12.10.2022, 18:00
Оқылды: 80

Сахнада – ерекше жандар

"Балалар жылына" орай ұйымдастырылған Ақжайық аудандық шығармашылық фестивалінде өмірдің қиындығына тап келсе де, мұқалмай, бойына дарыған өнерін жұрт алдында көрсетуге талпынған мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздар өнер көрсетті.

IMG_7448

Байқаудың негізгі мақсаты – ерекше балалардың шығармашылық өнері арқылы әлеуметтік сауықтыру және өздерін көрсетуге жәрдемдесу, қоғам өміріне араластыру.

Алдымен өнерлі балалардың қолынан шыққан әшекей бұйымдар мен суреттер көрмесін қазылар алқасы мен көрермендер тамашалады. 

– Әрбір бала – бір жұлдыз. Ешқайсысын бөліп-жарып қарауға болмайды. Барлығының көзінде от ойнап, шамшырақтай жарқырап тұр. Мен, ең алдымен, ата-аналарына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Баланың дарынын жетілдіру, қоғамнан оқшауламай, белсенділігін арттыру – әрқайсыларыңыздың ерен еңбегіңіз. Сахнаға көтерілген бүгінгі ұл-қыздардың бәрін де жеңімпаз деп білемін, – деді шара басында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов.

«Эстрадалық вокал» аталымы көрермендерге әдемі әсер қалдырды. Ақжол ауылынан келген Айзере Қасым «Туған жер» деп шырқап, «Алма бағы» биін де билеп берді. Тайпақ ауылынан Нұрқайыр Қайырболат «Елге сапар», Алмалыдан келген Ақерке Антаева «Қазақстан бақыты» атты әндерін орындады. Чапаевтық Ералы Біржанұлы «Тұлпарым», есенсайлық Мөлдір Мереке «Біз тәуелсіз елдің ұрпағы» әндерін әуелетті.

Қимыл үйлесімін талап ететін би сайысында Тайпақ ауылынан Елік Жұмабай «Әдемі қыз», чапаевтық Зарина Құсайынова «Заманауи биін», ақсуаттан Ділназ Серік «Қамажай» биін   билеп берді.  Көркемсөз оқуда қабыршақтылық Айкөркем Сағын, тайпақтық Айсезім Дюсова, базаршоландық Назерке Көшербаева, жаңабұлақтық Ақбота Тасболат, сарытоғайлық Айсел Сағындық сынға түсті. Әлинұр Айтқабыл, Думан Бегім, Жанғазы Сембай және  Оралбек Әлібек түрлі аспаптарда ойнағанда, тыңдармандары таңдайын қақты. 

Айта кетейік, мәдени-демалыс орталығында құрылған көрмеде тайпақтық Мәди Қалиев, ақсуаттық Дильназ Серік, чапаевтық Ибат Қайырғалиев және қарауылтөбелік Думан Бегімнің қолөнер бұйымдары мен суреттері қойылған. 

Иә, өнерлерін ортаға салғандардың арасынан жеңімпаздарды анықтау қазылар алқасына оңайға түспегені анық. Ұзақ кеңескен олар «Үздік жасампаз» аталымына Әлібек Оралбек, «Үздік көркемсөз оқу» аталымына Айсезім Дюсова, «Үздік әнші» аталымына Мөлдір Мереке, «Үздік биші» аталымына  Айзере Қасым лайықты деп таныды.

Аталым бойынша жеңімпаз атанғандар облытық кезеңге жолдама алды. Басқа да қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Асыл Қайрат,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале