Бөрлі ауданында санитарлық-тазалық айлығы 8-ші сәуірде басталды. Тазалық жұмысына мекеме мен бөлімдер, ірілі-ұсақты кәсіпорын жұмысшылары мен белсенді жастар, қала тұрғындары да бір кісідей атсалысты.
Жыл сайын сенбілік өткізу – бұл қаламызды тазалап, көркейтуге бағытталған жыл сайынғы тамаша дәстүр. Өз қаламызды қолымызбен ретке келтіріп, оған сүйіспеншілік пен құрметімізді көрсету барлығының көңілінен шығатын іс. Дегенмен қазіргі су тасқынына қарсы шараларға байланысты, аудандағы көшелерді күтіп ұстауға жауапты мердігерлер мен ірілі-ұсақты компаниялардың техникалары сенбілік жұмысына толық кірісе қойған жоқ.
Өткен сенбілік нәтижесінде қаладағы ағаштар әктеліп, шөп-шалам тырмаланып, арық-атыздар күл-қоқыстан тазартылды. Ақсай қаласы әкімдігінің мамандары алдағы сенбіліктерде қала бойынша терек отырғызылып, қала көшелерін көркейту және көгалдандыру бағытында жұмыс жүргізілетінін айтады. Ал тазалыққа мән бермейтін тұрғындар мен бизнес өкілдеріне әкімшілік жаза көзделіп отыр. Қала әкімдігі мен жергілікті полиция қызметкерлерінің тексерісі кезінде тазалыққа немқұрайлы қараған жеке сектор мен бизнес нысан қожайындарына хаттама толтырады.
- Биыл санитарлық тазалық айы Ақсай қаласы бойынша 8 сәуірінен басталады. Мемлекеттік ұйымдарының қызметкерлері белгіленген орындар бойынша тазалық жұмысын бастап келеді. Қаламыздың кәсіпорындарын, кәсіпкерлерді, ПИК (КСК), жеке үйлердің түрғындарын өздерінің аумағын тазалауға шақырамыз. Белсенді азаматтар, еріктілер қала тазалығына өз үлестерін қосуға ниет білдірген жағдайда бірлесіп жұмыстануға дайынбыз. Сенбіліктер туралы ақпарат 41-993, 41-994 арқылы және біздің әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы білуге болады, - дейді Ақсай қаласы әкімдігінің бас маманы Ұлғаным Мұхитова.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz