6.08.2020, 12:06
Оқылды: 51

Сенделген жас. Босаған бөтелке. Ел ертеңі не болмақ?

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде жұмыссыздық мәселесі өзектілігін жойған емес. Қаншама зауыттар мен фабрикалар ашылып, мыңдаған адамға жұмыс орындары табылады деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, бәрі құр сөз күйінде қалып отыр.

CECC77D6-648F-4AB5-A225-6E85DB42268D

Соның ішінде жастардың жұмыс табуы өте-мөте қиын. Мемлекет «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын, «Дипломмен ауылға» яки «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын ойлап тапқанымен, оның тиімділігі бар деп тағы айта алмаймыз.

Мысалы, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында еліміздің барлық облыстары мен аудан орталықтарында жұмыспен қамту орталықтары ашылып, жастарға бос жұмыс орындарын ұсына бастады. Алайда аталмыш бағдарлама арқылы екі қолға бір күрек тапқан жас мамандардың жалақысы  30-50 мың теңгенің көлемінде бекітілген. Бұл жалақыға қазіргі нарықтың әлеуетін байқап-бағамдап отырсақ, қай жас келісімін береді. Сондықтан жастардың көпшілігі бағдарлама бойынша қызмет етуден бас тартып, өздігінше жұмыс іздеуге тырысады.

B6C433E4-2F9D-4939-8D0D-C9FD2DAA5149

«Жастар тәжірибесіне» қатысатын жас мамандардың еңбекақысы республикалық бюджеттен төленеді. Аталмыш бағдарлама бойынша 6 ай қызмет ететін жас мамандарға ай сайын 50-60 мың теңге көлемінде жалақы беріледі екен. Бұл бағдарлама жас мамандардың жұмыс тәжірибесіне қатысты мәселесін шешуге үлкен көмегін тигізетіні анық. Өткен жылы Теректі ауданында 127 жас «Жастар тәжірибесіне» жолданып, соның жартысы тұрақты жұмыс тапқан. Алайда төленетін қаражаттың аз екендігі тағы кедергі болып шығады.

Ал «Дипломмен ауылға»  бағдарламасының мақсаты - жұмыссыз жастарға бастысы жұмыс табу болатын. Олардың қала немесе ауыл деп таңдауға мүмкіндіктері болған жоқ. Ең бастысы, екі қолға бір күрек табылды деп қуанды. Сонымен қатар мемлекеттің көрсетіп отырған қолдауына ие болу үшін бағдарлама бойынша ауылға жол тартқан дипломы бар жастар да кездескен еді. Кейін мұндай жастардың қатары күрт кеміп, тіпті келісімшартты бұзған жас мамандар да табыла бастады. Қалай десек те, ауылға барған жастардың алған білімі бойынша жетістікке қол жеткізіп, кәсіп көзін ашқаны көп кезікпейді. Бүгінде қала жастарының көпшілігі жұмыссыз жүрсе де, бұл бағдарлама бойынша ауылды жерлерге баруға ниеттілер қатары сиреп барады.

Сонда, жұмыссыз жастардың саны артып жатқандығына не себеп? Жастардың жұмыссыз қалуына кім кінәлі? Әлде жастардың жұмыссыздығына олардың жалқаулығы әсер ете ме?

Себеп көп. Солардың қатарында ең әуелі жоғары оқу орындарының нарық талабына сай маман даярлай алмауы, мамандарды әзірлеу үшін онда қажетті инфрақұрылымдардың болмауы, жұмыс берушілердің жас мамандарды жылы қабылдамайтындығы аталатыны анық. Бұл бүгінгі қоғамда айқын көрініс тауып отыр. Оны ешкім жасыра алмайды. «Диплом бар, жұмыс жоқ». Қазір жұмыссыз жүрген жастардан тек осындай жауап алуға болады. Жоғары оқу орнын аяқтап, қолына дипломын алған көптеген жас маманның жұмыссыздық мәселесімен бетпе-бет келетіні жасырын емес. Жоғары оқу орнын бітірген түлектерді ешқандай жұмыс беруші құшақ жая қарсы алмайтындығы тағы бар. Ал кейбір мамандар жоғары білімді жастардың жұмыссыздығын олардың мамандықты дұрыс таңдамауымен байланыстырады. Яғни, сұранысқа ие мамандықтардан гөрі бүгінгі күннің «сәнге» айналған мамандықтарын таңдауға тырысады. Ауыл шаруашылығы, техникалық салаларда, медицинада мамандар тапшылығының сезіліп жүргеніне біраз уақыт болды. Алайда бұл олқылықтың орнын толтыратын жас мамандар әлі күнге дейін табылмай тұр. Түлектердің басым бөлігі мұндай салаларды таңдаудан бас тартып жүргенін өкінішпен айтуға тиіспіз. Ең сорақысы, жұмыс істеуге ниет білдірген, университетті енді ғана аяқтаған жас мамандардан жұмыс берушілер бірнеше жылдық тәжірибе талап етеді. Дипломын бүгін ғана қолына алған маманда қандай еңбек тәжірибесі болуы мүмкін?! Демек, жастарға тәжірибе жинақтау үшін студент кезінен бастап мамандық бойынша қызметке араласуы қажет. Бірақ тәжірибелі маман іздейтін жұмыс берушілердің студенттерді қызметке қабылдауы тағы екіталай.

Міне, содан меселі қайтқан жас құр жүріс һәм бос қыдырысты құп көреді. 2019 жылғы жағдай бойынша, 15-тен 28 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар арасында 31,4 мыңнан астам адамның, немесе 37,1%-ының, жоғары білімі бар. Олардың  саны бір жылда 6,9%-ға артқан.

Жастар арасындағы жұмыссыздық, болашақтан күдер үзу әлеуметтік толқуларға себеп болуы ықтимал. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерін шалып өткен «араб көктеміндегі» толқуларға да осы жағдай себеп болғаны баршаңызға мәлім. Қоғамда ішкіліктің көбеюі, жасөспірімдер арасында қылмыстың жиі орын алуы «жұмысы жоқтық, тамағы тоқтықтың» салдары.

Осы орайда Теректі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Нұрсәуле Аткееваның пікірін  тыңдап көрдік.

- Ескі жастар төлқұжаты бойынша (қыркүйек айында жастар төлқұжаты жаңартылып отырады) ауданда 8160 жас бар. Жыл басында ауылдағы әріптестерімізбен бірігіп жұмыссыз жастар санын анықтадық, қазір бізде жұмыссыз ретінде 184 жас тіркелген. Ағымдағы жылы 138 жас тұрақты жұмысқа орналасса, 47 жас «Жастар тәжірибесіне» жолданды. Бағдарлама  бойынша түсінік жұмыстарын жүргізудеміз. Карантинге байланысты 6 рет онлайн ақпараттық эфирлер өткіздік. Әріптестерім жұмыссыз жастардың үйлерін аралауда, орталықтағы мамандар 2 мәрте Подстепный ауылында үйлерді аралап, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірді. Жазғы уақытта биыл жастарды құрылыс жасағына тарттық, 18 жас Подстепный ауылындағы жол құрылысы мен Долин ауылындағы мектептің күрделі жөндеу құрылысында жұмыс жасауда. Жыл сайын 50 жасты "Жасыл ел" қатарына қабылдайтынбыз, биыл өкінішке орай орман шаруашылығына аталмыш бағдарламаға қаржы бөлінбеді,-дейді Нұрсәуле Нұрланқызы.

Жастармен тікелей жұмыс жасайтын маманның айтуынша, ауданда ахуал тұрақты. Жұмыссыздық деп дабыра салатындай мәселе жоқтай көрінеді. Бірақ аудан орталығын кешкісін аралап көрсеңіз, әр бұрышта құр бос сенделіп жүрген жасқа кезігесің. Күні бойы үйден шықпай, кеш болса көше кезетін заман емесін білсек те, көрген көзде жазық жоқ. Ешкімнен қымсынбай саябақта сыра ішіп, ащы күлкі мен орынсыз ыржаңға «әй дейтін әже, қой дейтін қожаның» жоқтығы анық байқалады. Сенделген жас, бос қалған бөтелкені көріп, елдің ертеңі не болмақ осы деген ойға қаламыз.

Әділет Орынбасарұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале