6.06.2023, 11:28
Оқылды: 67

Саз мектебінің сара жолы

«Өнер – ұлттың жаны» деп бекер айтылмаса керек. Өйткені, өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, мәдениетімен құнды. Осы ұлттық өнерімізді дәріптеу, оның тылсым сырларына әсіресе балалардың бойына сіңіру, үйрету үлкен еңбекті, шыдамдылықты керек етеді. Осы мақсатта жемісті еңбек етіп келе жатқан оқу орындарының бірі ауданымыздағы саз мектебі. Өнер саласында өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген саз мектебі биылғы оқу жылында 60 жылға толып отыр. 

6

Осыдан 60 жыл бұрын, яғни 1962 жылы 10 қазанда облыста тұңғыш рет  аудандық балалар саз мектебі сол кездегі Бөрлі селосында құрылды. Алғаш директоры болып Анатолий Бондарь тағайындалып, ол 44 жыл бойы директорлық қызметін атқарды. 1962 - 1963 оқу жылында фортепиано және орыс халық аспаптар бөлімі ашылды. Бастапқыда 50 оқушыдан  құралған. 1963 жылы Бөрлі және Шыңғырлау аудандарының бірігуіне байланысты аудан орталығы Қазақстан станциясына ауысты. Музыка мектебінің әкімшілігі аудан орталығына көшті. Бөрлі ауылында филиал болып қазіргі уақытта өз жұмысын жалғастыруда.

4

2007-2011 жылдарда балалар музыкалық мектебін домбыра класының жоғары санатты оқытушысы Сәуле Хайралиева басқарады, ал  2011 жылы директорлық қызметке Жаныл Нұрмұханова  тағайындалса, 2015 жылдан бастап балалар музыка мектебін Әсел Имашева басқарып келеді.

5

Қазіргі таңда балалар саз мектебіннің Қызылтал, Пугачев, Бөрлі ауылдарында және Ақсай қаласының 10 шағынауданында филиалы жұмыс жасайды.

56

-          Балалар музыка  мектебі - ұрпақ тәрбиесінде шоқтығы биік білім ордасы.  Мектебімізде 419 оқушы 13 бағытта, домбыра, қобыз, жетіген, баян, фортепиано, гитара, скрипка, хор бөлімі, дәсүрлі ән, флейта, академический вокал, эстрадный вокал,  прима домбыра сыныптары бойынша  білім алады. Жалпы, мектебімізде оқушыларымыздың жан жақты дамуына жағдай жасалып жатыр. Сондықтан шығар шәкірттеріміздің өрелі жетістіктері аз емес. Өнерпаздарымыз    түрлі республикалық, халықаралық байқауларға  қатысуға  мүмкіндік  алып, аудан мерейін үстем етіп жүр. Мұның барлығы талантты  шәкірттердің шеберлігін шыңдап, үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаздарымыздың еңбегі, - дейді мектеп директоры Әсел Жұмашқызы. Расында да, өнердің биік белесіне қадам басқан аталмыш мектептің өрендері тамаша жетістіктерімен қуантып келеді. Өнер әліппесін танудан бастап облыстық, республикалық, халықаралық саз байқауларына қатысқан мектеп шәкірттері көбінде бас бәйгелер мен лауреаттық жүлделерге қол жеткізіп, ауданның абыройын көтеруде. Тек мектеп ұжымы ғана емес, шәкірттер де, олардың ата-аналары да, жалпы жұртшылық мектептің 60 жылдық мерейтойына ұйымдастырылған концерттан зор әсер алды.

 -Концертіміз жоғары деңгейде өтті. Барлық өнер ұжымдарына, жекелей өнер көрсеткен шәкірттерімізге көрерменнің ықыласы ерекше болды. Аудан басшылығы тарапынан ұстаздарымыз алғысхаттар алып, қуанып қалдық. Өнерлі өрендердің өнері, биік мәдениет пен жоғары эстетикалық талғамға құрылған мерекеде зал көренменге толды. Қолдап келген мәртебелі меймандарға, ардагер, ұлағатты ұстаздарға, ардақты ата-аналар мен мектеп түлектеріне, барша көрермендерге зор ризашылық білдіріп, алғыс айтамыз. Балалар музыка мектебі ұжымы мен дарынды шәкірттеріміздің дендеріне саулық, шығармашылық шабыт пен жарқын болашақ тілеймін,- дейді Әсел Имашева.

Мерекелік концертке аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов, аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Ермекбаевтар қатысып, құттықтау тілектерін білдірді.

Шарада аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың Алғысхатымен Н. Киселёв, Б.Зайтов, С.Апиева, А.Коба, Н.Өмірзақов, Б.Даулетова, Э.Бисалиевалар марапатталды.

Ал, Қазақстандық оқу ағарту ғылым білім және  жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының  БҚО ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Даупбаев болса, Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін медалін  Н. Сажко, Б.Жубаниязова,

Н.Свешниковаларға табыстады. Орталық комитеттің құрмет грамотасына Н. Маер, И. Мезина, О. Австриян, Р. Хамитовалар лайық деп танылды. «Қазақстандық оқу ағарту ғылым білім және  жоғары білім қызметкерлері  салалық  кәсіптік одағының  Батыс Қазақстан облыстық ұйымының"   құрмет грамотасымен С.Абилкаримова, В.Дәулетқалиева, Н.Исмағұловалар марапатталды.

Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы А.Ә.Мыңбаеваның құрмет грамотасын Л.Бурий, А.Мирошниченко, Р.Халиловалар, ал аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Тржанованың  Алғыс хатымен З.Усманова,  Ә.Қабдыш, Ә.Асқарұлы және Б.Мусиевалар алды.

Халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан саз мектебінің ұжымы әлі талай асуларды бағындырып, өнердің биік шыңдарынан көрінетініне сеніміміз мол.

 Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы   

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале