26.01.2023, 22:10
Оқылды: 40

Саз мектебіне саңлақтың аты берілді

Сырым ауданында Батыс ән мектебінің көрнекті өкілі, әнші-термеші, Бүкілодақтық телевизиялық конкурстың лауреаты Амангелді Ғұбайдуллиннің атын ардақтауға арналған бірқатар шаралар өтті.
image-26-01-23-09-52-10
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 3 қарашасында ҚР Үкіметінің №869 қаулысы негізінде Сырым ауданындағы балалар саз мектебіне Амангелді Ғұбайдуллиннің есімі берілді. Ресми шешім шықпастан бұрын-ақ халық аудандағы ән мен күйдің ордасын асылының атына теліп жүрген. Енді, міне, елдік ұсыныс биліктің мақұлдауын алып, саз мектебінің маңдайшасына  даланың даңқты әншісінің есім-сойы жазылды. Бұл үшін халық өкілдері, өңірдің зиялы қауымы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің табалдырығын талай тоздырды.
image-26-01-23-09-52-2
Бүгінгі балалар саз мектебіне Амангелді Ғұбайдуллиннің атын беру салтанатты шарасында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйледі. Аудан әкімі Амангелдітану деген ән өнерінің үлкен арнасы қалыптасып келе жатқанын, ол қозғалысқа әншінің туған жері - Жымпиты өңірі жолбасшы екенін айтты.
image-26-01-23-09-52-6Шынында да, 2019 жылы саз мектебіндегі дәстүрлі ән сыныбына өнер майталманының есімі берілсе, 2021 жылы Жымпитыда өнер зерттеушісі, әнші-термеші Серік Әбдірахманов құрастырған "ӘН БЕКЗАДАСЫ" атты жинақтың тұсауы кесілді.
image-26-01-23-09-52-9
Балалар саз мектебінің қабырғасына тарихи күннің белгісі ретінде тақтайша орнатылды. Белгіні Төлеген Төреғалиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері, әнші-термеші, жыршы, ақын Қатимолла Бердіғалиев және Амангелді Ғұбайдуллиннің жары Балсекер ханым жүргізді.
Бауыржан Ширмединұлы, 
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Суреттерді түсірген: Айжан Амангелдина
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале