Бүгінгі таңда Бәйтерек ауданы бойынша бұқаралық спортпен 24 000 адам айналысады екен. Бұл шамамен бәйтеректіктердің 38%-ы. Ал спорт түрлерінен облыс аумағында ауданымыз спорттық бағдарлау мен волейболдан үздіктер қатарында.
Спорт рейтингі бойынша аудан – кестенің бел ортасында. Құзырлы құрылымдар тарапынан осынау көрсеткішті көтеру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күні екені белгілі. Соған орай ауданда спорт саласының дамуын, туындап жатқан мәселелерді назарға алған едік.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымдарының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуға тиіс. Бұл саламатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады» деп атап өткені белгілі. Сол себепті ауылдағы қарапайым халықтың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау – біздің міндет. Ауылдардағы спорт кешені болып мектептің спорт залы саналады. Олардың бәрі бірдей тұрғындарға қызмет етіп отыр деп айта алмаймыз. Қыркүйектен мамыр айына дейін оқу процесі жүреді. Ол уақытта мектепте сабақтың жай аяқталуына байланысты спорт залын қолданысқа беру қиынға түсетіні белгілі. Ал жаз кезінде жөндеу жұмысына байланысты спорт залы жабық тұрады.
Дегенмен Асан, Мичурин, Үлкен Шаған, аудан орталығындағы Камен мектептері басшылығының осы іске пейілді болуына орай бұл ауылдарда шешімін тауып келеді. Өкінішке қарай, мұндайлар санаулы ғана. Сол себепті бұл мәселені биыл да алдағы тамыз мәслихаты кеңесінде қарастыратын боламыз. Жалпы мектептің спорт залын пайдалану уақытша ғой. Алдағы уақытта әр ауылдық округ орталығында арнайы спорт ғимараты болатыны анық. Оған тек уақыт керек. Қазірдің өзіне ондай ауылдар бар. Мысалы, Бейбітшілік ауылында жергілікті «Асан ауыл» ЖШС ауыл тұрғындары үшін өз қаржысына спорт кешенін салып, пайдалануға бергені аян. Щапов ауылында, ауызекі тілмен айтқанда, 3/1 ғимарат, яғни мәдениет үйі, кітапхана және спорт залы бар нысан салынып жатыр. Дариянда дене шынықтыру және сауықтару кешенінің құрылысы жүруде. Одан бөлек «Қазақстан халқына» жобасы аясында Махамбет ауылында ангарлы түрдегі футбол ғимаратын, Байқоныста спорт кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ командалық спорттарға арналған зал және күрес түрлеріне байланысты бөлек бір зал салу ойда бар.
Біздің тарапымыздан тиісті құжаттар уақтылы тапсырылды. Биыл өңірімізде табиғат апаты болуы себепті бюджет қаражаты қайта қаралуда. Сол себепті сәл-пәл кешеуілдеуі мүмкін. Десе де жоспарда тұрған жобалар жүзеге асары анық. Аудан орталығындағы «Олимп» стадионын күрделі жөндеуден өткізу жоспарда тұр, - деді бізбен әңгімесінде «Бәйтерек» спорт клубының басшысы Серік Хайруллин.
Айта кету керек, ауданымыздың ауылдық округтерінде кей спорт түрлері жақсы дамып келеді. Мәселен, Дариянда гір тасын көтеру, қазақ күресі, Достықта бокс, Байқоныста садақ ату, шырға тарту (тазы жарысы), Чировта үстел теннисі, Раздольныйда велоспорт, Көшімде волейбол, тоғызқұмалақ, Янайкинде спорттық бағдарлау, жеңіл атлетика, Егіндібұлақта ұлттық спорт, Зеленыйда футбол, хоккей, Атамекенде қол күресі, Белесте каратэ қарқынды.
Ал аудан орталығында самбо, қазақ күресі, волейбол, баскетбол және шаңғы спорты мен спорттық бағдарлау, каратэ спорттарының бәсі биік.
Сала мамандары жетіспесе, спортты, соның ішінде бұқаралық спортты дамыту оңайға түспесі анық. Соған орай аудан басшылығының қолдауымен «Бәйтерек» спорт клубы жаттықтырушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ден қойғаны қуантады. Мәселен, Переметный, Дариян ауылдарына жұмысқа тұрған жас мамандарға «Otbasy bank» қолдауымен пәтер берілу ісі жолға қойылуда.
Екіншіден, жалақы ҚР Туризм және спорт министрлігінің жергілікті құрылымдары тағайындаған нормасы арқылы төленеді. Яғни қомақты еңбекақы алу жаттықтырушының өзіне байланысты. Мысалы, оның тәрбиеленушісі республикалық, әлемдік деңгейдегі жетістіктерге жетсе, оған қосымша үстемақы төленеді. Бүгінде ауданымыздағы ауылдық округтердің 95%-ы спорт әдіскерлерімен қамтылған. Қалып тұрғаны Құрманғазы, Чиров ауылдары екен.
– Ауданымызда кейбір ұлттық спорт түрлерінің дамуы баяулау. Әсіресе аударыспақ, көкпар кенжелеп қалды. Егер қаржылық қолдау болса, оларды қатарға қосу қиын емес. Мысалы, көкпарға машықтанған жақсы жылқыны сатып алу үшін кем дегенде 4-5 млн теңге қаражат керек. Алған соң біреуін емес, командаға деп есептеп 12-13 жылқы сатып алуға тура келеді. Сонымен қатар олардың күтіміне де көп қаражат кетеді. Егер бұл жағынан қолдайтын кәсіпкерлер болса, біз де қолымыздан келгенін аянбаймыз. Ал ат бәйгесі спорты туралы ауыз толтырып айтуға болады. Оған Жасұлан Көбеев сынды жеке кәсіпкерлердің де қосып жатқан үлесі зор. Жалпы, бәйге де көп қаражатты қажет ететін спорт түрі.
Сонымен бірге оған кез келген адам қатыса алмайды. Байқоныстағы Нұрлан Мұхтаров құмай тазы спортын алға бастыру үшін еңбектеніп жүр. Тоғызқұмалақ ойыны да ерекше дамуда. Үлкен Шаған ауылының оқушысы Мөлдір Батуллина – Қазақстан кубогының күміс жүлдегері. Садақ ату спорты да біртіндеп қарқын алып келеді. Таяуда арнайы сертификатталған қазақы берен күртешелер сатып алынып, қазақ күресі бойынша секциялар бар Байқоныс, Үлкен Шаған, Дариян, Переметный ауылдарына берілді.
Сондай-ақ стандартқа сай тоғызқұмалақ тақтайшалары ауылдарға жеткізілді. Спортта жүргесін адам бойындағы әділдік, тазалық, шыншылдық, еңбекқорлық қасиеттерін бағалаймын. Мамандарды жұмысқа алу барысында да осы қасиеттерге сай болуын қадағалаймыз. Болашақта аудан спортын облыста алдыңғы қатарға енгізіп, әлем, Азия чемпиондарын дайындай отырып, Олимпиадада өнер көрсететін спортшылар біздің де ауданнан шығатынына сенім мол, - деді Серік Құрманғазыұлы.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы