29.10.2021, 16:31
Оқылды: 53

Сексенге ол да толар еді...

Уалиолла Ғаббасов – тоқсан жылдан астам тарихы бар газетіміздің бастау тұнығында тұрған тұлғалардың бірі. «Орда жұлдызына» он шақты жыл басшылық етіп, аудан тарихын тасқа басқан басшымыз. Сол кездегі сарғайған парақтарды ақтарып отырып, оқырманмен кері байланыстың жақсы жолға қойылғанын, азаматтық қоғамның белсенді болғанын көріп, қызығамыз. Сын садағы да әр кез оқтаулы болыпты. Сол газеттің мәртебесін түсірмеу, ағалар еңбегін жалғастыру – басты парыз.

59

Аралары сиреп қалған құрдастарын кездестіргенде ағам һәм әріптесім, маған «Әліппені» оқытып, бітірісімен хат жаздыртып, ойымды қағазға түсіруді үйреткен ұстазым, журналист Уалиолла Ғаббасовты көргендей боламын...

Уәкең 1941 жылдың қазан айының соңында бұрынғы Орда ауданының Талап ауылдық кеңесінде дүниеге келген екен. Әкесі Ғаббас (менің әкем Ғайсаның туған ағасы) Бөршеков «Қайрақты» ұжымшарында еңбек еткен. Бастауыш сынып есігін Әжен ауылында (№88 түйе зауытының орталығы) ашқан Уакең С.М.Буденный атындағы Пятимар он бір жылдық мектебін бітірген соң тың көтеру үрдісіне үн қосқан сыныптастарымен бірген трактор тізгіндеген. Екі жылдан кейін ақбас Алатаудың етегіндегі Алматы қаласына барып, Қазақ Мемлекеттік Университетіне түседі.

1965 жылы Жәнібек аудандық «Октябрь туы» газеті редакциясында журналистік қызметін бастаған ол бақилық болғанша қолынан қаламын түсірген емес. 1972 жылы Орда ауданы қайта құрылып, аудандық мәдениет бөлімі меңгерушісі болғанда да аупарткомда істегенде де, газетпен байланысын үзбеді. Бөршеков, Дәулетәлиев, Бәйменов, т.б. бүркеншек аттармен жазып тұрды. «Орда жұлдызында» оншақты жыл редактор болды. «Тілді безеп, қанша желдіртіп, көркемдесек те шындықтан шықпайық. Оқиғаның ортасында жүрген оқырман бәріне сыншы. Ұятқа қалмайық»,- дейтін ол.

Редактор У.Ғаббасов газет жанрларын жақсы білетін. Корреспонденция, мақала, очерк, фельетон, репортаждармен қатар, шолу, талдау, сараптамалық материалдарға да орын табылып жатты. Оқырмандармен жұмысқа баса көңіл бөліп, ауылдық тілшілер қызметін жандандырды. Жаңадан айдарлар ашты.

-Жәнібекте жүргенде «Қойыртпақ» деген айдар ашып, орынсыз қолданылған сөз тіркестерін авторын көрсетпей жариялайтынбыз. Редакцияға бір кеңшардың парткомы келіп, мұнымыздың жөн еместігін, ауылдан хат жолдаушылардың дені орта не сегізжылдық біліммен шектеліп қалғандар екенін жеткізіп: «Олардың сол жазғандарына рахмет айтыңдар. Өкпелетіп алсаңдар, ат құйрығын кесуі мүмкін» дегені бар,- деп еске алатын.

Иә, «хат артында адам бар» қағидасын ұстанған редактор әр қызметкерге түскен хаттарға сергектікпен қарауды тапсыратын. Кейде «бір хаттың ізімен» журналистті іссапарға аттандырып, мұқият тексеріп, мәселені байыппен шешуге тырысатын. Осылайша шындыққа негізделген, фактімен дәлелденген материалдардың, азаматтық ұстанымның мерейі үстем болатыны паш етілетін...

Жылжып өткен жылдар замана ағысын өзгертті. Ұрпақ жаңаруда, қоғам да. Бұдан 50 жыл бұрын БАҚ жаппай «капитал билеген дүниеде» деп аұшақұмарлардың құр байлықтың соңына түсіп, рухани жұтаған елдерді нұқып көрсеткен болсақ, бұл күнде қайсыбірі сол жолды дәріптейтіндей. Ол редактордың кінәсі емес, әрине. Ұлттық идиологияның күш ала алмай жатқанынан-ау, шамасы.

Ел аман жұрт тыныш болса, бәрі түзелер. Өткеннен сабақ алып, болашағымызға дұрыс жоспар жасай білсек болғаны. Елімізге, өңірімізге, халқымызға адал қызмет еткен ағаларымызды да ұмытпай еске алып, кейінгілерге үлгі еткеннің артықтығы жоқ сияқты. Бақилық болғандардың жандары жаннатта, имандары жолдас болсын. Біздің Уәкең де көңілі ақ, ниеті таза, қайырқом, өз ісіне берілген азамат-ты. Арамызда жүрсе, ол да 80-ге толар еді...

 Уали ағамыздың артында қалған ұрпағы әке рухына дұғаларын оқып, садақаларын беріп, перзенттік парызын өтеп отырады. Кенжесі Айшат әкеге деген сағынышын «ПЕРЗЕНТ САҒЫНЫШЫ» деп кітап қып та шығарды. Сол кітаптан үзінді ұсынамыз.

 Түс пен аманат

"Əке, кетпеші,мен сені қатты сағынам ғой... Əке! Мені жалғыз тастамашы" деп шыңғырып шыққан өзінің дауысынан өзі шошынып, жастықты тырналап, құшағына қысып, бақырған күйі ұйқысынан оянып кетті.

– Құдай - ау,түсім екен ғой! Бұл түс- жай  түс емес, сезем.  Он жыл бұрын қайтқан әжем неге əкемді əкетіп барады? Əкем аман болса екен...- деп мазасызданып, ауылына қоңырау шалу үшін туысының үйіне барды. Осы бір жылы жүзді əжені əкесі өзі жазда тауып алып, туысым деп бауыр тартып, араласып бастап еді. Анардың алдынан сол кішкентай бойлы, үлкен жүректі "апайы" шығып, "қайтейін, көп жылдан бері жоғалтқан інім еді, əкесі мен анасын да көргем, құдай  менен інімді көпсінді, қайтейін? Жақсылар Құдайға да керек дейді ғой, қарағым бекем бол..." деп бір нəрселерді айтып кетті. Сексендегі  кемпірдің бұл сөзін илемеген Анар қайта - қайта үй телефонының  нөмірін теріп əлек.  Біресе тұтқа бос емес, біресе біреулер алып, телефон тұтқасын не анасына, не əкесіне бермей, басып тастай береді. Əкем қайда деген сұраққа біреуі "ауруханада егілуге кетті, қазір келеді" десе, басқа дауыстар "үйде, ұйықтап жатыр" десті. Ашу да қысты, қорыққан сезімі тағы бар. Тұла бойы қалшылдап, ауылдағы көрші Қалқаман атасына қоңырау шалып еді, олар да алмады. Кері үйіне шықты,  тұтқаны тəтесі алды: "қарағым, үйге қайт..." деген Ағасының дірілдеп шыққан дауысынан секем алып, "тірі ме?" деп Анар сұрақты қалай қойғаны өзіде аңғармады.  Қойған сұрағына, жауабын күтпей, өзімен өзі күбірлеп, телефон тұтқасын лақтырып, солқылдап, жылап жіберді.

Кешегі келген көлігімен кері ауылға келе жатыр. Салон ішінде адам жоқ, əншейінде он бес адамды тасымалдайтын орынға жиырмасын тиейтін УАЗИК-тің шопыры, бұл жолы тіпті Анардан жолақысын да алмады.

Көлік ішінде бір өзі, 12 сағат көз ілмей, нəр татпай, жол бойы өзінің  ауылда екі жұмадай демалған күндерін, əкесінің сөздерін есіне алып, жылай келеді.

"Мен анау-мынау болып жатсам, естерің танғанша еңіремеңдер! Аналарың ауырып қалмасын, қазірден өздеріңді əзірлеңдер. Жылағанмен мен о дүниеден қайтып келмеймін ғой... Ата-ана мəңгілік емес,  біздің де əкелеріміз кеткен... Сондықтан!  Қаладан біржолата келетін боларсың, барған бойы ақшаңды шашпа, Қайтар қаражатың болсын. Шақырып жатсам, ренжімессің . Аспирантура дегенді биылша қоя тұр.  Мамандығың бойынша қызмет тап, облыстық телеарнадағы стажировкаңды қой. Мен сенің журналист болғаныңды қаламайтын себебім, қызғанғанымнан емес,  қиналмағаныңды тілегендіктен. Жазушылық жұмыс  өте ауыр жол. Жоғарғы оқу орныңды бір төрт алмай, кілең беске, қызыл дипломға  бітірдің, ризамын, рахмет құлыным. Енді апаң оқуын тастап кетпесін, өзің оқыт, тұрмысқа шығам десе, барымен батасын беріп, шығарып таста, мен қарсы емеспін. Жастары келді, ешқашан маған қарсы шығып, ұятқа қалдырған жоқсыңдар, оған да, саған,  мамаңа да ризамын.  Саған айтып отырған себебім, сен менің жігітімсің ғой, апаңа қарағанда етің тірілеу. ...Саған сенемін.  Анаңның қолын боққа тықпай, алақанымда ұстадым. Енді өзің бəріне қожасың.  Бауырларыңа, бар дүниеңе мұқият бол, айналайын.  Жаман айтпай, жақсы жоқ деген, тек ескертіп жатырмын. Менің жүрегім пайдасыз, инфаркт төртінші рет соқса, тұруым екіталай. Қандай қиындық болса да, адал, әділ бол! Өтіріктің жолы жақсылыққа апармайды. Өзіңнің мамандығың заңгер ғой, атыңа затың сай болсын, ар-намысыңды биік ұста! Ей, анау ма деп айтқызбай,  жеккөрінішті көрінбей, тартымды бол, қылығыңа сүйсінер сүйкімді бол. Анау Бақыт апаңмен достасыңдар, алдынан өзің өтіп, менің атымнан кешірім сұра. Ана ауылға барғанда əке-шешеме мен қай бетіммен қараймын, не деймін. Ыдысқа бола туған қарындасымнан айырылдым деймін бе? Əпкең Жанарға қарсы шықпа, жаратылысынан сондай жуас, соны көп уайымдаймын. Мен жоқта, Бақыт екеуміз  сияқты болып жүрмеңдер, кішілік қыл, сыйлап өт..." деп айтқан аманаттары қайта - қайта есіне орала берді.

Өзі де ауылдан кетіп бара жатып сəби жүрегі бір жамандықты сезгендей, кеткісі келмей Əкесін қайта-қайта құшақтай берген еді.  Əкесі де, ешқашан бата бермейтін, сол бір кеште Анарға алақанын жайып батасын берді. Жол жүрер кезінде кенже қызын кеудесіне қатты қысып, "Сағынам ғой, қызымды" деп ерекше күшімен құшақтап көз-жасына да ерік берген болатын. Жарықтық - ай алдын-ала бəрін сезген болдың - ау деп əкесімен ойша тілдесіп келеді. Сол кезде екеуі де бұл олардың соңғы кездесуі, соңғы құшақтары екенін кім білген дейсіз?..  Қайран Өмір! Сұм тағдыр!

Мінекей, ауылының қарасы да көрінді. Үйдің алдынан түсуге жүрексініп, арғы көшеден асып барып көлікті тоқтатты. "Əке" деген үш əріпті қадірлі қымбат асқар тауы алдымнан шықса екен деген оймен өзін өзі сүйреп келеді, тіпті аяқ-қолы да жансызданғандай, тəні санасына бағынбай келеді. Қанша мойындағысы келмесе де, бəрі түсінікті еді. Үш жыл бойы сəл нəрсеге ренжісіп, туыстық қарым-қатынасын үзген "ағайынсымағы", кіріп -шығып жүрген көрші-көлем,  аула ішіндегі қазандық, ашық тұрған қақпа мен есіктерді көріп, көңілі құлазып, үйге жүрегін ұстап кірді. Айна, теледидардың беті жабық, əр бөлмеге төсеніш жайылған, кіре берістегі  табалдырыққа сұлық етіп құлап:  "Мен келдім, Əке!  Қайдасың, неге əдетіңше жүгіріп, мені қарсы алмайсың, құшақтамайсың ба, əкееееее. .." деген бойы еңіреп қоя берді.

Қонақ бөлме жағынан анасының жылаған даусын естіп,  қасына барып: "Əкем, маған мені тастамаймын деп уəде беріп еді ғой. Мама, сенбеймін, сенгім келмейді. Бұл бір қорқынышты түс қой, түс деп айтшы, түс қой, иә?! Ұйқымнан оятыңдаршы мені. Мен ондай түс көргім келмейді. Өтірік,  өтірік деңдерші.  Əкемді қайтарыңдар. Маған әке керек, естисіңдер ме? Əке керек..." деп жұлқынып, жұбатқан аға- апаларын итеріп, жерді теуіп, бар даусын шығарып, əкесін шақырып жатты, Əттең еңірегенімен бəрі кеш еді. Əңгімелесіп отырған жерінде басым айналып барады деп тілін кəлимаға келтіріп, басын жастыққа қойып "Бисмилля" деген күйі тілге келмей жүріп кеткен əкесін Анар соншалықты көргісі келді.

Каримолла Ғайсин,

Бөкей ордасы ауданы

зейнеткер,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале