Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Бәйтерек ауданындағы «Арыстанов» шаруа қожалығында салынып жатқан тауарлы сүт фермасының құрылысымен де танысты.
Белес ауылдық округінде орналасқан аталмыш шаруашылық 400 бас ірі қараға арналған ферма құрылысын былтыр басталған еді. Бүгінде ол тоқсан пайызға дайын. Қожалық жетекішісі Әзілхан Арыстановтың сөзіне қарағанда, жоба бойынша үш ғимарат салу жоспарланды. Негізгісі – мал қора толық дайын деуге болады, қазір сиырдың бәрі осында тұр. Ал мал төлдейтін, сауылатын блок болып саналатын екінші ғимаратта жылу, жарық желілерін тарту, қажетті құрылғыларды орнату жұмыстары жүруде. Енді бұзауларға арналған шағын қора салынады. Бұйыртса шілде айында барлық құрылыс жұмыстары аяқталмақшы.
Қожалық өткен жылы Алманиядан 99 бас голштейн сиырын әкелген. Қазіргі таңда олар төлдеп, әрбірінен тәулігіне 20 литрдей сүт өндірілуде. Ол сүт шаруашылықтың Мичурин ауылындағы цехына жіберіледі. Цехта әзірге айран, йогурд, қаймақ, май, сүзбенің бірнеше түрлері шығарылып, өнімдер облыс орталығындағы, ауылдардағы дүкендерде сатылуда.
Әзілхан Жолдығалиұлының сөзіне қарағанда, биыл олар шетелден 200 бас асыл мал әкелгісі келіп отыр. Алайда Еуропа мен Ресейдің арасындағы шекараның жабық болуына байланысты мал жеткізе алмауда.
-Бұл мәселе тез сізде емес, еліміз бойынша 30 шақты шаруашылықта туындап отыр. Айта кетейін, Еуропаның Алмания, Венгрияда, Словения секілді біраз мемлекетінде аусыл ауруының шығуына байланысты ресейліктер Кәрі құрлық елдерінен мал тасымалдауға тыйым салған болатын. Алманияда бұл бағытта қажетті ветеренариялық іс-шараларды толықтай жүргізіліп, тиісті каранатиндік мерзімді аяқтады, ол арнайы халықаралық жүйемен мақұлданды. Енді ресейліктер тарапынан шектеу жойылса, неміс елімен арадағы тасымал қайта жанданады деп ойлаймын. Осы аптада ресейлік әріптестерімен хабарласуым керек. Сонда бұл мәселені айтып, транзиттік жолды барынша тезірек ашу жөнінде көмек сұраймын,-деді Аманғали Бейсенбайұлы.Сүт тауырлы фермасына қатысты тағы бір өзекті мәселе – маман тапшылығы. Мұнда ветеренар, малшы, сауыншы, механизатор, жүргізуші сынды он шақты адам керек. Хабарландыру берілгенімен хабарласып жатқан адам жоқ. Жалақы 200-300 мың теңгенің шамасында. Белесте оларға арналған екі қызметтік үй бар.
Министрдің орынбасары асыл тұқымды сүтті сиылардың өнімі жем-шөппен тікелей байланысты екенін айтып, мал рационын сауатты жасай білетін маман табуға кеңес берді. Сүт фермасының штатында агроном мен технологтың болғаны жөн. Еліміздегі кейбір шаруашылықтар осындай мамандарға мән бермеуі салдарынан опық жеуде. Мысалы біреулерінде өнімділік төмен болса, екіншілерінің малдары өлді. Сол себепті оған жол бермеу керек.
-Мен осында былтыр келген едім. Ол кезде бір ғана ғимарат салынып жатқан. Қазір екі бірдей еңселі ғимаратты, біріншісінің ішінде мал сауылып жатқанын, екіншісінде ішкі жұмыстардың аяқтала келгенін, алынған құрал-жабдықтарды көріп, көңілім толып тұр. Міне, жұмыс осылай жасалу керек. Мемлекеттің артқан сенімі ақталуда. Шаруашылық жетекшісінің іскерлік ниетіне де риза болдым. Бұйыртса келесі келгенімде туындаған мәселелер шешіліп, барлық ғимараттар салынған, қажет құрал-жабдықтар орнатылған, мамандармен қамтылған, айналасы қоршалған, асфальт жол төселген, жасыл желекке көмкерілген, толыққанды жұмыс жасап тұрған ферманы көремін деп ойлаймын,-деген вице-министр осынау шаруашылықтың өнімдерін алдағы уақытта республика көлемінде болатын ауыл шаруашылығы көрмелеріне әкелу жөнінде облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовке ұсыныс та жасады.
Аудан әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиев Бәйтеректе «Терра Ақжайық» мал бордақылау кешені мен осынау сүт тауарлы фермасының ашылуы аудан әлеуетін артыра түсетінін атап өтіп, бәйтеректік шаруаларды қолдауы үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс басшылығына ризашылығын жеткізді.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы