Бүгін Қаратөбе аудандық мәслихатының жетінші шақырылымдағы кезекті XVII сессиясы өтті.
Сессияның күн тәртібіне сай аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің және ауылдық округтер әкімдері Берікқали Мұса, Бағдат Зайнуллин, Бекболат Бақытжанов, Ермек Сайнов, Қанат Мұқанов, Қоныс Мұқанов, Самғат Зейнуллин, Эльдар Амантаевтың 2021 жылы атқарған жұмыстары тыңдалды.
Әкімдер ауданның негізгі бағыты ауыл шаруашылығынан бастап кәсіпкерлік, құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, әлеуметтік салалар бойынша жергілікті жерлерде жүзеге асырылған жұмыстарды баяндап, алда тұрған міндеттер мен жоспарлы жұмыстарға тоқталды.
Аудандық мәслихат депутаттары Айгүл Айтқалиева мен Гүлмира Тілеуғалиева әкімдердің жыл ішінде атқарған жұмыстарына оң бағаларын беріп, бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуы турасында өз ойларын ортаға салды. «Қаратөбе ауданының 2021 жылғы бюджетінің атқарылуы жөніндегі жылдық есебін бекіту туралы», сонымен қатар «Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт саласындағы мамандарға жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелерді белгілеу туралы» аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Берік Нұрмағамбетов хабарлама жасады.
Хабарламашы Берік Базарұлы бюджеттің кіріс, шығысының орындалуы, берешектердің уақытында кейін қайтарылуы, трансферттер мен субвенциялар турасында айтып, бюджет қаржысының тек көзделген мақсатқа ғана жұмсалуын ауыл әкімдерінің назарына салды.
Сессияға аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, аудан әкімі аппаратының басшысы Азамат Карменов, мекемелер мен бөлім басшылары қатысты.
Кезекті сессияны аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Меңдешов жүргізіп отырды.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz