Мемлекет басшысының тапсырмаларының жергілікті жерде жүзеге асырылу барысын бақылау мақсатында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова жұмыс сапарымен Казталов ауданына келді.

Сапар барысында Сенат депутаттары Қоныс елді мекеніндегі 60 орындық жалпы орта білім беретін мектептің және аудан орталығындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлерде шағын жинақты мектептердің әлеуетін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған сәйкес, ауылдарда білім беру сапасын арттыру, кадр тарту мақсатында жаңа мектептер бой көтеруде. Соңғы төрт жылда Казталов ауданында бес жаңа мектеп пайдалануға берілсе, соның бірі – Қоныс ауылындағы 60 орындық жалпы орта білім беретін мектеп.

Аталған елді мекенде соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы жанданып, 12 жаңа тұрғын үй салынды. Соның нәтижесінде ауылдағы бала саны артып, қазіргі таңда жаңа білім ордасында 83 оқушы білім алуда. Мектепте жалпы 50 қызметкер еңбек етсе, оның 29-ы – педагогтер. Халық қалаулылары жаңа мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, ауылдық жерлерде білім сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, Сенат депутаттары аудан орталығындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты. Аталған нысанның іргесі өткен ғасырдың 60-жылдары қаланған. 2022 жылы ғимарат апатты деп танылған. Қазіргі таңда бөлімде 18 қызметкер еңбек етуде. Материалдық-техникалық базасында 4 өрт сөндіру автокөлігі, 1 УАЗ автокөлігі, 1 тіркемелі мотопомпа және 1 үрмелі қайық бар. 2025 жылы бөлім мамандары келіп түскен 88 хабарлама бойынша қызмет көрсеткен, оның 32-сі өрт оқиғаларына қатысты.
Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы жаңа өрт сөндіру депосын салуға жеке инвестор ниет білдіріп отырғанын және жерді аукцион арқылы алғанын, қазіргі таңда сатып алуға қаражаттың мәселесі бар екенін айтты.
Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы