13.03.2026, 19:00
Оқылды: 4

Саз әлемінің саңлағы 70 жаста

Бүгін Жаңақала аудандық мәдени демалыс орталығында ҚР Мәдениет саласының үздігі, Жаңақала ауданының құрметті азаматы, сазгер, сырнайшы Сатыбаев Ерлан Нұрғазыұлының 70 жас мерейтойына арналған «Сазға толы сырлы ғұмыр» атты шығармашылық кеші өтті.

image-13-03-26-05-26-3

Шара барысында туған күн иесінің өмір жолынан бейнебаян көрсетіліп, аудан басшысы Алпамыс Жаңабайұлы сахна төрінде құттықтау лебізін жолдады. Содан соң, марапатын табыс етіп, Ерлан Нұрғазыұлының иығына шапан жапты. Иә, туған жердің топырағынан дарыған талант бүгінгі күні елдің рухани өміріне қызмет етіп келеді. Ол замандастары ақын Өмірзақ Ақбасов пен Закария Сисенғалидың табиғаты көркем, тарихы терең, талай дарынды тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті өлкеміз туралы өлеңдеріне әндер жазды.

image-13-03-26-05-26-1

«Жаңақазан», «Мәстексайым – мекен жайым», «Бірлігім – құтты қонысым, «Пятимарым», «Жаңажол жырым менің», «Көпжасар көркем ауылым», «Қырқопам – құтты мекенім» сынды әндері әр ауылдың әнұранына айналды. Кеш барысында мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары мерейтой иесінің әндерін шырқап, ансамбльдер бимен көркемдеді. Өнердің қасиетті жолында жүріп, талай таланттың басын қосып, шығармашылық ұжым қалыптастыру - үлкен еңбек пен шынайы жауапкершілікті қажет етеді. Ерлан Сатыбаев та бозбала шағынан “Дос-Мұқасан” сынды ансамбльдерге еліктеп, өзі де ансамбль құруды армандаған екен. Иә, мерейтой иесі тек сазгер, сырнайшы емес, сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы халықтық өнерді насихаттап, фольклорлық ансамбль құрып, 2016 жылы «Халықтық» атағын алған болатын.

image-13-03-26-05-26-2

Өнеріміздің өрісін кеңейтіп жүрген бұл ұжым да мерекелік кеш те өнер көрсетті. Мерейтой иесінің өнер жолында ұзақ жылдар бірге жүріп, шығармашылықта қанаттас болған, оның әндеріне жүрекжарды жыр жолдарын тарту еткен ақын достары мен замандастары да ортадан табылды. Әуен мен сөздің үндестігін табыстырып, халыққа әсем ән сыйлаған Ерлан Сатыбаевтың замандастары мен серіктері сахна төріне шығып, лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын табыстаған соң, аудандық полиция бөлімі бастығының жеке құраммен жұмыс жөніндегі орынбасары, полиция майоры Ердаулет Өтегенұлы Ерлан Сатыбаевқа ҚР Ішкі істер министрлігінің «Қазақстан Полициясына 30 жыл» төсбелгісін табыс етті.

image-13-03-26-05-26

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жаимов туған күн иесіне «Құрметті ардагер» төсбелгісімен қоса лентасын да иығына жапты. Кеш соңында қуаныш иесі Ерлан Нұрғазыұлына сөз берілді. Иә, оның сырнайдан төгілген саздары мен жүректен туған әндері әлі талай ұрпақтың жүрегіне жол табары сөзсіз. Шығармашылық концерт Қуанышбек Айдарбеков пен Ақерке Сақының орындауындағы «Жаңақала вальсі» әнімен қорытындыланды.

Ақерке Ғилымхан

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале