3.12.2025, 16:45
Оқылды: 13

Серік Тоқмамбетов: “Газет оқу мұғалімнің мәртебесін түсірмейді!”

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов ауылдық округ әкімдері және білім беру ұйымдарының басшыларымен жиналыс өткізді. Күн тәртібінде - білім саласы

f5e51561-abc9-4d7d-b8f7-c771ac4f223c

Серік Тоқмамбетовтың айтуынша, оқушылар мен педагогтардың қоғамдық - саяси өмірге араласуынан өздері де, қоғам да ұтады. Мұғалім тек өз ісінің кәсіби шебері емес, қоғамдық өмірдің қайраткеріне айналуы тиіс. Бұл жол кешегі Ыбырай, Ахметтерден қалған. Ағарту ісінің бел ортасында жүрген олар ел тағдырына әсер ететін тұлғаларға айналды.

Мектептің сыртындағы іс - шараларға қатысқан оқушының таным көкжиегі кеңейеді. Ел ішіндегі еңбек адамдарын балалар танып, құрметтеуі тиіс. Ал қоғамдық - саяси қызметтегі азаматтардың мансап жолы, жерлестердің спорт пен өнердегі табыстары, жеңіс оқиғалары жас буын үшін қызықты.

Жаңа оқу жылының алдында әкімдік тарапынан аудандық білім беру бөліміне мектептердің қоғамдағы орыны туралы мақалалар, эфирлер ұйымдастыру, танымал азаматтармен кездесулер өткізу тапсырылған. Бұл жұмыстарды дәстүрлі шараға айналдырған, былай айтқанда заманмен бірге “тыныстап тұрған” білім ұялары бар.

Жиналыста пікір алаңына шыққан негізгі тақырып - оқу мәдениеті.

Бүгінгі күні ауылдарда үйлер, мектепте оқушылар сирегені секілді, газет пен кітап та оқырман қатарын жұқартып алғаны рас.

Мерзімді баспа беттеріне жазылу, газет оқу ісін күн тәртібінен ысырып тастауға әсте болмайды. Оқудан қалған ұлт ертең ойланудан қалады. Әлеуметтік желі жедел, аясы шексіз. Бірақ, шексіз дүниенің ішінде шикі нәрсе де көп болатыны белгілі. Смартфон сипалау мен қағаз парақтаудың парқын саналы адам білер болар.

199056d0-a6a9-431b-971a-c42799e6461a

Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тимур Құбаев баяндама жасап, аудан халқын мерзімді баспасөз беттерімен қамту жұмысы басталғанын, газетті әсіресе ұрпақ тәрбиешілері - ұстаздардың үйіне жеткізу маңызды екенін айтты.

Себебі, газет оқыған мұғалімнің шәкірті де газет оқиды.

Басылым туралы аудан әкімінің орынбасарының да айтары бар.

Менің әкем Әнуар Қособаның аға шопаны болды. 1989 жылы 100 қойдан 130 қозы алған. Анам - қой қырқудан озат болған. Оны ескірген газет беттерінен оқыдым. Сол ескі газет көшірмесі қазір үйімнің төрінде тұр. Міне, қағаз басылымның өміршеңдігі. - деп өмірінің мысалымен бөліскен Тоқмамбетов мырза ойын:
Білім шырақшыларын газет оқуға шақырамын. Газет оқу мұғалімнің мәртебесін көтермесе, түсірмейді. - деп түйіндеді.

2026 жылдан бастап аудандық “Сырым елі” газетінің бетінде мектептердің тынысы туралы арнайы айдар ашылмақ. Ол жерде педагогтардың толғаныстары мен шәкірттердің табыстары жазылады. Бұл да - газетті қолдаушы қауымға құрметтің белгісі.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале