Спорт – денсаулық кепілі. Біреу үшін бұл жай сөз, біреулер үшін мотивация! Иә,адам өміріндегі ең құнды дүние – уақыт пен денсаулық. Күн тәртібіне спортқа уақыт арнап, тұрақты жүгіріп өз денсаулығын жақсартып, уақытым денсаулығымның садақасы деп жүрген жандар көп. Бірақ денсаулығым намысымның садақасы деп спорт саласында басын бәске тіккен жандар да бар арамызда. Сырымнан шыққан ережесіз жекпе-жектің һас шебері Боран Райымбек Баязитұлы спорттық қатігездеу түрін не үшін таңдады? Бүгін сол сұраққа жауап іздесек.
UFC-ге қазақтың дәуірі келді деп жар салғанымызбен, сол дәуірді әкелген батырларымызды тек шетелдік шыңдарға шыққан кезде ғана ұранымызға қосамыз. Ultimate Fighting Championship – аралас жекпе-жек түрлерінен төбелес өткізетін халықаралық ұйым. Базасы АҚШ, Лас-Вегаста.
Расында да, шетел ареналарында сегізбұрышты тордың іші қазақ жауынгерлерін жатсынбайтын болды. Қабырғасына атқа қонғандай қонып алып, «Қара жорға» билеген төбелесқұмар жігіттер де болды бізде. Көмейіне бұлбұл ұялаған Димаштың да, көк шапан киіп, көк байрақты желбіреткен Генадийіңнің де бағын ашқан өзге ұлттың төрі.
Қазақты мойындату үшін не үшін шетел айналып келеміз деген сауал көлбейді санада. Неге ауылымыздан шыққан білекті һәм жүректі батырларды танымаймыз?
Жаһанша Досмұхамедов атындағы мектептің түлегі Райымбек, студенттік шағын биыл С.Байшев атыңдағы Ақтөбе обылыстық университетінде өткізді. Ол «қанды алаңға» Ақтөбеде жүріп кірген. Кірді де, алаңнан тек бір адамның жеңімпаз болып шығатынын түсінді. Көршілес облыстың шаңын көкке көтерген батыр, қыруар доданың ноқтасын түріп үлгерген. Бүгінде Райымбек панкратионнан және греплингтен және джиу-джитсудан облыс чемпионы атанып, қоян-қолтық жекпе-жектен облыстың екі дүркін алтын медалін қанжығалады.
Ақтөбе тұрғындары Райымбекті білмеуі мүмкін, бірақ «Боранды» таниды, жекпе-жектерін асқан ынтызарлықпен тамашалайды. «Боран» лақап атымен танымал спортшы «Жауынгер» спорт клубында жаттығады.
– Райымбек менің төрт жылдан бері жанымда. Оның спортқа деген ынтасы, жеңіске деген жігері, намысы қазірге дейін таңғалдырып келеді. Оның жаттығу залында төккен тері, өлшеусіз еңбегі әлемдік чемпионатта сөзсіз ақталады деп нық сеніммен айта аламын, - дейді жаттықтырушысы, сырласы Аманкелді Аманбек.
Иә, Райымбектің бойындағы рух бала кезінен ояу. Cөздің шыны керек, қатарластарының арасындағы тәртіп, әділдік Райымбектің мойынында болатын. Жігітке тән шыншылдық, батылдық, адалдық, өткірлік секілді қасиеттері оны «ережесіз жекпе-жектің» жұлдызына айналдырды. «Алып анадан туады» демекші Райымбектің анасы Жанқия Омарқызы – Ж.Досмұхамедов атындағы алтын ұя мектептің ардагер ұстазы, ұжымына сыйлы, шәкіртке мейірімді орыс тілінің мұғалімі.
Райымбектің алдына қойған мақсаты орасан зор. Ол біреуді қан жоса қылып сабап, арзан атақ жинағысы келмейді. Біріншіден, қазақ жігітінің жаңа замандағы бейнесі – білімді, сау, салауатты болуы керек деп есептейді әрі соны өзінен жасағасы келеді. Екіншісі, дүниежүзін дүбірлеткен әлемдік деңгейдегі UFC жарыстарын қазақ даласында өткізуді армандайды. Бұл арман – орындалмайтын арман емес-ті.
Батырдың тілеуін тілеп отырған әкесі Баязит пен Жанхия ананың уайымы – Райымбектің жеңісі емес, амандығы. Әрине, жұдырықтасқасын қабақ жарылады, мұрын сынады. Тепкі іш құрылысқа зиян. Райымбек алаңның ішінде өзінің жігері және күшімен жеке қалады. Өзін жеңген адам қарсыласын жыға алады. Уайымын жеңбеген адам жеңімпаз бола алмайды. Райымбектің Карина, Ляззат, Сәуле есімді әпкелері және ізін басқан Назар есімді інісі де оған тілекші.
Ал өзіне жануға, жарқырауға серт берген «Боран» жолымен спорт залға кіріп барады.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы