7.05.2021, 12:07
Оқылды: 43

Сенаторлар – Жаңақала ауданында

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нариман Төреғалиев, Ләззат Рысбекова және облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева арнайы жұмыс сапарымен Жаңақала ауданында болды.

40785BF7-22CA-4EE7-B357-B4F4B44A2C31

Сенат депутаттары ең алдымен Мәстексай ауылдық округінің аумағындағы орналасқан Жалғызқұдық қыстағы маңында жергілікті шаруалармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Кездесуде аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин ауданның ахуалын баяндап, су тапшылығы мен киік мәселесі аудан шаруаларын әбігерге салған, аса алаңдатып тұрған, шешімін табуы қажет маңызды түйткіл екенін жеткізді. Ал шаруа қожалық басшысы Талғат Бәйкенов соңғы жылдары далада киіктің шамадан тыс көбейіп кетуіне байланысты оның жайылымға зардабы тиіп жатқанын мәлімдеп, күйіп тұрған мәселені қаузады. Сондай-ақ басқа да қожалық басшылары мен ауыл тұрғындары қуаңшылықтың салдарынан мал азығы қымбаттағанын, су тапшылығын, мал азығын алуға субсидия керектігін тілге тиек етті.

E517E1EF-E604-410A-AB69-E4C93A3EA5F8

- Біз осы өңірдің азаматтары болған соң халықпен, облыс басшылығымен тығыз байланыстамыз. Сапарымыздың басты мақсаты – қабылданып жатқан заңдардың жергілікті жерлерде қалай жүзеге асып жатқандығын және мемлекеттік бағдарламалар, мемлекеттік қаржы есебінен атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылау. Сонымен бірге заңдардың орындалуында қандай да бір кедергілер болса назарға ала отырып, тиісті шараларды қолға алу. Өңірдегі түйткілді мәселелер де басты назарда. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарына бөлінген қаржыға алынатын су көлемінің аздығын негізге ала отырып, қосымша қаржы бөлу үшін Үкіметке арнайы депутаттық сауал жолдадық. Қазіргі таңда 2021 жылдың бюджеті нақтыланып жатыр. Ал көрші елден су тарту мәселесіне қатысты құжат та мәжілістің қарауында. Сұралған қаржы бөлінгенімен шаруа қожалықтары, жергілікті аудан тұрғындары «Судың да сұрауы бар» екендігін ескеріп, тиімді пайдаланса екен дейміз. Сондай-ақ киік мәселесінің де бір шешімі табуы үшін қаперге алып, жүйелі жұмыстанатын боламын, - деді шаруалардың жанайқайын мұқият тыңдаған Нариман Төреғалиев.

9CA8B627-06E6-48CA-8499-7F6855F5A071

Одан әрі халық қалаулылары аудан орталығындағы «Техно Сила», «Стройбаза» сауда үйлеріне аялдады. Сенаторлар аудан кәсіпкерлерінің жеткен жетістігіне ризашылық білдіріп, толағай табыс, саудаларына береке тіледі.

Мұнан кейін лауазымды тұлғалар рухани орталықта болып, жергілікті зиялы қауым өкілдерімен жүздесті. Сонымен қатар Н.Төреғалиев Жаңақала ауданының құрметі азаматы Закария Сисенғалиға «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» төсбелгісін табыстап, жүрекжарды лебізін білдірді. Артынша Халық қалаулылары Жаңақала колледжіне ат басын бұрып, «Жас маман» бағдарламасы аясында жабдықталған құрылғылармен, «Жолаушы жол» ЖШС-нің жұмысымен толыққанды танысып, мән-жайға қанықты. Депутаттар кәсіптік білім саласындағы жетістіктермен қоса, кейбір  проблемаларды шешу жөніндегі ұсыныстарын айтты.

17C4025C-F581-41D4-B53C-AE05C62145EC

Бұдан соң Қызылоба ауылдық округіне қарасты «Хафиз» шаруа қожалығында болып, аудандық мәслихат депутаты Бекболат Жағыпаров басқаратын қожалықтың тыныс-тіршілігімен, жаңбырлатқыш құрылғылармен суарылатын көп жылдық екпе шөптер егу барысымен танысты. Бұл жерде де шаруа қожалық басшылары өздерін толғандырған мәселелерін ашық айтты.

Қос сенатор да қозғалған мәселелердің ауқымы, әсіресе облысымыздың оңтүстік аудандарындағы ахуалды ескеріп, кейбір мәселенің оң шешімін табуына атсалысатындарын жеткізді. Олар айтылған мәселелердің облыс көлемінде шешілу керектігін де атап өтті. Нақтырақ айтар болсақ, көрші елден келетін судың көлемі, ақбөкендердің даланы иемденуі, жолдың жыры оңтүстік аудандардың күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Ал су мәселесіне сенатор Нариман Төреғалиұлы да «БҚО-ның оңтүстік аудандарына РФ облыстарынан Еділдің суын қажетті көлемде алуға кететін шығындарды өтеу үшін бөлінетін қаражатты көбейту мәселесі туралы» депутаттық сауал жолдап өз үлесін қосқан еді. Сенаторлар кездесу барысында қойылған сауалдарға толығымен жауап беріп, сайлаушыларға үміт артып, сеніммен қарағаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

   zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале