17.01.2018, 14:48
Оқылды: 30

Сегізсайда былтырғы есептік жиында көтерілген мәселелер түгел шешілген

Шыңғырлау ауданында да әкімдер есебі басталып кетті.

Аудан орталығынан шалғай орналасқан Сегізсай ауылында (Алмаз ауылдық округі) өткен жылы 5 сәби дүние есігін ашқан. Жалпы округ бойынша 13 сәби дүниеге келген.

Көгілдір отынмен қамтылған, іргесінде Ақтөбе-Орал тас жолы көлік қатынасын ыңғайлы етіп отырған, шаруашылығы, жалпы өмір-тіршілігі күйлі ауылдың өзекті мәселесі де көп емес екен.

Ауыл ақсақалы Зарлық Сүйіндіков биылғы атқарылған жұмыстарға көңілі толатынын білдіре келе, Орал-Ақтөбе трассасынан ауылға дейінгі жол мен көпір жайын тілге тиек етті. Әсіресе, көпірдегі су ағатын тұрбаның ауыздығы тарлығынан су басу қаупі туындайтынын жеткізді.

Аудан әкімі Альберт Темірболатұлы былтырғы жылғы есептік жиында көтерілген мәселелердің түгел шешілгенін атап өтті. Атап айтқанда, электр бағаналары ауыстырылды, жөнделді, ауылдағы мал сою алаңы іске қосылды, ауылшаруашылығы тұтыну кооперативіне ауыл малының жайылымына 500 га жер берілді. Ауыл жолы көктем, қыс мезгілінде үнемі бақылауда. Осындай игі шараларды айта келе, аудан әкімі өткен жылдағы барлық атқарылған жұмыстарға тоқталып өтіп, Қ.Күзбаев, С.Жалмақов сияқты ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Есептік кездесу Ақсуат ауылында жалғасты. Ауылға көгілдір отынның келуі, электр жүйесінің күрделі жөндеуден өтуі талай жылдан бергі қордаланған мәселелерді түбегейлі шешкен.

Ауыл тұрғындары алдында өз шаруаларын ашатын инвесторлар тарту, көшелерді жарықтандыру, бау-бақша өнімдерін өсіру, балалар ойнайтын алаң салу жұмыстары жоспарлануда.

Жоспарланған жұмыстардың бәрі дерлік шешілген. Газ келді, жарық жөнделді, су беретін үш нүкте іске қосылды. Мектепке автокөлік алу мәселесі әлі күн тәртібінде болады. Электр жарығының кейде әлсіз болатыны, құдықтағы су ағатын құбырлардың қатып қалуы сияқты мәселелерді айтқан ауыл тұрғындарының сұрақ-ұсыныстарына жауап берген аудан басшысы жасалған нәрселерді мұқият ұстау көпшіліктің өз міндеттері екенін қадап айтты.

Қолдағы малға қырағы болу, келген  көгілдір отынды пайдалану мәселесін міндеттеп түсіндірді.

Осы күнгі кездесулердің соңы Қарағаш ауылдық округіне қарасты Қайыңды ауылында жалғасын тапты. Округ әкімі Марат Жолдасқалиұлының баяндамасынан соң тұрғындар жеке малды бағуды ұйымдастыру, көшені жарықтандыру, шабылған шөптің бағасы, ұялы байланыстың кейде нашар қызмет істеуі сынды мәселелерін ортаға салды.

Тұрғындармен емен-жарқын әңгімелескен  аудан әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов әр маңызды мәселені сараптай келе, шешу жолдарына терең тоқталды. Мал ұрлығының орын алуының басты себебі- малдың қараусыз қалуы, бағылмауы екенін айта отырып, ауыл халқын бірлесе қимыл жасап, әр мәселе бойынша көп болып шешу керектігіне тоқталды.

Коммуналдық төлемдер (жарық, газ) ақшасын жинайтын қызметкердің ауылға кесте бойынша келуін, дәрі-дәрмектерді уақытында әкеліп көпшілікке қол жетімді ету ісін ұйымдастыру мәселесі жөнінде жұмыстар жүргізілетінін тұрғындарға жеткізді. Үш ауылдағы кездесулерді саралай келе негізінен үлкен мәселелердің шешімі табылғаны көңілімізді марқайтты.

Адақ Шотпанов,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале