22.01.2024, 16:15
Оқылды: 46

Семғали Ақжігітовтің туғанына 100 жыл толады

Биыл республикаға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы саласының қызметкері Семғали Ақжігітовтің туғанына 100 жыл толады.

38e0b416-8518-4e32-9b73-0416ddc678d8

Семғали ата шыққан еңбек шыңы өз елінің игілігіне мұра болып келеді. Болашақта да өнегелі өмір иесі салған өркенді іс қанаты кеңге жайылып, қай уақытта болмасын еңбекпен келген бақыт баянды болатыны белгілі. Соғыс және еңбек ардагері Семғали Жұлдызұлы 1924 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келді. Оған заман ауыртпалығы балалықтың бал дәуірін бастан кешуге мүмкіндік бермеді. Он төрт жасқа толар-толмастан жұмысқа орналасуға тура келді. Еңбек жолын Саратов облысы, Озинки ауданындағы кеңшарда есепшіліктен бастады. 1940 жылы облыстық ұжымшаршылар мектебін бітірген соң ауданда зоотехник болып жұмыс істеді. Бұдан әрі жас жігіт Кеңес әскерінің сапында болып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеді. Ауылға оралғаннан кейін мал бақты. Жұмысқа тындырымды, белсенді, тапқыр Семғали ата үлкен беделге ие болып, Каменка аудандық атқару комитетінің хатшылығына тағайындалды. 1960 жылдары осы ауданның Қазақ ССР-ның 40 жылдығы атындағы кеңшарда партия ұйымын басқарды. Семғали Жұлдызұлының қалған өмірі Крупская атындағы кеңшармен тығыз байланысты. Осы шаруашылықты басқарған жиырма жыл (1962-1982 жылдары) ішінде оның экономикалық, мәдени өркендеуіне жан-жақты үлес қосты. Мал басы өсті, өнімділігі артты, құрылыс қарқынды дамыды, еңбекшілердің әл-ауқаты жақсарды. Кеңшар малын өсіру жолында елеулі үлес қосты. Еңбекқор ер шаруашылықты басқарған жылдары кеңшар ауыл шаруашылығы өнімдерін алуда ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Сол кездері ірі қара 2600-2700, қой 34-35 000, жылқы 1100-1200 бас болды. Мектеп, мәдениет үйі, балалар бақшасы, ФАП және көптеген тұрғын үй салынды. Еңбегі бағаланып, ауылдың орталық көшесіне осы кісінің есімі берілген. Семғали Ақжігітовтің жемісті жұмысын әділ бағалап, оған Республика Жоғары Кеңесі Президиумы «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері» атағын берді. Сондай-ақ Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Ел алдындағы еселі еңбегі ескеріліп, Семғали Жұлдызұлына «Тасқала ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Семғали ата еңбектің тамаша үлгісін көрсетті. Еліне адал еңбек етіп, халқынан жанының жылуын аямаған, ар-ұят, жауапкершілік пен адамгершілік, талап пен тәртіп қанына сіңген, қиындығы да абыройы мол өмір жолынан өткен Семғали Жұлдызұлы 1982 жылы дүние салды.

 Болат Бек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале