Алдымызда мың айдан да қайырлы һәм қасиетті Рамазан айы. Осы айдың қарсаңында ауданымызға Нұр-Мүбәрак университетінің докторанты, теолог маман Серік Қажымұқанұлы келген болатын. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог маманы Дулат Арманұлы сұхбат алған екен. Соны жазып алып, оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көрдік.
- Рамазан айы – күллі мұсылман ауыз бекітетін қасиетті ай. Осы айда жаназадағы садақа, мүшел жасқа толғанда берілетін садақа және сол сияқты садақа дастарқандары түскі уақытта беріледі? Соларды қай уақытқа беру керек?
- Ассалаумағалейкүм уә рәхметуллаһи уә бәрәкәтуһ! Құрметті оқырмандар! Өздеріңізге белгілі Рамазан айы қасиетті айлардың бірі болып табылады. Рәджәб айы – Алла тағаланың айы, Шағбан - пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айы, ал Рамазан – мұсылмандардың айы. Бұл айларды сахабалар (Алла олардан разы болсын) 6 ай бойы күтіп алып, 6 ай бойы шығарып салатын болған. Рамазан айын ықыласпен қарсы алып, құлшылықтарды ықыласпен орындап, шығарып салудың өзі үлкен ғанибет. Бұл ай мұсылман адамдарға күнәларының кешірілуіне берілген үлкен мүмкіндік. Рамазан сөзін араб тілінен аударған кезде «өшіру», «күйдіріп жіберу» деген мағынаны білдіреді. Бұдан шығатын қорытынды Рамазан өткен және алдыңғы күнәларды кешіруші ай болып есептеледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с: «Кімде-кім ықыласпен және сауаптан үміт етіп ораза ұстайтын болса, ол адамның бұрынғы және алдыңғы күнәлары кешіріледі» дейді. Рамазан - Алланың мейіріміне бөленетін және жәннатына себеп болатын ай. Ораза кезінде ауыз беріктікке қарамастан түскі мезгілде ас беру қоғамда өте өзекті. Қай кезде ас беріп, садақа жария немесе садақа құпия берсеңіз де ешқандай мәселесі жоқ. Рамазан айының құрметіне қандай садақа дастарқаны болсын ауызашар уақытына келтірілгені дұрыс болады. Неге? Себебі «бір оқпен екі қоянды» атасыздар. Қайтыс болған адамның садақасына сойылған малдың сауабы сол кісінің атына барады, бұл бір. Екіншіден ораза кезінде жасалған жақсылықтар 10-нан 700 есеге дейін беріледі. Жай кезде Құран оқитын болсаңыз әр әрпіне 10 сауап берілсе, ораза кезінде ықыласпен Құран оқысаңыз 700 есеге дейін сауап бар. Қайтыс болған адамға мал сойып, оны Алла разылығы үшін садақа етіп берсе 700 қой сойғанмен бірдей сауап алсаңыз, оның үстіне ауызашар уақытына келтірсеңіз ауызашар бергеннің де сауабын қоса аласыз. Ауызашар берген адам ораза ұстағандай сауап алады екен. Рамазан айында ауызашар уақытында садақа берген адам сол жерде қанша адам болса, сонша адамның ауызын аштырғанның сауабын алады. Бұл жерде Алла тағаланың шексіз мейірімін көреміз. Сондықтан ораза кезінде барлық садақа дастарқанын ауызашарға реттеген дұрыс.
- Рамазан айында арақ-шарап сынды қатаң тыйым салынған заттарды сатпау жөнінде айтып өтсеңіз.
- Құран кәрімде Алла тағала басты айналдыратын арақ-шараптың бәріне тыйым салған. Арақтың арты жақсылыққа апармайтынын өмірлік тәжірибеден де көріп жүрміз. Неше түрлі қылмыстар, келеңсіз оқиғалардың себебі арақ болып жатады. Темекі, насыбай сынды зиянды нәрселерден де аулақ болған жөн. Енді дүкендерде осыларды сату мәселесіне келейік. Тек қана Рамазан айында ғана емес, жалпы сатылуға болмайтын нәрселер негізінде. Кімде-кім арақ сатса, оны алған адам, әкеліп берген адам барлығы харамға жәрдемдескен болып саналады. Алланың мұсылмандарға сыйға тартқан айында құрметсіздік танытып, біле тұра қырсығып істейтін болсаңыз, яғни тыйым салынған заттарды сатсаңыз күнәңізді 700 есеге дейін еселеуі мүмкін. Негізі Алла тағала өте мейірімді. Бір бөтелке арақ сатсаңыз, соның ғана күнәсын жазады. Қасақана, қырсығып істейтін болса, күнәңді төмен қарай арттырып тастайды. Бұндай әркеттерді бұрын істеген адамдар болса, дереу тәубе етіп, Алладан кешірім сұрап, қайталамағаны ләзім. Біліп, естіп әрі қарай жасаған нашар ісін тоқтатпаса оның күнәсы ауыр.
- Ораза ұстау - мұсылмандарға парыз. Кейбір адамдар түрлі нәрселерді сылтаулатып жатады. Кімдерге ұстамауға болады?
- Жалпы, ораза дегеніміз нәпсіңді тыю деген сөз. Алла тағала бізге бір ай ораза ұстауды әмір етіп тұр. Ораза ұстау балиғат жасқа толған мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдерге парыз. Құранда Алла тағала «Егер ауырсаңдар немесе сапарда болсаңдар, басқа кезде өтеңдер» дейді. Адам қатты сырқаттанса немесе сапарда болса ораза ұстамаған күндерін артынан өтейді. Бір күн қаза қылса, ораза біткен соң артынан бір күн толтырып қою керек. Жұмыстары ауыр, шыжыған күннің астында еңбек етсе немесе ораза ұстай алмайтындай жағдайда жұмыс жасаса арнайы пәтуа керек. ҚМДБ арнайы пәтуасы болса, бір күнге бір күн оразаның қазасын өтеуге рұқсат етіледі. Біле тұра, жағдайыңыз келіп тұрып әдейі ауызыңызды ашып жіберсеңіз бір күнге алпыс күн ораза ұстайсыз. Сол себепті оразаны шама келсе қаза қылмаған дұрыс.
- Қадір түнінің ерекшелігі жайында айтып өтсеңіз?
- Қадір түніне байланысты қазір ақпарат өте көп. Ғылым мен технологияның дамыған заманында Қадір түнінің қыр-сырына әбден қанығуымызға болады. Алла тағала Құранды түсірген түн осы түн. Қадір түні мың айдан да қадірлі. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с бұл түнді оразаның соңғы он күнінен, соның ішінде тақ күндерден іздеңдер деген. Қадір түнінің белгілері де бізге белгілі. Сол түні таңға дейін жел де, ыстық та, суық та болмайды. Бұл түнді құр өткізіп алуға болмайды. Барынша дұғада болып, нәпіл намаздар оқыған абзал. Рамазан айының соңғы он күнінде мешітте түнеп құлшылық етуді иғтикаф деп атайды. Иғтикафға ниет еткен адам ықыласпен дұға етіп, құлшылық етуі керек.
- Кейбір адамдар оразаны басқаша қабылдап жатады. Арықтау үшін ұстайдындар да кездеседі. Бұл тұрғысында не айтасыз?
- Дін дегеніміз өте кең тақырып. Қазақ десе, түркі тілдес халықтарды елестеткенде ислам діні еске түседі. Алланың алдындағы ең ақиқат дін - ол ислам. Рамазан айын арықтаймын деп ұстаса ол адам соған жетеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с: «Амалдар ниетке байланысты» деген екен. Оразаның сауабын алу үшін оны ықыласпен Алла разылығы үшін ұстау керек. Ораза ұстаған адам екі түрлі нығыметке кенеледі. Осы дүниеде денсаулығын түзесе, арғы дүниесіне де қам жасайды яғни жәннаттық болуға мүмкіндігі бар. Ең бастысы ниетіміз түзеу болуы қажет.
Жазып алған Жанайдар Болатбекұлы