21.12.2022, 12:00
Оқылды: 94

Сахнада – «Сырым батыр»

Орал қаласындағы Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында даңқты батыр, би Сырым Датұлының күрескерлік өмірі туралы «Сырым батыр» тарихи драмасы көрермен назарына ұсынылды.

6

Тарихи драма белгілі драматург Рақымжан Отарбаевтың «Сырым батыр» пьесасы мен ҚР Мемлекеттің сыйлығының лауреаты, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиевтың «Тар кезең» романының негізінде қойылған. Қоюшы режиссер – ҚР Мәдениет саласының үздігі Самал Абуов. Қоюшы-суретші – Әсем Төлепберген.

Ал, сахнадағы жүк кәсіби емес, қоғамдық театр актерларының мойынында болды. Драмаға елді елеңдеткен әуелі Сырымның аты болса, екінші себеп – осы. Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, «Мәдени ағарту бірлестігі» мемлекеттік мекемесі мен бірлестік жанындағы «Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театры ол міндетті абыройлы атқарып шықты деуге болады.

3

Қойылым Балабидің ( Сырымға бала күнінде елдің қойған аты) Малайсары биден бата сұрап барған сәтінен басталады. Алқасына Кіші Жүздің сөзін ұстаған Бөкен, Қаратау, Қаракөбеңдерді жинаған Малайсары Сырымды сынайды, сүйсінеді. Сырым болса жас екенмін демейді, жарқылдайды.

Қ.Мұхамбетқалиевтің «Тар кезең» романында Сібір-Омбы аймағының генерал-губернаторы Осип Игельстром сұңғыла, ісіне адал, қайраткер ретінде, ал Нұралы хан бейшара кейіпінде суреттеледі. Бірақ, Рақымжан Отарбаев Нұралыны ондай қиянатқа қимаған. Ханды хан биігінде ұстаған. Өкінішке орай, екі билік, екі көсем, арынды екі өзен бір арнаға бірікпейді.

5

Рөлге таңдалған актерлар әуесқой болса да, сахнадағы міндеттерін жоғары деңгейде орындады деуге болады. Жоламан Еркін (Сырым батыр), Малайсары би (Серік Тоқмамбетов), Нұралы хан (Азат Мыңбаев), Бахметьев – Ерген Нұрлан, Погодин (Анарбек  Сатыбалдиев), Игельстром – (Райымбек Самигуллин) драмадағы динамиканы ұстады.

Қойылымға Орал қаласының мәдени-ағарту бірлестігінің ұжымымен бірге, бірлестік үйірмелеріндегі шәкірттер, олардың ата-аналары да атсалысыпты. «Алтын орда» қоғамдық театры осылайша, халықты өнердің керуеніне ілестіруде.

Қойылым аяқталғаннан кейін Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев сөз сөйлеп, театр ұжымына Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиевтің атынан ықылас гүлін табыстады:

- Сырымды тану – Жымпитыға не Жайық өңіріне емес, тұтас қазақ үшін қажет. «Сырым батыр» тарихи драмасы осы мақсатты көксейді екен. Қойылым  - батырдың 280 жылдығына арналған шаралардың тамаша түйіні болды, - деді Артур Шерғалиев.

Дат ұрпақтары атынан Найман Қайыров сөз сөйлеп, қойылым авторларына сый-сияпат ұсынды.

2

Қ.Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, ҚР Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, белгілі ақын Бауыржан Халиолла: «Қазақ тарихындағы ұлт-азаттық күрестердің түгел Еуропа таңданған қос көсемі болса, оның бірі Кенесары Қасымұлы болса, екіншісі Сырым Датұлы» - деді.

4

Филиал төрағасы Сырым бейнесі арқылы елге танылған актер, театр тарланы Мұсағали Бектеновқа, қойылымды басты рөлді сомдаған Жоламан Еркінге және қоюшы режиссер Самал Абуовты Сырым батыр атындағы медальмен марапаттады.

 

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

Суреттерді Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігі ұсынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале