1997 жылдан бастап 31 мамыр «Ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алу күні» болып аталып келеді. Бұл күнді қаралы дата деп оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатқанына кейбір адамдар көп мән бере бермейді. Сондықтан оны әркез естен шығармағанымыз абзал.
Тарихқа үңіліп қарайтын болсақ, ашаршылық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы тағы да қайталанып, сан мыңдаған халық аштықтан көз жұмған. Ал қырылғаннан қалғандары жан сақтау мақсатында басқа елдерге босып кеткен. Бастапқыда малмен ғана күнін көріп отырған байларға, кейін орташаларға, ең соңында астық екпейтін малшыларға астық салығы салынып, оны тауып бере алмағандарын шұбыртып, қаңғытып жіберген. Бұл аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Алаш арыстары және ашаршылық нәубеттері» атты облыстық семинарда тағы бір көз жеткіздік.
Аталмыш шараға Тасқала ауданы әкімі Бауыржан Айтмағамбетов пен жергілікті зиялы қауым өкілдері, «Ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімін анықтау және осы тақырыптағы тың деректерді жинақтау» жөніндегі аудандық жұмыс тобының мүшелері, мұрағатшылар, билік органдарының өкілдері және арнайы құрылған өңірлік комиссияның мүшелері қатысты.
Семинар жұмысы өткен ғасырдағы алапат ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жасалып жатқан ғылыми жұмыстарға арналды. Оның мақсаты ауданда құрылған жұмыс тобына әдістемелік көмек беру және сол бір нәубет жылдары Тасқала топырағында орын алған оқиғаларды анықтап, зардап шеккен тұлғаларды ақтап, ел тарихын түгендеу.
Жиынды ашқан аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы бұл істің 2020 жылы ҚР Президентінің бастамасымен іске асып, қазіргі таңда БҚО бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті.
Өз кезегінде сөз алған БҚО бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшелері, өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқаны немесе қолдағаны үшін қуғын-сүргінге ұшырағандарды зеріттеу бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Жәңгір хан атындағы Батыс қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров, 1928-1932 жылдары Батыс Қазақстан облысындағы халық көтерілісіне тоқталып, колхоздастыру кезеңіндегі қарсылық, кәмпескілеу кезіндегі келеңсіздіктер туралы баяндап берді.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысындағы халық дәстүрлі дін өкілдері саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, өлкетанушы Қазбек Құттымұратұлы қуғынға түскен дін өкілдері мен жергілікті билік тарапынан құпия құжаттармен танысуға рұқсат берілгенін айта келіп, кезіндегі НКВД архивіндегі құжаттарға қол жеткізіп, біраз жұмыстың жүргізілгендігін әңгімелеп берді. Соның нәтижесінде «Сенім үшін сергелдең» кітабының жарық көргенін және оған 897 молданың аты-жөні енгізілгенін тілге тиек етті.
Ал 1939-1945 жылдардағы Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде қамауға алынған әскери тұтқындарды ақтау бойынша ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, Орал қаласындағы Мәншүк Маметова музейінің меңгерушісі, өлкетанушы Ахмедьяр Батырханов бірнеше батысқазақстандық соғыс тұтқындарын анықтағанын жеткізді. Соның ішінде облыс бойынша 1315 тұтқын анықталса, 1051 жерлесіміз тұтқында қайтыс болған. Ал 264 адамның кейінгі тағдыры белгісіз екендігін баяндай келіп, сол 1315 соғыс тұтқын туралы мәлімет «Тауқымет тартқан тағдырлар» жинағына енгенін айтып берді.
Бұдан басқа Қазақстанға күштеп көшірілгендерді анықтау, 1920-1940 жылдары мемлекеттің жазалаушы әрекеттерінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды ақтау бойынша ұсыныстар енгізу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, «Ғылыми зеріттеулерді қолдау қоры» жеке қорының директоры, тарих ғылымының магистрі, өлкетанушы Айболат Курумбаевта өз тақырыбы бойынша атқарылған жұмыстарын тілге тиек етті.
Айболат Шамұратұлының берген мәліметіне сүйенетін болсақ, Батыс Қазақстан облысына 3500-ден астам түрлі ұлт депортацияланғанын білдік. Олардың қатарында неміс, қырым татарлары, қалмақ, грек, иран, азербайжан, ирак, поляк тағы басқа ұлт өкілдерінің болғанын аңғардық. Жалпы осы 3500 адамның ішінде 1559 адам комиссия жұмысының негізінде толықтай ақталғанын білдік. Одан басқа ауылымыздың ақсақалдары Өтеген Ахметов пен Арон Жұбанышев өз естеліктерімен бөлісіп, комиссия жұмысына сәттілік тіледі.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz