Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған «Дат» театрының аты облысқа танылып үлгерді. Құрылғандарына көп болмаса да аталмыш ұжым фестивалдерден қоржындары бос қайтпай, облыс, аудан халқына рухани азық сыйлаудан талмай келеді. Жыл сайын көктемнің алғашқы күні көрермендерді тың дүниемен қуантуды дәстүрге айналдырған ұжым, биыл да қалыптан жаңылмай теректіліктерге жаңа қойылымды тарту етті.
Елімізге танымал драматург Баққожа Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясы халықты серпілтті. Күнделікті күйбең тіршіліктен ығыры шыққан аудан халқы бір сәт бәрін ұмытып, театр әртістерінің ойындарына, ұйымдастырушылардың шеберлігіне тәнті болғанын жасырып қайтеміз.
Бәрін басынан бастайық. Қойылымдағы оқиға негізінен үш жігіт пен бір қыздың арасында өрбиді. Сахна артында телефонмен ғана тілдесетін төртінші жігіт бен «кәрі қыз» - Сайраның құрбысы Айжан ара-тұра ғана бой көрсетеді. Бірі мақтаншақ ақын, бірі жасқаншақ ғалым, енді бірі мансапқор үш жігіттің бетпердесі қойылым соңында басты рөлдегі қыздың үлкен қызметтегі әкесі жұмыстан босаған кезде ашылады. Жеңгетай құрбысының да «қой терісін жамылған» қасқыр екені мәлім болады. Бұл қойылымдағы әр кейіпкердің өзіндік ерекшеліктері бар. Сол ерекшелік көрерменді жалықтырмай, бір қалыпта ұстап тұрды. Мәдениет үйінің залы бірсәтке болсын тыныштала алмады. Шынайы ойын шынайы күлкіні тудырады. Езулерін жия алмаған халық кейіпкерлерді ыстық қошеметпен қарсы алып отырды.
Қойылым режиссері, ауданымызға келген жас маман, болашағынан үміт күттірер әртіс Арман Шыңғалидың бұл үлкен сахнадағы алғашқы қадамы. Оған дейін ол Х.Бөкеева атындағы облыстық драма театрда шеберлігін шындап, тек әртіс ретінде ғана танылып үлгерген-тұғын.Оның айтуынша, комедия өткен ғасырдың 80-інші жылдары жазылса да, қаузаған тақырыбы бүгінгі күні де өз өзектілігін жоғалтпаған.
-Көптеген бойжеткендеріміздің «кәрі қыз» атанып, жігіттердің «сүрбойдақ» деген айдар тағынуы қазіргі заманда көбеймесе, азайған жоқ. Мансапқор, жағымпаз адамдардың қатары де кемімегені анық. Сахна - адамның ішкі айнасы. Көрермен өздері бәлкім күнде араласып жүрген, бәлкім күнде есігін қағып жүрген адамдарын сахнадан көріп, ойлансын деген ниетпен қойып отырмыз. Комедияны осындай режиссерлік көзқараспен бүгінгі күннің сұранысына, бүгінгінің талабына сай етіп ықшамдап, сахнаны да заманауи үлгіде жасақтап жақсы бір дүние жасай алдық деп ойлаймын. Ол , әрине, тек бір ғана адамның емес, ұжымның еңбегі деп білемін,- дейді жас режиссер Арман Сәкенұлы.
Қойылымда ақын Жан Исламовтың образын көрерменге керемет етіп жеткізе білген, сол арқылы сүйіспеншілікке бөленген Айбек Дәулетқалиев кейіпкерді сомдау оңайға соқпағанын айтады. Ол әр әртіс өз кейіпкерін шынайы сүю керектігін, сонда ғана халықты сендіруге болатындығын алға тартады.
Басты рөлдегі Сайраны Әлия Шин сомдаса, оның құрбысы болған Айжанды Злиха Қалмағамбетова, Байбол Саяқовты Таңат Жексенбаев, Нұрбай Ағабаевты Әділет Орынбасаров бейнеледі. Барлығы да кәсіби деңгейдегі әртіс емес. Бірі әнші, бірі үйірме жетекшісі, бірі журналист. Бірақ оларды театрға деген махаббат біріктірді деп айтуға толық негіз бар.
Осы орайда көрермен мен әртістерге керемет әсер сыйлап, сахнаны жоғары деңгейде безендірген суретші Қайрат Сағидуллин, музыкамен көркемдеген Ғаділбек Ғалымов, Елжас Мағзом және жарық беріп, халықты әрі-сәрі күйге түсірген Еркін Тайшыбаевтың да еңбектерін атап өткен жөн.
Қойылымның соныңда көрермендер арасынан «Рухани жаңғыру міне осы ғой» деген пікірлерді құлақ шалып қалды. Үнсіз келісуге болады. Халық осындай рухани азыққа мұқтаж боп жүр.
Кештің аяғында жиылған көрермен тағы бір жақсы жаңалықтың куәгері атанды. Ауданымыз бойынша бақандай бес өнер ұжымы «Халықтық» және «Үлгілі» атаққа ие болды. Атап айтсақ, «Дат» театры(режиссері Ж.Заев, А.Шыңғали), «Шежіре» әжелер ансамблі(жетекшісі Г.Құсайынова), аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған вокалдық ансамблі(жетекшісі Ю.Новик), Ақсоғым ауылдық «Ақ отау» әжелер ансамблі(жетекшісі А.Арыстанова) секілді өнер ұжымдары «Халықтық атағын, ал «Өркен» балалар вокалдық ансамблі(жетекшісі Г.Құсайынова) «Үлгілі» атағын еншілеп, ауданымыздың мәдениет саласының мәртебесі асты. Арнайы куәліктерді облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Есенгелді Ғарифоллаұлы табыстап, өнер ұжымдарына сәттілік тіледі.
Көрерменнің ықыласымен қатар, жоғары атаққа ие болған халықтық «Дат» театры жаңа жетістіктерге қарай қол созып, аудан халқын тың дүниелермен қуанта береді деп сенеміз.
Әділет ӘЛІБЕКҰЛЫ
Теректі ауданы