27.05.2025, 20:00
Оқылды: 274

Сахнада – Қадыр қалдырған құндылық

Биыл ақын, Қазақстанның Халық Жазушысы Қадыр Мырза Әлидің туғанына 90 жыл. Қазаққа қазақтың өзін өлеңмен таныстырған ақын жырлары жаңа дәуірдегі ғұмырын сүруде.
Сырым ауданы әкімдігі ақын шығармашылығын насихаттау мақсатында «Қадыр қалдырған құндылық» атты аймақтық жоба жариялады. Шарт – Мырза Әлидің мұраларын сахнада сөйлету.

IMG_2682
Бүгін Жымпиты алғашқы өнер ұжымын қабылдауда. Сырым сахнасына бірінші болып Қ.Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы ат басын тіреді.

Сырымдықтар Қадыр орталығына келген қадірлі меймандарды қала беттегі қақпаның алдынан ақ дәммен, ән-сәнмен күтіп алды. Жымпитыдағы ақын ескерткіші жанында салтанатты қарсылау болды. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов, орталық директоры Дәулеткерей Құсайынов сөз сөйледі.

- Қазақстанның мәдениет министрі болған Ілияс Омаров жас Қадырға: Өлеңдеріңде Алаштың рухы, мінезі бар! - деп баға берген. Сол рух Жымпиты топырағынан, ауасынан әлі сезіліп тұр! - деді Дәулеткерей Атауұлы.

Сөздің дәлеліндей, Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша-бөбекжай кешенінің 20 оқушысы бір дауыста «Сырым Датұлы» өлеңін оқып, жүректерді бір сілкіндірді.
Бүгін кешке Жымпитыдағы орталық алаңда Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығы құрметіне үлкен концерт өтеді. Келіп, көрермен болыңыздар!

Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале