Ақжайық ауданы, Жамбыл ауылындағы Мәдениет үйінде ҚР авторлар қоғамының мүшесі, «Еңбек Даңқы» төсбелгісінің иегері, жергілікті сазгер Рақым Жанайысовтың «Атамекен – ән жырым» атты әдеби-сазды кеші өтті. Кеш тізгінін қолына алған кітапханашы С.Мұқанова сазгердің шығармашылығына тоқталып, оның бүгін кеші өтіп жатқан мәдениет үйіне 15 жылдан астам уақыт еңбегін арнағанын ерекше атап өтті.
Р.Жанайысовтың сол жылдарда дарынын шыңдап, томағасын сыпырып, үлкен сахнаға шығарған шәкірттері де аз емес, танымал әнші Нұргүл Оразғалиева сынды өнерпаздар республикалық, халықаралық байқауларда топжарды.
Бүгінде ауылдағы мәдениет үйіне жетекшілік ететін Қолғанат Кенжеғалиев тек сазгердің өзіне ұстаз болғанын мақтанышпен айтып, осы кешке орай арнайы келген өзге де шәкірттерін көпшілікке таныстырды.
Кеште Р.Жанайысовтың өнеріндегі әріптестері үштөбелік дәстүрлі әнші Данияр Елеуов, аудандық мәдени-демалыс орталығының әншісі Әнуар Нұрғалиев, шәкірті, будариндік Бибігүл Қамаловалар өнер көрсетіп, сазгердің әндерінен шашу шашты.
Сахнаға көтерілген Жамбыл ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Нәсіпқали Қожахметов кешке жоғары баға беріп, ауыл тұрғындарының, көрермендердің алғысын жеткізді. Сонымен қатар ол Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнін залдағы көрермендер, өнерпаздармен қосыла әуелетті.
Шырайлы шара мәресіне жетер шақта мектеп директоры Венера Ғарифқызы көрермендердің атынан кеш иесіне, ұйымдастырушыларға алғысын арнап, Қабыршақты мәдениет үйінің жетекшісі Фарида Хасанова әріптестері атынан сый-сияпат табыс етті.
Серік БАҚЫТОВ,
мәдениет үйінің сүйемеллеушісі,
Ақжайық ауданы