19 наурызда өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына санаулы күн қалды. Осыған орай Тасқала аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Гүлжан Мұхамбетқалиеваға жолығып атқарылған жұмыстар жөнінде сөйлестік. Оның айтуынша №2 Батыс Қазақстан облыстық округтік сайлау комиссиясы және аудандық 11 округтік комиссиялар 20 қаңтардан бастап жұмысқа кіріскен. Бүгінгі күнге дейін облыстық мәслихатының бір мандаттық №2 аумақтық сайлау округі бойынша 3 кандидат және аудандық мәслихат депутаттығына 33 кандидат тіркелген.
-Үгіт насихат жұмыстарын жүргізу үшін 160 сенім білдірген өкіл тіркеліп, куәліктерін алды. Бүгінгі күнге дейін бекітілген орындарда Мәжіліс және мәслихат депутаттығына кандидататтардың сайлаушыларымен 19 кездесуі өтті. Сонымен қатар аудандық «Екпін» қоғамдық-саяси газетінің №9 санында аудандық мәслихат депутаттығына үміткер барлық кандидаттың өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы жарияланды. Ал учаскелік сайлау комиссияларының жұмысы 20 ақпанда басталды. Комиссиялар сайлаушылар тізімдерімен жұмыстанып, оларға шақыру билетін үйлестіріп жатыр. Үйден дауыс беретін үлкен кісілердің, мүгедектердің тізімі нақтылануда. Сонымен қатар кез келген сайлаушылар өздерінің дауыс беретін учаскелерін «BQOsailau2023» telegram каналынан білуге болады. Жақында Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен өткен көшпелі семинар-кеңеске аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, учаске төрағалары мен хатшылары қатысты.
Семинарда дауыс беру барысында туындауы мүмкін мәселелер мен комиссия төрағасы, сондай-ақ, комиссия мүшелерінің іс-қимыл алгоритіміне, бюллетеньдерді беру мен санау тәртібіне көңіл бөлінді. Бүгінгі күнге сайлау учаскелері қажетті құрал-жабдықтарымен қамтылды. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға пандус, қызметкерлерді шақыру түймесі, тактилды тақтайшылар тағы басқа құралдар қарастырылған. Сонымен қатар аудан орталығында тұрғындарды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін тегін жүретін қоғамдық маршрут ұйымдастырылады. Аудандық сайлау комиссиялары 2023 жылы 19 наурызда өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізуге толық дайын, - дейді Гүлжан Болатқызы.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz