көріп өстім. Бала кезімнен малcақ, шаурашылыққа икемім болды. Бұл қасиет ата-анамның қанымен келді деп ойлаймын. Сол себептен болар, кейін ер жеткенде зоотехник мамандығын оқуға құжат тапсырдым. Бір сөзбен айтқанда, мал өсіріп, бағудың қыр-сырын жетік меңгердім. Қазір де сол мал бағып, қожалық ұстап отырмын. Біздің руымыз – Төлеңгіт. Содан шаруашылығымды өз руымызбен байланыстыра атауды жөн санадым. Қазір «Төлеңгітте» ұзын саны 152 мал бар. Оның 90 – асыл тұқымды. 30-ы жергілікті қарабайыр, қалғаны Ресейден әкелінді. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 38 млн. теңге қаржы алдым. Сөйтіп, биыл қолдан ұрықтандыру жұмыстарын бастап кеттік, - дейді шаруашылық иесі.

Мал өсірумен қатар егін салуды да қолға алған «Төлеңгіттің» егістік жер көлемі – 600 гектар. Мәселен, еркекшөп 200, жүгері – 50, құмай жүгері – 120, судан шөбі  80 гектарға егілген. Қысқы мал азығына шамамен 2500  центнер шөп жиналған. Ал бір бума шөптің бағасы 5000 теңге.

Шаруашылықта өркендеу бар. Айталық, таяуда күн энергиясын пайдаланатын қондырғы іске қосылды. Бұл жаңа технологияның қожалық кәсібін дамытуда көмегі көл-көсір. Аталмыш қондырғыны алуға мемлекеттен 80 пайыздық субсидия берілген.

Мал шаруашылығында ірі қара малдан бөлек, 115 бас жылқы бар. Қазір 12 бие сауып, халыққа саумал мен қымыз ұсынып келеміз. Өздеріңіз білесіздер, ұлттық сусынымыздың адам денсаулығына пайдасы шаш-етектен. Біздің басты мақсат – халық денсаулығының нығаюына һәм мықты болуына өз үлесімізді қосу.

Биені күніне 5 рет, автоматтандырылған құрылғымен сауамыз, яғни таңғы 11:00, түскі 13:00, түстен кейін 15:00, 17:00,  кешке қарай 19:00-де. Сонда 12 биеден күніне шамамен 50 литр өнім алынады, - дейді кейіпкеріміз.

Саумал мен сары қымыз – ұлтымыздың теңдесі жоқ сусыны екені әмбеге аян. Әйтпесе, «Жылқыдан асқан мал бар ма? Биенің сүті – сары бал, Қымыздан асқан дәм бар ма?» деп ақындарымыз жырламас еді. Демек, «Саумал ішсең, сауығасын» деген сөздің жаны бар.

2«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында. Әлімсақтан аян, біз – дана да қайсар қазақ, ат құлағанда ойнайтын халықпыз!

«Нағыз қазақ осы, міне, танып қой,

Сәйгүлікті құйрық-жалы таралған,

Сүйетұғын қазақ осы қараңдар!» деп Қадыр ақын қасиетті жануардың қадірін айтып кетті. Күллі жануардың патшасы – жылқыны аялаған, қасиет тұтқан біз осындай халықпыз! Шаттанбасқа бола ма? Жалпы, жылқы иесі – Қамбар ата хақында:

«Қазақ болып тумағанда не етер ем?

Бұл жалғаннан бақыт таппай өтер ем.

Желдей жүйрік жылқы мінбей жалғанда,

Аламанда ат оздырмай кетер ем» деп жырлап жүргендігі, көңілге медеу де демеу ғой, шіркін?! Мінекей, осындай ұлттың ұлы Қанаттың жылқы ұстауы, жөн емей немене?!

Кәсіпкер Қанат Әбсалықұлы жылқы баптап, сауынға бие байлайды.  Қымыз өндіріп, оны ел игілігіне жұмсап, пайдасын да көріп отыр. Бұл жердегі саумалға аңсары ауып келетіндер саны баршылық. Қожалық иесі саумал ішуге келетін ағайын  үшін асхана ашып, киіз үй де тігіп қойған екен.

Сұраныс көп.

- Саумалдың сапасы жақсы. Биыл саумал ішуді әдетке айналдырдым. Күніне бір рет келіп, ішіп кетеміз.Жалпы, жылқы – қасиетті жануар ғой. Сол себепті оның сүті көптеген ауруға шипа, - дейді подстепныйлық  Мадияр Күнбаев.

Бұл жерде саумал мен қымыздың 1 литрінің бағасы – 800 теңге. Сиыр сүтінің 1 литрі – 200 теңге. Қымыз бен сүт, айран, сүзбе, қаймақ секілді сүт өнімдерін  Орал қаласындағы «Алтындар» сауда үйіне саттыққа шығарады.

Қанат Әбсалықұлы көп сөзге жоқ, нағыз істің адамы. Өзі шаруашылықтың басы-қасында бір тыным таппай, басқа да қызметкерлерге қолғабыс етіп жүр. Оның айтуынша, шаруашылықта 10 жұмысшы жұмыс істейді. Тракторшы, малшы, сауыншы, механизаторлардың бір айлық еңбекақысы – 90 мың теңге.

Сүйікті жары Анаргүлмен екеуі дүниеге үш бала әкелген Қанат Әбсалықұлы үш немере, бір жиен сүйіп отыр. Үлкен үйдің отағасы:

- Шаруашылықтан қолымыз қалт еткенде немере бағамыз. Сәл ертеректе қолымызға кітап ұстап оқитын едік, қазір телефоннан оқимыз, -дейді.

Әңгіме барысында кәсіпкердің өмірлік ұранын сұрадым.

- Қаз дауысты Қазбек бидің «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі тұзын ақтай білген елміз» деген даналық сөзі ұраным іспеттес. Сөздің орайы келгенде айта кетейін, осы сөзді асхана қабырғасына жазып қойғым келіп жүр, - деді ол.

 

Самал Жәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале