18.06.2021, 12:02
Оқылды: 49

Сертіне берік жаңақалалық Русланбек

Полиция қызметкері – қоғамдық тәртіптің басты сақшысы. Антына адал, сертіне берік полиция қызметкерлері халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін уақытпен санаспай, қалтқысыз еңбек етуде. Елінің тыныштығын сақтауда қызметінің қыр-сырын жетік меңгеріп, абзал істерімен, адамдық болмысымен әріптестері арасында бедел-абыройға ие болып жүрген сақшылар аз емес.

Рус

Осындай қажыр-қайратты қажет ететін мамандыққа өмірін арнап жүрген жанның бірі – Русланбек Жолаев. Ол 1988 жылы 1 сәуірде Жаңақала ауданында дүниеге келген. Аудандағы жалпы орта білім беретін мектепті тәмамдаған соң, 2006 жылы Көкшетау қаласындағы 6637 әскери бөлімде әскери борышын өтейді. Әскерден келген соң Атырау қаласында алты ай оқуда болып, 2008 жылы Жаңақала аудандық полиция бөлімінің «Мамандандырылған күзет қызметі» мекемесінде алғаш еңбек жолын бастайды. 2009 жылы уақытша ұстау изоляторында, 2012 жылы Көпжасар ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторы, 2018 жылы Жаңақала ауданында учаскелік полиция инспекторы, 2019 жылы Айдархан ауылдық округінде учаскелік инспектор болып жұмыс істейді. Еш тынбастан еңбек етіп 2021 жылы 30 сәуірде Жаңақала аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмаған істері жөніндегі инспекторы, полиция капитаны шенінде қызмет атқаруда. Ол өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды.

- Кез келген жұмыстың қиыншылығы болады. Өзім қалап келгеннен кейін, аса бір қиыншылығын көрдім деп айта алмаймын. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау иығыңа артылған үлкен жауапкершілік.  Әрине, жауапкершілік пен сенім бар жерде халықтың ойынан шығып жұмыс істеу тиімді болады. Бұл менің бала күнгі арманым еді. Арманымның орандалып, ел қауіпсіздігі жолында еңбек етіп жүргеніме қуанамын әрі мақтан тұтамын. Әр жас буын елінің даму жолына өз үлесін қосу үшін жұмыс істейтініне сенемін, - дейді полиция капитаны Русланбек Нұрболатұлы.

Әр мамандық өзінше қызық. Дегенмен ішкі істер органы қызметінің жұмысы жауапты әрі шыдамдылықты талап етеді. Қоғамдағы тәртіп пен ел тыныштығын қорғауды мақсат еткен тәртіп сақшыларының жұмысы қиынырақ. Ел тыныштығын сақтау жолында қиын да қауіпті мамандықты меңгерген қырағы сақшы қоғамдық тәртіптің өскелең ұрпаққа полиция қызметкері болу үшін қандай қағидаларды ұстану керегін жақсы біледі. Жақсылыққа ақ пейілі алып ұшып тұратын Русланбек Нұрболатұлы секілді ер азаматтарымыздың қатары осы салада көп болса, қоғамның да сақтығы бекем болмақ.

 

Ақсәуле Әлжан,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале